Ұстаздар ұстаханасындағы мерейтой
Ұстаздар ұстаханасындағы мерейтой
710
оқылды
Шымкентте қасиетті ұстаздар ұстаханасы­ның қара­шаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің 85 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Іргетасы 1937 жылы қаланған, ғасырға жуық терең тарихымен Оңтүстік өңірінің білім қарашаңырағына айналған оқу ордасының мерейлі мерекесіне осында білім алған елге белгілі атақты жандар, қызмет жолын осынау университетпен ұштас­тырған танымал тұлғалар қатысты. Түркістан сарайында өткен сал­танатты шарада құттықтау сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жүрекжарды лебізін білдірді. Қала басшысы 1937 жылы мұғалімдер даярлайтын институт болып ашылған білім ордасы осы уақытқа дейін Шым­кент қаласымен бірге түрлі даму сатыларынан өтіп, бүгінде тарихы мен болашағы сабақтасып жат­қан заманауи, беделді уни­вер­ситетке айналып отырғанын жет­кізді. Оқу ордасының тари­хынан сыр шерткен шаһар басшысы бүгінде Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
«Халқымыз Әділетті Қазақстан, ашық әрі әділетті қоғамның төңі­регінде топтасуда. Осынау асқақ мақсатқа қол жеткізу үшін, ең алдымен, ұлт жаңа сапаға көтерілуі тиіс. Демек, ұлттық модерни­зацияның сәтті жүзеге асуы – отандық білім беру ісінің дамуына тікелей байланысты. Осы орайда, парасатты мемлекет құру жолында болашақ ұстаздарды даярлайтын беделді оқу орны ретінде ОҚМПУ ерекше рөл атқармақ», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Қала әкімі жұмысын жемісті атқарып жүрген универсиеттің бірқатар қызмет­керіне алғысхат табыс етті.
Мұнан соң құттықтаулар легін Қазақстан Республикасы Прези­денті кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жалғастырды. Ол Министр Сая­сат Нұрбектің құттықтау хатын жет­кізіп, білім және ғылым сала­сында адал да абыройлы еңбек етіп жүр­ген ұстаздар қауымын марапаттады. ОҚМПУ Шымкент Ал ОҚМПУ басқарма төраға­сы-ректор Гүлжан Сүгірбаева сту­денттер мен ұжымдастарды құт­тықтап, жоғары білімнің шежірелі қарашаңырағы саналатын оқу ордасының кешегі тарихы мен бүгінгі асулары жайлы баяндады. Шындық үшін күресіп жалынды жырларымен ұлт рухын оятқан ақиық ақын Мұхтар Шахановты ОҚМПУ «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕС­СОР», сондай-ақ оқу ордасын әр жылдары басқарған Әбдімәлік Әшіров, Оңалбек Жарылқасын, Оңалбай Аяшев сынды тұлғаларға «ҚҰРМЕТТІ РЕКТОР» атағымен марапаттады. Салтанатты жиын эстрада жұл­дыздарының концерттік бағ­дар­ламасына ұласты. Айтып өтейік, ОҚМПУ-да сту­денттердің білім алуына ыңғайлы жағдай жасалған. 3 оқу корпусы мен 4 студенттер үйі терапия кабинеттері, кітапхана мен оқу зал­дары және баспахана студент­терге тәулік бойы қызмет етуде. Университет түлектерінің жұмыс­пен қамтылу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Соңғы 3 жылда оқу ордасын бітірген түлектердің 95 пайызы жұмыспен қамтылған.

Н.САЙЛАУҚЫЗЫ, Шымкент қаласы