«Халқымыз Әділетті Қазақстан, ашық әрі әділетті қоғамның төңірегінде топтасуда. Осынау асқақ мақсатқа қол жеткізу үшін, ең алдымен, ұлт жаңа сапаға көтерілуі тиіс. Демек, ұлттық модернизацияның сәтті жүзеге асуы – отандық білім беру ісінің дамуына тікелей байланысты. Осы орайда, парасатты мемлекет құру жолында болашақ ұстаздарды даярлайтын беделді оқу орны ретінде ОҚМПУ ерекше рөл атқармақ», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Қала әкімі жұмысын жемісті атқарып жүрген универсиеттің бірқатар қызметкеріне алғысхат табыс етті.Мұнан соң құттықтаулар легін Қазақстан Республикасы Президенті кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жалғастырды. Ол Министр Саясат Нұрбектің құттықтау хатын жеткізіп, білім және ғылым саласында адал да абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымын марапаттады. Ал ОҚМПУ басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева студенттер мен ұжымдастарды құттықтап, жоғары білімнің шежірелі қарашаңырағы саналатын оқу ордасының кешегі тарихы мен бүгінгі асулары жайлы баяндады. Шындық үшін күресіп жалынды жырларымен ұлт рухын оятқан ақиық ақын Мұхтар Шахановты ОҚМПУ «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР», сондай-ақ оқу ордасын әр жылдары басқарған Әбдімәлік Әшіров, Оңалбек Жарылқасын, Оңалбай Аяшев сынды тұлғаларға «ҚҰРМЕТТІ РЕКТОР» атағымен марапаттады. Салтанатты жиын эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Айтып өтейік, ОҚМПУ-да студенттердің білім алуына ыңғайлы жағдай жасалған. 3 оқу корпусы мен 4 студенттер үйі терапия кабинеттері, кітапхана мен оқу залдары және баспахана студенттерге тәулік бойы қызмет етуде. Университет түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Соңғы 3 жылда оқу ордасын бітірген түлектердің 95 пайызы жұмыспен қамтылған.
Н.САЙЛАУҚЫЗЫ, Шымкент қаласы