Ауыл шаруашылығын дамыту – қауіпсіздік кепілі
Ауыл шаруашылығын дамыту – қауіпсіздік кепілі
992
оқылды
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист, «Болашақ» бағдарламасының тәлімгері: – Президент айтқандай, ауыл хал­қының әл-ауқатын дамытуға 1 трлн теңге бөлінетіні – көңіл көншітерлік жағдай. Мемлекет соңғы кезде ауыл­дардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ниеттеніп отырғаны белгілі. Түрлі бағдарлама­лар әзірленді, дегенмен кейбіреуі соңына дейін жеткен жоқ. Қаражат­тың бей-берекет жұмсалуы, кейбір мүдделі топ­тарға ғана берілуі сияқты мәселелер кері әсер етті. Ауыл ша­руашылығын дамытуы арқылы біз елдің ұлттық һәм экономикалық қауіпсіздігін қам­та­масыз ете аламыз. Соңғы кездері ауыл­дан қалаға көшу үрдісі қарқын алды. Осы нәрсе әлеуметтік-экономикалық дағда­рыстың туындауына әкеліп отыр. Қала мыңдаған адамның нөпіріне дайын емес, ал негізгі өндіріс көзі са­налған ауыл өз мамандарынан айы­рылып қалуда. Яғни, ауыл еңбек ре­сурстарына зәру. Егер қазіргі үрдіс тоқтамайтын болса, 10-15 жылдан кейін тағы бір экономикалық дағда­рысты кешуіміз мүмкін. Осы үшін мемлекет ауыл шаруашылығын басты міндеттердің біріне көтеруі тиіс. Ауыл шаруашылығына қаржы құю арқылы біз саланы инвестор­лардың ортасына айналдыра алуы­мыз қажет. Яғни, нарыққа бейімдел­ген, дайын өнім шығаратын салаға айналғаны жөн. Экономикадағы түрлі секторларды тікелей ауыл ша­­руа­шылығымен бай­ланыстыруымыз керек. Агробизнесті трансформа­циялау арқылы эконо­микаға им­пульс бере аламыз. Агроөнім­дерді та­сы­малдау, сақтау, тыңайтқыш­тар шығару, техникаларды құруды өз кәсіп­орындарымызға тапсырған жөн. Мемлекет тек қаржы құю ар­қылы са­ланы биікке көтере ал­май­мыз, бір­жақты емес, барлық ре­сурстарды жұмылдырған абзал. Қазір елдегі ­азық-түлік қымбат­шы­лы­ғы­ның өзі осы саланың ілгері баспа­уынан шы­ғып тұр. Яғни, біз шетелден азық-түлікпен қатар инфляцияны сатып алып отыр­мыз. Ең қажет деген ауыл шаруашылы­ғы өнімдерімен халықты қамтамасыз ете алу – ең тиімді жол. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен ауыл ша­руашылығын қолдауға бағытталған қаржыны қатаң бақылауда ұстағаны­мыз жөн. Ол үшін жергілікті билік­терге ақшаның игерілуін көрсететін нақты шарттар қойған абзал.