«Осы мекемеде жұмыс істеп жүргеніме біраз жыл болды. Осы кезге дейін жалақы мәселесін айтып, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Құзырлы орындарға арыз жаздық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ара-арасында 2-3 пайыз ғана қосады. Жылдан-жылға қымбатшылық қыспаққа алған соң бұл еңбекақы дымға жетпейді. Сондықтан ел Президентіне бейнеүндеу жолдауға мәжбүр болдық», – дейді мекеме жұмысшысы Мұрат Төлебаев.«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры арқылы 180 шақырым жерден тіршілік нәрін Аралға, одан Қазалы ауданына жеткізетін мекеме жұмысшыларының орташа айлығы экологиялық үстемені қосқанда 110 мың теңгені құрайды. Алайда экологиялық үстемеге қатысты түсініспеушілік бар. Жұмысшылар осы мәселенің ақ-қарасын анықтаса деген уәжін жеткізді.
«Негізінен, бізге жалақымызға экологиялық коэффициент қосылады. Соның өзінде айлық табысымыз өзге аудандағы жұмысшылармен шамалас. Экологиялық үстеме қосылғандықтан, біздің жалақымыз жоғары болуы керек. Ал біз осы экологиялық үстеменің қалай есептелетінін түсінбейміз», – дейді Қарашаш Ибрашева.Жалпы, Қызылорда облысына қарасты екі ауданды ауызсумен қамтып отырған бұл кәсіпорын «Нұра топтық су құбырына» қарайды. Жұмысшылар шағымданған соң мекеме тарапынан тексерушілер келіп, наразы топтың мұң-мұқтажын тыңдапты. 2022 жылдың қаңтар айында жалақылары 20 пайызға көтерілген. Дегенмен бұл да жұмысшыларға жұбаныш болмай тұр.
«Жалақының төмендігі өз алдына, бізге іссапар шығындарымыз да дұрыс төленбейді. Ауылдық елді мекендерге тек маршруттық өтемақы негізінде 1 000 теңге беріледі. Қалған шығынды қалтамыздан төлейміз. Сонымен қатар мереке күндердегі сыйақыдан да қағылдық. Бұған дейін бұл мәселеде қиындық болмайтын еді», – дейді Орақ Матниязов.Ал басшылық бұл мәселеден хабардар. «Нұра топтық су құбыры» кәсіпорнының «Арал» директоры Алтынбек Есенов жұмысшылардың талап-тілегін қанағаттандыру үшін тиісті жұмыстар қолға алынғанын айтады.
«Бұл «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына ғана қатысты мәселе емес. Облыстағы коммуналдық шаруашылық нысандардың көбінде осындай мәселе бар. Ол монополияға қарсы мекеме тарапынан реттеліп отырады. Монополияға қарсы мекеме әр тоқсанның, әр жылдың орташа жалақысын бекітіп береді. Біз өз тарапымыздан облыстағы 2021 жылдың орташа жалақы мөлшерін 221 мың теңге деп ұсынғанбыз. Алайда монополияға қарсы заңнамаға сәйкес бұл көрсеткішімізді қабылдамай, өткен жылдың орташа жалақы мөлшерін 114 мың теңге деп бекітіпті. Аталмыш заңнамаға өзгеріс енгізілмей, бұл түйткілді шешу мүмкін болмай отыр. Қазір бұл заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр екен», – дейді «Нұра топтық су құбыры» кәсіпорны «Арал» филиалының директоры Алтынбек Есенов.Жалпы, бүгінде аталмыш мекемеде 300-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Орта есеппен мекеме қызметкерлеріне 80 мың теңге, оған экологиялық төлемді қосқанда 110 мың теңге жалақы төленіп отырса керек. Дегенмен Арал, Қазалы аудандарының 165 мың тұрғынын сапалы ауызсумен қамтуға жауапты кәсіпорын жұмысшылары жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Ал жауаптылар бұл мәселенің жыл соңына дейін шешілетініне күмәнмен қарайды. Есесіне олар кәсіпорын қызметкерлерінің талап-тілегі келер жылы толықтай шешілетініне сенім білдірді. Әрине, «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Енді бірер аптада жыл аяқталады. «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының басшылығы уәде еткен жыл да есікті қағады. Жұмысшылар мен басшылық арасындағы осы бір түсініспеушілік қызмет көрсету сапасына кері әсер етпесе болғаны.
Қызылорда облысы