Мобильді қоғамдық қабылдау: «AMANAT»-тың өкілдері Маңғыстау мен Жетісу облысында болды
Мобильді қоғамдық қабылдау: «AMANAT»-тың өкілдері Маңғыстау мен Жетісу облысында болды
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауының сапары жалғасуда. Осы аптада партиялықтар Маңғыстау және Жетісу облыстарында болды. Аманаттықтар Маңғыстау облысының шалғайдағы ауылдық елді мекендерінде азаматтарды қабылдады. Қарақия ауданы Құланды ауылының тұрғындарын интернет-байланыс, газбен жабдықтау, жолға асфальт төсеу мәселелері толғандырып отыр.
«Қазақтелеком» интернет пен телефон сымы тартылған бағандарды орнатты. Алайда олар уақыт озған сайын тозып, қаусап барады. Егер осы қалпында тұра беретін болса, біреудің үстіне құлап кете ме деген қауіп бар. Жаңа баған орнату қажет», – деді жергілікті тұрғын Меңдібай Ағиев.
Құланды ауылы Ақтау қаласынан 160 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғын Нұргүл Сарманованың айтуынша, осынау арақашықтыққа қарамастан, тұрғындар облыс орталығына баруға мәжбүр. Онда біреу жұмыс істейді, енді біреу оқу оқиды. Сонымен қатар, дәрігерге қатынап тұратын зейнеткерлер де бар.  width=
«Тұрақты қоғамдық көлік жоқ. Таксидің ақысын әркімнің қалтасы көтере бермейді. Студенттер, көпбалалы отбасылар бар. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті», – деді ол.
Бұдан соң партиялықтар Мұнайлы ауданы Баянды ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұнда тұрғындарды, ең алдымен, ауыз су сапасы, оқушы орнының тапшылығы және тағы басқа мәселелер алаңдатып отыр.
«Ауылымызды шағын деп айтуға келмейді. Көпбалалы отбасылар да аз емес. Мұнда 960 орынға арналған жалғыз мектеп бар. Балалар үш ауысымда оқиды. Сондықтан жаңа мектеп салып беруді сұрап отырмыз», – деді жергілікті тұрғын Альфия Қадырбаева.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғын Сандыбек Табынбаев ауылға спорт кешені мен мәдениет үйі қажет екенін атап өтті. «Ауыл құрылғаннан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Алайда, ауыл жастары үйірмелерге қатысып, шығармашылықпен айналысатын мәдениет үйі жоқ. Ауылымыз облыс орталығынан шалғай орналасса да, халық саны күн санап өсіп келеді. Осында 8 мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, бізге спорт кешені де керек», – деді жергілікті тұрғын. Жетісу облысында мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің мүшелері Ақсу ауданына қарасты Сағабүйен және Қарашілік ауылдарында болды. Сағабүйен ауылының тұрғындары осында жұмыс істеуге келген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді, сондай-ақ су қоймасын салуды сұрап отыр.  width=
«Осы ауылда туып-өстім. Балалармен, немерелермен бірге тұрамын. Ауыл тұрғындарын медициналық пунктің тозғаны алаңдатып отыр. Жаңа ғимарат тұрғызып, жедел жәрдем көлігін беру қажет», – деді Қарашілік ауылының тұрғыны Әлмұхамет Шахаманов.
Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Қарашілік ауылында блок-модульдік медициналық пункт орнату үшін бюджеттік өтінім жолданды. Орнату мерзімі 2025 жылға жоспарлануда.