Мектептегі өмір мінсіз емес. Себебі ол жерде де үстемдік құратындар мен қорлық көретіндер бар. Айталық, соңғы он жылда 14 жастан асқан балалардың 65 пайызына мектепте әлімжеттік жасалған. Ендеше буллинг бүгінгі күннің басты мәселесі. Жақында Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу ережелерін бекітті. Жәбір көрсету мәселесін шешу жолдары айқындалған құжат дайындалды. Бұл ереже мектептегі буллингті азайтуға қаншалықты қауқарлы? Соңғы жылдары мектептегі буллинг мәселесі мемлекеттік деңгейде жиі айтылып жүр. Себебі айналасынан қыспақ көріп, тәлкекке түскен жастар кейін есе қайтаруға тырысып, қылмысқа баруы ғажап емес. Бұл факторлар білім ордаларындағы буллингпен күресті күшейтудің маңыздылығын көрсетеді. Мемлекет басшысы жазда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында буллинг мәселесіне тоқталған еді. Мемлекет бұл кеселден арыла алмағанына, мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мұны жауапты органдар мектептерге жаппай бейнебақылау камерасын орнатып, оны полицияның жедел ден қою орталықтарына қосу арқылы шешуі тиіс еді. Бірақ аз жиынтықты ауыл мектептерін қоспағанның өзінде толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында, яғни 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид оқиғалары көбейіп барады. Сол себепті ел Президенті балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқығын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма берді. Құжат қағазбастылықты көбейте ме? Мемлекет басшысының тапсырмаларын негізге алған Оқу-ағарту министрлігі жақында білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу ережелерін бекітті. Жәбір көрсету мәселесін шешу жолдары айқындалған құжат «Ашық» НҚА порталында жарияланды. Құжатта көрсетілгендей, буллингтің алдын алу үшін білім беру ұйымының басшысы оқу жылының басында жоспар әзірлейді. Оған сәйкес, атқарылатын жұмыстардың мерзімі, нәтижелері мен жауапты мамандар бекітіледі. Жоспарға сай, буллингтің алдын алу мәселелері бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді, баланың заңды өкілдерін баланы жәбірлеуге жол берілмейтіні туралы жазбаша және ауызша нысанда хабардар ету, буллинг белгілеріне шағымданған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің арызына дереу ден қою сияқты кешенді шаралар қолға алынады. Осылайша, жергілікті атқарушы органға не білім беру ұйымына баланы жәбірлеу туралы ақпарат түскен бойда жауапты тұлға шағымды есепке алу журналына тіркейді. Кейін бұл жағдай 1 күн ішінде басшыға жеткізіледі.
«Ақпарат келіп түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде сынып жетекшісін, педагог-психологті тарта отырып, буллингке ұшыраған баламен, сондай-ақ жәбір көрсетушімен және олардың заңды өкілдерімен әңгіме жүргізеді. Жиналған деректер негізінде 2 жұмыс күні ішінде баланы жәбірлеуді тану немесе мойындамау туралы шешім қабылданады. Осы аралықта буллингке байланысты жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөнінде шаралар қабылдау ұсынылады. Егер медициналық айғақтар болса, зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетіледі», – делінген құжатта.Ереже бойынша буллинг фактісі анықталған кезде білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары дереу ішкі істер органдарына жазбаша хабарлама жолдайды. Құзырлы орган жағдайды зерттеп, қылмыстық іс қозғау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Құжатта жазылғандай, жәбір көрсеткен бала мектепішілік есепке алынып, оның мінез-құлқына 6 ай мониторинг жүргізіледі. Осы аралықта оң өзгеріс байқалмаса, онда булинг бастамашысы туралы ақпарат кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберіледі. Білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, мектеп жеке өзі бұл мәселеде ештеңе жасай алмайды.
– Жалпы, бәріміз ашуланшақпыз. Бір-бірімізге кішірейгіміз келмейді. Мұндай мәселе тек жасөспірімдердің емес, ересектердің де арасында кездеседі. Буллингтің басты себебі – агрессия. Ал балалар арасындағы буллингті мұғалім мен директор шеше алмайды. Министрліктен шыққан құжат бар болғаны қағазбастылықты көбейткеннен өзге пайда әкелмейді,– дейді Өмір Шыныбекұлы.Иә, буллингті шешу жолдары айқындалған құжат бойынша, педагогтер арнайы есеп журналын ашып, жәбір көрген балаларды тіркеп отыруы керек. Бұл онсыз да құжаттан жауыр болған мұғалімдерге екі есе жүк. Буллингті болдырмаудың жолдары Ал заңгерлер бұл шаралардың буллинг мәселесімен күресте әлі де болса жеткіліксіз екенін айтты.
– Оқу-ағарту министрлігінің қабылдаған құжаты орынды деп есептеймін. Бірақ заңгер ретінде оқушыларды жауапкершілікке тарту туралы айтқан сөздерімен келіспеймін. Себебі жасөспірімдерді бүгін жазаға тарту, ертеңгі болашағына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мектептегі буллингтің қаншалықты дәрежеде болғанын арнайы комиссия қарауы керек. Бұл мектеп директорының жалғыз өзі шешетін мәселесі емес. Ата-аналар, психологтер мен құзырлы органдар ақылдаса отырып жан-жақты саралағандары жөн, – дейді заңгер Меруерт Қойайдарова.Оның пікірінше, буллингтің алдын алу үшін мектепте сынып сағаттарын жиі өткізу керек. Осы мәселеге мектеп басшыларымен қатар, мұғалімдер, ата-аналар да жауапкершілік танытуы керек. Буллингке қатысы бар балалардың отбасылық жағдайына үнемі мониторинг жасап отыру керек. Себебі бала үйде не көрсе, соны басқа ортада қайталайды. Ал буллингтің құрбаны болған балалардың арасында суицид жиі кездеседі. Мамандар буллинг балалар тарапынан ғана емес, мектеп және педагог тарапынан да жасалатынын еске салады. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Анна Орлова буллингтен жәбір көргеннен кейін баласын басқа мектепке ауыстырған. Ол ұлына қауіп төніп тұрған кезде бейжай қарап отыра алмайтынын айтады.
– Осы оқу жылының басында 3-сыныпта оқитын балама жоғары сынып оқушылары әлімжеттік жасаған. Менің ойымша, мектеп бұл мәселені шешкісі келмеді. Бастапқыда мән бермей, кейін барлық кінәні бізге, яғни баланың өзі мен отбасына аударуға тырысты. Қазір адвокат көмегімен болашақта балаларға қауіп төнбеуі үшін тәуелсіз кешенді тексеру өткізуді сұрап жатырмын, – деді Анна Орлова.Психолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша, аяқ астынан туындайтын жанжалды тоқтатуға болады. Оған ұстаздар мен ата-ана араласуы мүмкін. Ал буллинг жоспарлы түрде жасалып, ұзаққа созылады. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдерге қорлау белгілерін тану және буллингті конфликтен, яғни жанжалдан ажырату өте маңызды. Бұл – оқушылар арасындағы кемсітуді тоқтатудың алғашқы қадамы.
– Булингке өз-өзіне сенімі төмен, ата-анасынан жиі ұрыс еститін, құрбан болуға бейім балалар ұшырайды. Өйткені ол жүрген жүрісімен-ақ агрессордың көзіне түседі. Ал буллинг жасайтын жасөспірімдер керісінше сенімді, жарқын сөйлейді. Көпшілігі жасаған әрекетін ақтап ала алады, – дейді психолог.Оның айтуынша, бірінші кезекте, кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана баланың қысымға ұшырағанын не қатарластарынан көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн. Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарластарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесу қажет. Буллингке ұшыраған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Қысым көрген баланың мінез-құлқында да өзгерістер болады.
– Бала біреу оны ренжіткен болса, бұл туралы мұғалімдерге немесе ата-анасына айтуға құқылы екенін анық білуі керек. Сондықтан баламен ашық диалог құрып, көп сөйлесу қажет. Балаға психологиялық және эмоционалдық қолдау жасап, оның жағында екенін сезіндіру керек. Әдетте буллингке ұшыраған баланың қызығушылығы жоғалады. Мысалы, сурет салуды ұнататын баланың оған деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Оқу үлгерімінің нашарлап, мектепте барудан бас тартуы мүмкін, – дейді психолог.Министрлік тарапынан қабылданған құжаттың буллингке қаншалықты тосқауыл қоя алатынын уақыт көрсетеді.