Жамбыл облысында әскери қызметші 3 адамды соққыға жыққан
Жамбыл облысында әскери қызметші 3 адамды соққыға жыққан
Видеодан кадр
Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысында жас сарбаздың көшеде бірнеше адамды ұрып-соғып, одан кейін бейтаныс біреудің үйіне кіріп, әйелді ұрғаны туралы ақпарат тарады.  Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 12 желтоқсанда Т. Рысқұлов аудандық полиция бөліміне әскери киімдегі белгісіз ер адам Құлан ауылындағы бірнеше үйге кіріп, тұрғындарға дене жарақатын келтіргені туралы хабарлама түскен.
«Анықталғандай, ер адам кешкі уақытта үй ауласында орналасқан дүкенге кіріп, 45 жастағы әйелдің бет тұсына соққы келтірген. Содан соң осы көшеде орналасқан тағы екі пәтерге кіріп, алдынан шыққан 45 және 43 жастағы әйелдерді ұрып-соққан. Соңғы әйелдің үйіндегі жолдасы аталған ер адамды ұстап, полиция қызметкерлерін шақыртқан», – делінген хабарламада.
Шақырту бойынша шұғыл жеткен полиция қызметкерлері 22 жастағы әскери қызметшіні полиция бөліміне жеткізіп, тиісті жедел іс-шаралар жүргізді. Аталған дерек бойынша Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаменті ҚР ҚК 149-бабы, 2-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.