Digital Nomads өкілі Әділ Тоқтағанов үлкен деректерді талдаудың болашағы жайында айтты
Digital Nomads өкілі Әділ Тоқтағанов үлкен деректерді талдаудың болашағы жайында айтты
782
оқылды
Еуразия ұлттық университеті Digital Nomads халықаралық IT-қауымдастығы өкілдері мен студенттердің кездесулерін ұйымдастыруды қолға алды. Кезекті дәрісте ВКонтакте компаниясының жетекші дата/өнім талдаушысы Әділ Тоқтағанов қазақстандық жастармен өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Әділ Тоқтағанов-Data Science саласындағы білікті маман. Ол деректердің үлкен көлемін өңдейді және талдау, болжау және шешім қабылдау үшін алгоритмдер жасайды. Бұған дейін қазақстандық маман шетелдік компанияларда жұмыс істеген және ірі жобаларға қатысқан. Әділ ЕҰУ-да оқыған дәрісі барысында өз тәжірибесімен бөлісіп, деректер ғылымының не екенін түсіндірді. Оның айтуынша, үлкен деректерді талдау ақпараттық технологиялар, математика, статистика сынды ғылымның әртүрлі саласын біріктіреді.
«Деректердің көлемі маңызды. Сіз секунд сайын немесе күн сайын келетін мәліметтерді өңдей алуыңыз керек. Олар кесте, мәтін, сандар, фотосуреттер, бейнелер түрінде әртүрлі болып келеді. Ең құндыларын жинай алу қажет. Өйткені деректерді жинау өте күрделі процесс және оларды сақтау қымбатқа түседі. Дата талдаушының жұмысы - басшы үшін жақсы көмек. Ақпаратты зерделеу барысында сіз бизнесті жақсы түсіне бастайсыз. Жұмыстағы екінші маңыздылық - өз нәтижеңізді көріп қана қоймай, бизнеске тікелей әсер ете аласыз. Ал бұл кәсіпке деген ынтаны жігерлендіреді», – дейді табысты маман.   
Big Data қолдану аясы қарқынды дамып келеді және бұл сала болашақта басымдыққа ие. Бүгінгі таңда үлкен деректерді талдаушы мамандарға  сұраныс жоғары. Кездесу барысында Әділ Тоқтағанов ірі компанияларда деректер аналитикасының қолданылуына тоқталды.
«Қазіргі ірі компаниялар өте үлкен экожүйе құруда. Бұрын олар бір ғана бизнесті дамытса, енді оны кеңейтіп, экожүйені құру керектігін түсінді. Мысалы, Қазақстанда Каспийдің экожүйесі бар. Онда сіз тек қаржылық қызметтерді ғана емес, сонымен қатар интернет-дүкенде билеттер мен қажетті заттарды сатып ала аласыз. Сарапшылар 5-10 жылдан кейін әлемді ірі компаниялар басқаратынын айтады», - деп атап өтті қазақстандық.     
Мамандықты игергісі келетіндерге талдаушы бағдарламалау, математика, статистика салаларын оқуға кеңес берді. Оның айтуынша, презентациялық мен коммуникациялық дағдыларды дамыту, уақытты басқару жүйесін пайдалану, ой-өрісті үнемі кеңейтіп отыру аса маңызды.
«Тәжірибе алу үшін хакатондарға және басқа да байқауларға қатысу, подкаст тыңдау, кітап оқу, көптеген сұхбаттарға бару пайдалы. Бізбен, яғни Digital Nomads өкілдерімен кездесулерді бірінші болып ұйымдастырған ЕҰУ ұжымына шексіз алғысымды білдіремін. Менің сіздермен жеке кездесуімнің сәті түсті. Мен Қазақстанға еңбек демалысында болғандықтан келдім», - деді Әділ.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шетелдік ірі компанияларда еңбек ететін қазақстандық ІТ-мамандарымен кездесулер ұйымдастыруды жалғастырады. Бұл студенттерге білімдерін кеңейтуге, кәсіби дағдыларды меңгеруге жол ашады. Айта кетейік, ЕҰУ-дағы алғашқы дәрісті Meta (Facebook) бағдарламасының инженері Нұрбек Исмағұлов оқыған болатын. Биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нью-Йоркке сапары барысында Digital Nomads өкілдерімен кездескені белгілі. Бұл -  шетелде тұратын және әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істейтін 400 қазақстандықты біріктіретін IT қауымдастық.