Мектепке жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған оқушы болып шықты
Мектепке жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған оқушы болып шықты
405
оқылды
Теміртауда оқушы сабақтан үйіне ерте қайту үшін мектепте жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz. 14 желтоқсан күні сағат 13:00 шамасында Қарағанды облысы Теміртау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына белгісіз баланың дауысында біреу хабарласып, 20 мектепті және онда бар барлық адамдарды жарамын деп мәлімдеген. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жедел кезекшісі оқиға орнына саперлер мен барлық жедел қызметтерді жіберді. Полиция қызметкерлері мектептен барлығы 500 адамды, яғни мұғалімдер мен оқушыларды эвакуациялады. Сондай-ақ мектептің айналасын полиция қызметкерлері қоршауға алды. Білім беру мекемесіне жүргізілген тексеру жұмыстары барысында оның ішінен ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Теміртау қалалық Полиция басқармасы экстремизмге қарсы күрес бөлімі қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында сол мектепте оқитын 12 жастағы оқушы анықталды. Ол үйіне ерте кету үшін мектепте жарылғыш зат бар деп хабарлағанын түсіндірді.