Жамбыл облысы Құлан ауылында 22 жастағы әскери қызметкер үйлерді аралап жүріп, тек қана әйелдерді сабаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК арнасының мәліметінше, оның қолынан үш келіншек зардап шеккен. Миы шайқалып, көзі көгерген бір жәбірленуші емделіп жатыр. Кешке біреудің үйіне баса-көктеп кіріп келіп, асүйде алаңсыз жүрген 44 жастағы әйелді төпелеп тастапты. Артынша қызына да жұдырық ала жүгірген. Отағасы үйде болмағанда, соңы немен аяқталарын ойлаудың өзі қорқынышты. Ол түпкі бөлмеден шыққан бойда бұзақының жағасына жармасқан. Азамат Тәжиев зіңгіттей жігітті жамбасқа салып жерге құлаттым дейді. Оның сөзінше, бұзақы алдымен дүкеншіні отбасымен сабаған. Артынша бірінші қабаттағы көрші әйелді ұрып, соңынан менің үйіме көтерілген. 47 жастағы азамат жауынгер көңілді отырыстан шыққан болуы мүмкін деп болжап отыр.
Т. Рысқұлов ауданының тұрғыны Азамат Тәжиев: “Кісіні полиция қызметкерлеріне тапсырдық. Ол кісі бұзақылықпен тіркелген. Ол жерде шабуылмен тіркеу керек еді. Соған шара қолдануларыңызды сұраймын. Шығып кете ме деп қорқамыз”, – дейді.Жауынгерден таяқ жегендер қазір емделіп жүр. Біреуінің миы шайқалып, көзі көгерген. Ал әскерилер әріптесіміз ұятқа қалдырды деп отыр. Қазір осы дерек бойынша тексеріс басталған. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизонының баспасөз хатшысы Дина Мухаринова: «Келісімшарт негізіндегі әскери қызметкер өзінің еңбек демалысында тұрғындарға қарсы заңға қайшы әрекетке барды. Оның ішімдік ішкені белгілі болды. Тергеп, тексеру қорытындысынан кейін оның әскери қызметін жалғастыруы, не жалғастырмауы анықталады. Ол заң талабына сай жазаланады», – деді. Тәртіп сақшылары да осы дерекке қатысты іс қозғады. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 6 миллион теңге айыппұл салынады немесе 2 жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Ал жәбірленушілер оны қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр.