Биылғы 25 қазанда қазақ елі Республика күнін жоғары деңгейде дүркіретіп атап өтті. Себебі 1990 жылы осы күні Қазақстан Егемендiк декларациясын қабылдау арқылы бар игілігіміздің бастауы болған Азаттыққа ден қойғанын әлемге жариялады. Әйткенмен, Қазақстанның іс жүзінде бодандықтан құтылып, бостан өмірге аяқ басуы, тәуелсіздікпен бірге еліміздің еркін тынысының ашылуы 1991 жылғы 16 желтоқсаннан кейін ғана мүмкін болды. Бұл тарихи күн сонысымен ардақты. Тиісті заңдық құжатқа сүйеніп, әлем елдері Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп ресми таныды. Бұл заң сонысымен құнды. Биыл Тәуелсіздік күнін тойлауға өңірлер желтоқсанның басында кірісті. Көшеде ұлттық ұлық мейраммен құттықтаған билбордтар пайда болды. Әр өңір мерекелік шаралардың тізімін жасап, ақпарат құралдары арқылы алдын ала жариялады. Осының бәрі мемлекеттің асыл атауы бар бұл мейрамға да баса көңіл бөлетінін көрсетсе керек. Азаттық қанша дәріптесе де лайық құндылық. Оны мадақтағаннан, мақтан тұтқаннан ұлт та, ұрпақтар да тек ұтады. Қолда бар алтынның қадірін біліп, тәуелсіздігімізді айрықша ұлықтау маңызды. Сонда азаттығымен бірге Қазақ елі алып бәйтеректей, тамырын тереңге тартқан сайын шоқтығымен көкке ұмсынып, салалы бұтақтары жасыл желекпен көмкеріліп, көсегесі көгере түседі. Оның алтын тамырлары қасиетті Қазақстанның киелі топырағынан қуат ала береді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңы қабылданды. Алғаш рет республиканың атауы Қазақстан болып ресми бекіді. Әйтпесе, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII тарихи қаулысы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жөнiнде» деп аталғаны мәлім. Жалпы, Егемендік декларациясы жарияланғанымен, ел Кеңес одағының құрамында қала берді. Мұның сыртында декларация Қазақстанның сыртқы саясатты дербес жүргізетінін кепілдендірмейтін. Мысалы, онда Қазақ КСР-інің билiгi «Одақтық шартта белгiленген шеңберде» ғана сыртқы қарым-қатынаста дербес болатыны анықталды. Біраз мәселеде ары қарай Мәскеудің келісімін алу қажет еді. Оның үстіне, дүниежүзіндегі өзге мемлекеттер бір ғана декларация негізінде елімізді тәуелсіз субъект ретінде мойындай алмады. Тек 1991 жылы Тәуелсіздік туралы конституциялық заң қабылданған соң Қазақстан тәуелсіз мемлекеттің ресми әрі заң жүзінде бекітілген мәртебесіне ие болды.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата заңын жасаушылардың бірі, академик Сұлтан Сартаев 1991 жылғы желтоқсандағы сол тағдыршешті күндерді былайша еске алған еді: «Маған 16 желтоқсанда, Жоғарғы Кеңестің отырысында Тәуелсіздік туралы конституциялық заңының жобасы туралы сөз сөйлеу тапсырылды. Баяндаманы бір деммен жасап шықтым деуге болады. Әсерлі сәт еді. Заң жобасы депутаттардың басым даусымен қабылданды. Осынау ұлы тарихи оқиғаға орай барлық депутат орнынан үдере көтеріліп, қызу қол шапалақтады. Арада 30 минут өткенде жаһан елдері арасында бірінші болып Түрік Республикасы Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп танығаны мәлім болды. Түркиядан соң Румыния таныды. Жарты айдан соң АҚШ және бұрынғы одақтас республикалар ресми мойындады. Қазақ елінің шын тәуелсіз болғанын, азат Қазақстанды әлем танығанын ұғындық», – деп еске түсірді академик.Заңның бәсі декларациядан жоғары Белгілі ғалым, профессор, заң ғылымдарының докторы Дәулет Байділдиновтің түсіндіруінше, 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларация республикамыздың азаттығының негізін қалады. Ал Мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң сол азаттықты нығайтты, ел тәуелсіз даму жолында алға қарыштады. Осы заң қабылданған соң елдің егемендігі мен тәуелсіздігін жоғары деңгейде бекіту процесі аяқталды. Осы бір жыл ішінде толық тәуелсіздік алуға дайындық жұмыстары жүргізілді. Мысалы, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» №1000-XII заңын қабылдады. Бір беттен тұратын заңда: «1. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілсін. 2. Қазақ КСР Конституциясы мен Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға, Қазақ КСР заңдарына және Қазақ КСР мемлекеттік органдарының өзге де актілеріне тиісті өзгерістер енгізілсін» деп жазылған.
«Қоғамда, тіпті сарапшылар арасында осыған қатысты пікірталас туып тұрады. Мысалы, егемендікті тәуелсіздіктің қалыптасуының бастапқы сатысы санап, оны қазір ескірген ұғым ретінде қолданудан бас тартуды ұсынған саясаттанушылар мен саясаткерлер болды. Шынында олай емес. Егемендік немесе француз тілінен тараған суверенитет ұғымы заңға жақын. Заң ғылымы бойынша мемлекеттің егемендігі – оның мемлекеттік билігінің ел ішінде үстем болатынын және оның сыртқы саяси салада дербес қимылдайтынын, өзгеге тәуелді болмайтынын білдіреді. Ғылымда тәуелсіздік тек бір ірі жүйеден бөлініп шығуды білдіреді. Бұл тұрғыдан алғанда, 1991 жылғы заңды да Егемендік туралы деп атауға болатын. Бірақ азаттық сияқты, тәуелсіздік сөзінің оң эмоционалды, жарқын реңкі бар. Ол халықтың бостандыққа деген ерік-жігерін паш етеді. Сондықтан қоғамдық сана осы сөзді рухты, жанынан жақын көреді», – деді ғалым.Яғни, ұлтымыз үшін асыл қос ұғым бір-біріне еш қайшы емес, қайта бірін-бірі рух пен заң тұрғысынан толықтырып тұрады. Тоталитарлық кеңес заманында тәуелсіз отауы болмағандықтан, Қазақ елі шынайы егемендіктен жұрдай болды. Республикамызға өзге республикалармен, ұйымдармен өз бетінше қатынастар орнатуына тыйым салынды. Мәскеудің келісімімен, сол рұқсат еткен елдермен ғана ынтымақтасуға жол ашылды. Республиканың тапқан-таянғанын орталық тартып алды, қазба байлықтарды сол әкетіп, бізге тек шаңы қалды. Қазақстан ол дәуірде өз мұнайын, өзге қазынасын өзі шетелге экспорттай алмайтын. Салдарынан қаржыландыру мәселесінде ел Мәскеуге тәуелді болды. Қазақ халқына мәдени және тарихи дәстүрлерін сақтау, ата-баба мұрасын түлету мәселесінде де орталықтың ұлықсатын алуға тура келді. Тілін түлету, дәстүрін өркендету, қазақ мектептерін, жоғарғы оқу орындарында қазақша факультеттерді ашу мүмкіндіктері қатаң шектелді. Қазақтың жасампаз тарихы тек кеңеспен бірге басталғандай насихатталып, халқымыздың мыңжылдық тарихы тәрк етілді. Осы кесірдің бәріне еліміздің Азаттық алуы тосқауыл қойды. Мыңжылдықтар ғана емес, Тәуелсіздік пен егемендік тоғысқан тұста, ұлттың ұлық тарихы басталды. Бүгінгі Қазақстан ұланғайыр әрі бүтін жері, биік мұратты елі, мәңгілік тұрар елдігі, бабалар жазған терең тарихы және жарқын, айқын болашағы бар мемлекет ретінде өрге басып келеді. Тәуелсіздік арқасында ұлттық мүдделер алға озды, ұлттық құндылықтар халқымызбен қауышты, өркендеудің жаңа көкжиектері ашылды. Ендеше Қазақ елі үшін тәуелсіздіктен асқан құндылық, мирас жоқ.