Жаһанға танылу жолында
Жаһанға танылу жолында
231
оқылды
Ел тәуелсіздігін жариялап, тізгініміз өзімізге тиген шақта қазақ атын әлемге танытудың барлық алғышарты жасалды. Дербес халықаралық қатынас түзіп, дип­ломатиялық байланыс орнатудан бөлек Қазақстан тәуелсіз ел ретінде халықаралық ұйымдарға мүшелікке өтті. Бұл азаттығына күні кеше қол жеткізген елдің өзіндік ұста­нымы, дербес көзқарас бар мемлекет ретінде мойындалуына жол ашты. Тәуелсіздігін 1991 жылдың соңғы апталарында жариялаған соң, ішкі-сыртқы саясаттың кей­бір мәселелері жаңа 1992 жылдан бастап шешіле бастады. Солардың қатарында еліміздің халықаралық беделді ұйымның мүшелігіне өтуі сияқты жайттар да қарас­ты­рыл­ғаны анық. Сондықтан биыл еліміздің бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше болғанына 30 жыл толып отыр. БҰҰ-мен байланыс Азат ел болғанымызға 3 ай өтер-өтпестен Қазақстан әлемдегі аузын айға білеген бірден-бір ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтті. Аталған ұйымның Бас Ассамблеясының 46-сессия­сында Қазақстан жаңа мүше ре­тінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық мәселелері бойынша белсенді позиция ұс­танатын мемлекет ретінде таныс­тырылды. БҰҰ-ның мүшелігіне өткен сәттен еліміз батыл баста­малар көтерумен дараланды. Жалпы әлдебір елдің БҰҰ мү­шелігіне өту туралы өтінішін ұйым­ның Қауіпсіздік кеңесі қарайды. 15 мүшеден тұратын ке­ңес­тің 9 мүшесі елдің мүшелікке өтуін қолдаса жетіп жатыр. Дәл осындай хаттамалық рәсіммен БҰҰ-ның толыққанды мүшесі бол­ған Қазақстан 2017-2018 жыл­дары ұйымның Қауіпсіздік ке­ңесінің тұрақты емес мүшесі деп те танылды. Ұйымның Қазақ­стан­ға көзқарасы алабөтен екенін мына бір фактіден де көруге бо­лады. 1991 жылдың 29 тамызында сол кездегі ҚазақКСР-нің Прези­денті Семей полигонын жабу ту­ралы Жарлыққа қол қойды. Ке­йіннен БҰҰ Қазақстанның үлгі­сімен дәл осы 29 тамызды Ядро­лық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Қазақстан атымен бірге қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да әлемдік аренада бе­делге ие болуына осы ұйым ті­келей ықпал еткен ешкімге жасы­рын емес. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орын­ба­сары, БҰҰ-ның Женевадағы бө­лімшесінің Бас директоры, сон­дай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хат­шы­сының жеке өкілі сияқты қыз­меттерді атқарды. Биыл БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев ұйым­ның тәуелсіз Қазақстанның да­муында айшықты қолтаңбасын қалдырғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы үнемі ­жа­һандық сын-қатерлерді ең­серудегі бұл ұйымның рөліне назар аударады. «БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған бай­ланысты Қазақстан Бас хат­шы­ның «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы 77-сес­сияның жалпы дебатында. Биыл Қазақстанның ЮНЕСКО-ның мүшесі болға­ны­на да 30 толды. 1992 жылы 22 ма­мырда Париж қаласында тә­уелсіз Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болу туралы актіге ұйым­ның Бас хатшысы Федерико Майор мен еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрінің орын­басары Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Көп ұзамай БҰҰ білім, мәдениет және коммуникация мәселелері жөніндегі ұйымның дүниежүзілік мұрасының тізіміне ел аумағында мәдени және табиғи ескерткіш енді. Мұнан бөлек ­Ма­хамбет Өтемісұлы, Абай Құ­нанбай­ұлы, Мұхтар Әуезов, Қа­ныш Сәт­баев, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан мен Ахмет Жұ­банов сияқты қазақтың біртуар азамат­­та­рының да мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Белсенділігінің арқасында ұйым 2013-2017 жылдарға Қазақ­станды дүниежүзілік мұра ко­митетінің мүшесі ретінде сайлады. Еуразия елдігімізді мойындады Тәуелсіздік алған соң айдың ішінде-ақ Қазақстанның Еуро­падағы іргелі ұйымның мүшелігіне өткенін атап кеткен жөн. Сол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша жиналыс деп аталған ұйымға тәуелсіз еліміз 1992 жылдың 30 қаңтарында мүше болды. Бұл ұйымға сол тұста мүше болған 48 мемлекеттің еліміздің дербестігін мойындағанын білдіреді. Аз уақыттың ішінде Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық бойынша жиналыстың мүшесі ретінде барлық негізгі құжатқа қол қойған Қазақстан, ұйымның толыққанды мүшесіне айналды. Арада 2 жыл өткен соң Будапешт саммиті өтіп, ұйым ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы де­ген атауға ие болды. Дәл осы сам­мит өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттердің қауіп­сіздігі мен біртұтастығына ұйымға мүше ядролық державалар та­рапынан кепілдік беруімен ерек­шеленеді. Бұл мәлімдеме сам­митке дейінгі 3 жыл бұрын та­жал­дан бас тартқан Қазақстанның батыл позициясына Еуропадағы әріптестерінің риясыз қолдауы еді. 2010 жылы Қазақстан аталған ұйымға ТМД, Азия және түркі тілдес елдер арасында алғаш­қы­лардың бірі болып төрағалық етті. Төрағалықты еліміз 2010 жылдың 1-2 желтоқсанда ел астанасында өткен Астана саммитімен қоры­тындылады. Саммитке 38 мемле­кеттің басшысы мен үкімет же­текшілері қатысты. Аймақтағы тұрақтылық, қа­уіпсіздік ісіндегі стратегиялық мақсаттарды шешу үшін құрылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы да еліміз мүшелікке өткен бірден-бір іргелі халықаралық ұйым. 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйымның жұмысына да Қазақстан құрылтайшы ретінде белсенді үлес қосып келеді. Еліміз 2001 жылы 15 шілдеде Қытай, Ресей, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты көрші­лерімен дәл осы ұйымды құру туралы бастама көтерді. Бүгінде бірегей көлік-ло­гис­тикалық кешенге, мол ресурсқа бай ұйымның қамту аумағы әлі де кеңейе беретіндей. Қыркүйек айында ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттер басшылары кеңесінің ке­ңей­тілген құрамдағы отырысын­да сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым жұмысының негізгі бағыттарын тілге тиек етті. Атап айтқанда, экс­тремизм, терроризм, сепара­тизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударған. Аумақтық тұтастығы жағынан Қазақстан ТМД, Түркі мемле­кеттері, ИЫҰ, ҰҚШҰ сияқты ха­лықаралық ұйымдардың да мү­шелігінде өзінің халықаралық беделін танытып келеді. Қараша айында Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президент бауырлас елдердің басын біріктір­ген құрылымның беделін биіктету басты мақсат екеніне тоқталды. Аталған жиында еліміздің баста­масымен қабылданған «Түркі әле­мінің келешегі – 2040» құжа­т­ын іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының страте­гиясы қабылданды. Бұл да бауыр­лас елдер арасында бірлікті ны­ғайтудағы Қазақстанның рөлін айшықтайды. Біле-білгенге халықаралық ұйымның мүшелігіне өту, оның қызметіне атсалысу жай ғана хат­тамалық шарамен шектелмейді. Сол арқылы елдің сыртқы сая­саттағы басымдығын, ұстанымын айқындап, өзгелерді мойындата алғандардың есебі түгел. Мұны тәуелсіздік алған сәттен түрлі ха­лықаралық ұйымдардың мүше­лігіне өтіп, оның қызметін ұйым­дастыру арқылы күллі әлемге атын танытқан Қазақстанның мысалынан да көре аламыз.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ