Ел тәуелсіздігін жариялап, тізгініміз өзімізге тиген шақта қазақ атын әлемге танытудың барлық алғышарты жасалды. Дербес халықаралық қатынас түзіп, дипломатиялық байланыс орнатудан бөлек Қазақстан тәуелсіз ел ретінде халықаралық ұйымдарға мүшелікке өтті. Бұл азаттығына күні кеше қол жеткізген елдің өзіндік ұстанымы, дербес көзқарас бар мемлекет ретінде мойындалуына жол ашты. Тәуелсіздігін 1991 жылдың соңғы апталарында жариялаған соң, ішкі-сыртқы саясаттың кейбір мәселелері жаңа 1992 жылдан бастап шешіле бастады. Солардың қатарында еліміздің халықаралық беделді ұйымның мүшелігіне өтуі сияқты жайттар да қарастырылғаны анық. Сондықтан биыл еліміздің бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше болғанына 30 жыл толып отыр. БҰҰ-мен байланыс Азат ел болғанымызға 3 ай өтер-өтпестен Қазақстан әлемдегі аузын айға білеген бірден-бір ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтті. Аталған ұйымның Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан жаңа мүше ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық мәселелері бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде таныстырылды. БҰҰ-ның мүшелігіне өткен сәттен еліміз батыл бастамалар көтерумен дараланды. Жалпы әлдебір елдің БҰҰ мүшелігіне өту туралы өтінішін ұйымның Қауіпсіздік кеңесі қарайды. 15 мүшеден тұратын кеңестің 9 мүшесі елдің мүшелікке өтуін қолдаса жетіп жатыр. Дәл осындай хаттамалық рәсіммен БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болған Қазақстан 2017-2018 жылдары ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі деп те танылды. Ұйымның Қазақстанға көзқарасы алабөтен екенін мына бір фактіден де көруге болады. 1991 жылдың 29 тамызында сол кездегі ҚазақКСР-нің Президенті Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Кейіннен БҰҰ Қазақстанның үлгісімен дәл осы 29 тамызды Ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Қазақстан атымен бірге қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да әлемдік аренада беделге ие болуына осы ұйым тікелей ықпал еткен ешкімге жасырын емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі сияқты қызметтерді атқарды. Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұйымның тәуелсіз Қазақстанның дамуында айшықты қолтаңбасын қалдырғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы үнемі жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі бұл ұйымның рөліне назар аударады. «БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы 77-сессияның жалпы дебатында. Биыл Қазақстанның ЮНЕСКО-ның мүшесі болғанына да 30 толды. 1992 жылы 22 мамырда Париж қаласында тәуелсіз Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болу туралы актіге ұйымның Бас хатшысы Федерико Майор мен еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Көп ұзамай БҰҰ білім, мәдениет және коммуникация мәселелері жөніндегі ұйымның дүниежүзілік мұрасының тізіміне ел аумағында мәдени және табиғи ескерткіш енді. Мұнан бөлек Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан мен Ахмет Жұбанов сияқты қазақтың біртуар азаматтарының да мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Белсенділігінің арқасында ұйым 2013-2017 жылдарға Қазақстанды дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі ретінде сайлады. Еуразия елдігімізді мойындады Тәуелсіздік алған соң айдың ішінде-ақ Қазақстанның Еуропадағы іргелі ұйымның мүшелігіне өткенін атап кеткен жөн. Сол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша жиналыс деп аталған ұйымға тәуелсіз еліміз 1992 жылдың 30 қаңтарында мүше болды. Бұл ұйымға сол тұста мүше болған 48 мемлекеттің еліміздің дербестігін мойындағанын білдіреді. Аз уақыттың ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша жиналыстың мүшесі ретінде барлық негізгі құжатқа қол қойған Қазақстан, ұйымның толыққанды мүшесіне айналды. Арада 2 жыл өткен соң Будапешт саммиті өтіп, ұйым ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы деген атауға ие болды. Дәл осы саммит өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттердің қауіпсіздігі мен біртұтастығына ұйымға мүше ядролық державалар тарапынан кепілдік беруімен ерекшеленеді. Бұл мәлімдеме саммитке дейінгі 3 жыл бұрын тажалдан бас тартқан Қазақстанның батыл позициясына Еуропадағы әріптестерінің риясыз қолдауы еді. 2010 жылы Қазақстан аталған ұйымға ТМД, Азия және түркі тілдес елдер арасында алғашқылардың бірі болып төрағалық етті. Төрағалықты еліміз 2010 жылдың 1-2 желтоқсанда ел астанасында өткен Астана саммитімен қорытындылады. Саммитке 38 мемлекеттің басшысы мен үкімет жетекшілері қатысты. Аймақтағы тұрақтылық, қауіпсіздік ісіндегі стратегиялық мақсаттарды шешу үшін құрылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы да еліміз мүшелікке өткен бірден-бір іргелі халықаралық ұйым. 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйымның жұмысына да Қазақстан құрылтайшы ретінде белсенді үлес қосып келеді. Еліміз 2001 жылы 15 шілдеде Қытай, Ресей, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты көршілерімен дәл осы ұйымды құру туралы бастама көтерді. Бүгінде бірегей көлік-логистикалық кешенге, мол ресурсқа бай ұйымның қамту аумағы әлі де кеңейе беретіндей. Қыркүйек айында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым жұмысының негізгі бағыттарын тілге тиек етті. Атап айтқанда, экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударған. Аумақтық тұтастығы жағынан Қазақстан ТМД, Түркі мемлекеттері, ИЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдардың да мүшелігінде өзінің халықаралық беделін танытып келеді. Қараша айында Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президент бауырлас елдердің басын біріктірген құрылымның беделін биіктету басты мақсат екеніне тоқталды. Аталған жиында еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданды. Бұл да бауырлас елдер арасында бірлікті нығайтудағы Қазақстанның рөлін айшықтайды. Біле-білгенге халықаралық ұйымның мүшелігіне өту, оның қызметіне атсалысу жай ғана хаттамалық шарамен шектелмейді. Сол арқылы елдің сыртқы саясаттағы басымдығын, ұстанымын айқындап, өзгелерді мойындата алғандардың есебі түгел. Мұны тәуелсіздік алған сәттен түрлі халықаралық ұйымдардың мүшелігіне өтіп, оның қызметін ұйымдастыру арқылы күллі әлемге атын танытқан Қазақстанның мысалынан да көре аламыз.
Шынболат АТЫХАНҰЛЫ