Шет елдердегі қандастарымыз еліміздің егемендігі туралы жаңалықты асыға күткені анық. Жырақта жүрсе де атажұртына құлағы түрік жүреді емес пе?! 31 жыл бұрын егемендіктің туын көтерген еліміздегі ақжолтай жаңалықты өзге жұрттағы қазақтардың қалай қабылдағаны жөнінде бірқатар танымал қандастарымыздың пікіріне құлақ түрген едік.
Тәуелсіздікті естіп, қатты қуандық
– Ешкімге айтпаған және ешкімге айғайламаған ақиқат бар. Ол кезде мен Аймақтық радиода редактор болып істедім. Сол уақытта Баян-Өлгейде Қазақстанның жалғыз телеарнасы көрсетіледі. Тәуелсіздік жариялаған күні таңертең теледидардан: «О Құдайым, Түрік мемлекеті Қазақстанның Тәуелсіздігін таныды» деп, Олжас Сүлейменов сөйлеп жатыр екен. Басында үлкен бұлғын тымағы бар. Қасымда ҚазМУ-ды жаңадан бітіріп келген Ербақыт Нүсіпұлы деген жігіт екеуіміз жүгіріп, автобазадан бір машинаның тіркемесін алып келіп, орталық алаңға сахна етіп құрып, сағат 10-да Қазақстанның Тәуелсіздігін қабылдап алатын митинг өткіздік. Сондай-ақ бізбен бір сапта марқұм, белгілі журналист Қуандық Шамақайұлы да тұрды. Алаңдағы жүрген қаншама адамдар біздің қасымызға жиналды. Басында Желтоқсанда шейіт болған батырларға арнап дұға бағыштадық. Кішкене тіркемеге шығып сөйлеген адамдардың барлығы Қазақстан Тәуелсіздігіне арнап, лебіздерін білдіріп жатты. Сол жерден Ербақыт екеуіміз тікелей байланыс орнына келіп, Қазақстанға телефон шалдық. Ербақытта Ақселеу Сейдімбектің үйінің телефоны бар екен. Ақселеу ағамен телефон арқылы сөйлесіп, «шет елдегі қазақтар митинг жасадық, шеруді қабылдадық» деп сүйіншіледік. Осы шара туралы шағын ақпарат «Халық кеңесі» газетіне шықты. Мінеки, Баян-Өлгейдегі қазақтар Қазақстан Тәуелсіздігін алаңда осылай қарсы алдық.Ел еңсесі көтерілді
– Ол кезде Германияның Мюнхен қаласында «Азаттық» радиосында жұмыс істеп жүрдім. «16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады» деп ұзақ уақыт сағынып күткен хабарды берді. «Азаттық» радиосындағы қазақ редакциясының қызметкерлері бұл жаңалықты тамыз айынан бері күткен еді. Ол кезде қазақ редакциясының бастығы Хасен Оралтай ағамыз болатын. Орынбасары Мұқабай Еңгин және Махмет Құлмұхамедов, Әлихан Жаналтай, Әбдіқайым (Кесіжі) Бірғазыұлы, Талғат Көкбұлақ (Қосжігіт) секілді 15-16 адам жұмыс істедік. 16 желтоқсанда Парламенттен алматылық тілші Қиял Сабдалин қуанышты хабарды жеткізді. Дүйсенбі еді, біздің редакция жұмыс істемейді, ол күні демаламыз. Редакцияда бір-екі кезекші болады, Мұқабай Еңгин ағамыз бен Өмірхан Алтын деген әріптесіміз болды, солар жария хабарларын дайындады. Ақпаратты ағылшын тіліне аударды. Тәуелсіздік туралы жаңалықты ағылшын тіліне аударып, Еуропа елдеріне тарату «Азаттық» радиосының еншісіне бұйырды. Бұл біз үшін үлкен абырой, қуаныш болды. Ертеңінде барлығымыз жұмысқа келдік, Хасен Оралтай ағамыз үлкен бас мақала жазып, эфирге берді. «Еліміз егемен болды» деп бәріміз мәре-сәре қуандық. Бұл – тек қана атамекен қазақтары ғана емес, шетел қазақтары да ұзақ уақыт күткен ұлы хабар еді. Тәуелсіздік – алаш қайраткерлерінің арманы еді. Әсіресе, біздер – шеттегі қазақтар тәуелсіздік жоқтығынан қатты күйзелдік. Шетелде қанша жақсы өмір сүрсең де, қарның тоқ, көйлегің көк болса да елің, Отаның болмаса, бәрібір жетім баланың күйін кешесің. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігін жария етуі, әлемге жарқ етіп шыға келуі – шетел қазақтарының өшкені жанып, өлгені тірілгендей үлкен қуанышқа бөледі. Түркия және Еуропа қазақтарының тарихын зерттеушілер үшін кейін бұл үлкен дата болып, Тәуелсіздікке дейін және кейін деп екіге бөліп зерттей бастады. Бұдан кейін біздердің ұлттық мәдениетіміз, руханиятымыз өзгеріп, құлпырып шыға келді. Еңсеміз көтерілді.Азат Отанның керегіне жарайық деп шештік
– Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданында дүниеге келдім. Университетті Бейжіңнен бітірдім. 1987 жылы жолдамамен Үрімжі қаласында орналасқан Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып келдім. Ол кезде кәдімгідей Кеңес одағының іргесі шайқала бастаған кез. 89-90 жылдары Балтық жағалауындағы елдер тәуелсіздігін жариялап одақ құрамынан шыға бастады. Содан 91-ші жылдың көктемінде Орта Азия елдері Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікмен сияқты елдері бөлініп кетті. Ол кезде интернет заманы емес, ақпарат алатын тек «Азаттық» радиосы. «Қазақ қашан бөлінеді» деп күні-түні күтіп жүрміз. 1991 жылы 16 желтоқсан күні үйде шығармашылықпен айналысып отырдым, үстелімде күні-түні «Азаттық» радиосы қосылып тұратын. Академия тәртібі бойынша аптаның бір күні ғана жұмысқа барамыз. Қалған күндері үйден жұмыс істейміз. Радиодан беріліп жатқан бағдарламаны ортан белінен үзді де «Алты алаш, ақсарбас Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялады» деген хабар берілді. Мен оны естіп, есім шығып кетіпті, қатты қуанып айғайлап секірдім, жата қалып домаладым. Үйде – жалғыз өзім. Аздан соң есімді жинап, қаланың әр жерінде тұратын достарыммен жолықтым. Қаланың шетінде Әділхан Есхан деген Алтайдың Қаба ауданынан келген азамат пәтер жалдап тұратын. Соның үйіне «туған күн жасап жатырмыз» деп бөтен жұртқа өтірік айтып, бір қойымызды сойып, жақсылап тойладық. Ең соңында жігіттер қол алысып, уәделестік. «Енді Қытайда бір күн де қалудың қажеті қалмады, еліміз азат болып жатыр. Көшесін сыпырсақ та, азат Отанның керегіне жарайық» дедік. Ол кезде Қытайдың шет елге шығу төлқұжатын алу қиын еді. Оны қолға тигізуге жарты жылдай уақытым кетті. Виза алуға да көп уақыт жұмсадым. 1993 жылдың ақпан айында аңсаған Атамекенге табаным тиді. Жалпы ол елдегі егемендік туралы жаңалыққа қазақтар қуанды. Қуанышын тек ашық білдіре алмады. Университеттерде оқитын қазақ жастары каникулда ауылына келіп, Қазақстанға шекара бұзып қашып өтіп жатты. Олардың көбісі ұсталып сотталды. Кейбірі түрмеден шыққан соң, Моңғолия арқылы Қазақстанға келді. Соның бірі – Адалбек Ахмәди деген азамат. Кейін өз атынан азаматтық алуда қиындық көрді.Қазағымыз егемен мемлекет атанды
– 1986 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітіріп барғаннан кейін Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласында тұрдым. 1991 жылы газетте жұмыс істедім. 1990 жылы 22 желтоқсанда Қарақалпақ Республикалық Қазақ ұлттық мәдениет орталығын құрдық. Оның бастамашысы жастар болды. Мен сол орталық басшысының бірінші орынбасары едім. Сол жерде жүріп тұңғыш қазақ газеті «Достық үні» дегенді ұйымдастырдым. Негізінде біз «Қазақстан қашан Тәуелсіздігін жариялайды екен деп күтіп отырдық. Өйткені Балтық елдерінің басшылары одақтан бөлініп шығу туралы бастамада халықтың алдында жүрді. Мақұлдап, қолдап бірге шықты. Біздің елдерде халық қозғалса да басшыларымыз іркіп отырды. Сөйтіп керек десеңіз Орталық Азиядағы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда бізден бұрын егемендігін жариялады. Ең соңынан Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады. «Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттық қол жетіп, бізде тәуелсіз ел атанар екенбіз» деп біздер зарыға күтіп отырдық қой. Өйткені біз алпыс екі тамырымызда қазақ деген халықтың қаны ағып тұр, ана жақта отырып біз Қазақстанды – үлкен үй деп сөйлейміз. Өзіміздің үлкен үй, атажұрт қашан өз алдына ел болып шығар екен деп күтіп отырғанбыз. Тәуелсіздік жарияланғанын қуана-қуана қарсы алдық. Түркия Республикасы бірінші болып мойындағанынан да естіп қуандық. Кейін басқа мемелекеттер де егемендігімізді мойындап құттықтай бастады ғой. Жалпы 1991 жылы Нөкісте болдым. Сол жердегі қазақ жастары, зиялы қауым өкілдері өзге елдің құрамында отырсақ та «қазағымыз егемен мемлекет атанды» деп өз ішінде тойлады.Дайындаған Жәнібек АМАНГЕЛДІ