Жаңақорғанда жаңашылдық көп
Жаңақорғанда жаңашылдық көп
801
оқылды
Қаратаудың етегінде жатқан қабырғалы елдің табиғи қазбаға бай қасиетті мекенінің өсіп-өркендеуі нардың жүгін көтере алатын азаматтарымен айқындала түсері анық. Тарихтың сан өткелінен сүрінбей өтуде сыралғы дәстүрінен танбай, туған жердің қасиет-қадірін аялай білу әр азаматқа сын. Біз бүгін шежірелі мекенде шынайы іске асқан қарқынды жобаларды, оның ішінде осы жылдың оң нәтижелеріне тоқталғымыз келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың меценаттарға «туған жерге туың­ды тік, оның көркеюіне, өсіп-өр­кендеуіне лайықты үлес қос» деген қа­нат­ты сөзі жаңақорғандық кәсіпкерлерді де бейжай қалдырмады. Жаңақорған ау­данындағы бюджеттен тыс қаржы көз­дері арқылы іске асып жатқан ауқымды жо­балар осының айғағы. Ел басшысының сенімін арқалап, сер­пінді жұмыс бастаған берекелі ай­мақтар қатарында Сыр өңірінің өрісі озық тұрғаны, макроэкономикалық көр­сеткіштер бойынша алдыңғы орында кө­рінуі бір мақсатқа жұмылған берекелі тір­лікті бекемдей түссе керек. Іс тетігін кадр шешеді. Бұл ретте Мем­лекет басшысының жаңа кадр сая­сатында меритократияны енгізу мә­се­лесі, яғни халықтың көз алдында қо­лы­нан іс келетінін шынайы дәлелдей алған тұл­ғаларды іріктеу тәсілінің нақты нә­тижесі жемісін бере бастағандай. Өңір ба­с­шылығына келген принципшіл бас­шы, жігерлі тұлға Нұрлыбек Нәлібаев та өз кезегінде өрісі кең азаматтарға мүм­кін­дік беріп отыр. Бұған жергілікті жерде де мысал көп. Облыстың оңтүстігінде жат­қан Жаңақорған ауданында орайлы іске асқан оң талаптардың әрбіреуінде әкім­дік тізгінін жаңа қолға алған Мұрат Тілеумбетовтің табанды мінезі жатқанын өзге мойындамаса да, өңір жұртшылығы өз көзімен көрді. Әр сала бойынша әлеует­ті бекемдеп, нақты меже белгілеуі өз алдына, соларды жүйелі жүзеге асы­ру­да мемлекеттік қазынадан еншімізге ти­гені бар, ортақ іске ықыласы ауған қал­талылар арасында ортақ іске көңілі иге­ні бар, жұмыла жасаған тірліктер нә­ти­жесінде бас-аяғы 11 айда оң аяғынан тік тұрған Жаңақорғанның бүгінгі ты­ны­сы көңіл марқайтады. Жалпы, халық саны 80 мыңнан аса­тын Жаңақорған ауданы жер ыңғайы, шаруашылық жайы, халқының әлеуеті тұр­ғысынан бәсі басым. Жаңақорған ши­пажайын кеңестік кезеңнің өзінде одақ­қа танымал еткен Теріскен көлінің кие­лі тұзы мен батпағының басынан ба­ғы әлі тайған емес. Осындай аймақты ай­шықты ажарымен алға шығаруда іскер бас­шының ілкімді талабының арқасында ауданымыз табанынан нық тұрып келеді. Соның ішінде соңғы он бір айда халық­тың көз алдында қанатын кеңге жайған жағымды жаңалықтарға тоқталайық. парк Балалар алаңқайы жаңақор­ған­дық­тардың көптен бергі арманы еді. Бала­сы­на жан-жақты жағдай түзей алмаған ел «төрт құбылам түгел» дей алмасы анық. Мемлекет басшысының биылғы жыл­ды «Балалар жылы» деп жариялауы те­гін емес. Сәби жасында саналы тәр­бие­ге сусындап өспеген ұрпақпен өрі­сі­міз өркендер ме? Аудан әкімінің бірінші зер салған мәселесі де осы болды. Қыз­метке келісімен «балаларды толық қам­туға мүмкіндігі бар үлкен саябақ салып бе­ремін» деп уәде берді халыққа. Бірақ қалай? Бюджет қаржысының мүмкіндігі бар ма оған? «Қалауын тапса қар жа­на­ды» деген тәмсілді қазекем бекер айт­па­ған болар. Туған жердің патриот аза­мат­тарына қолқа салып көруге болмай ма? Ол сенімді түрде осындай қадамға бар­ды. Аудан әкімінің ұсынысымен белгілі кә­сіпкер Марлен Искаков «Азимут-М» ЖШС-ның қаржысы есебінен жоба құны 790 млн теңге тұратын жұмысты мой­нына алып, заманауи PRIME PARK де­малыс саябағын салды. Мұнда тұр­ғын­дардың кешкі уақытта таза ауамен ты­ныс алып, сауық құрып серуендеуіне бар жағ­дай жасалған. Түрлі аттракцион, су­бұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары демалушылар игілігіне ұсынылды. Ауылдық жерде алғаш қа­зығын қаққан мұндай заманауи қоғам­дық кеңістік облыс аудандары ішінде осы Жаңақорғанда ғана тұңғыш тұғыр тіктегенін айтуымыз керек. Президент тап­сырмасымен Балалар жылы ая­сында тіпті еліміз бойынша сәбилерге мұн­­шалықты тарту жасай алған бір Жаңа­қорған ғана екенін жоғарыдан кел­ген өкілдердің өз аузынан естіге­німізді айту да артық болмас. Жаңақорғанда бірнеше жылдан бері ба­лалар ойын алаңқайы өзекті болып кел­ген еді. Биыл аймақ басшысының тап­сырмасына сәйкес өңір бойынша 80 ша­ғын ойын алаңқайы берілсе, соның 10-ы Жаңақорған ауданына тиесілі болып отыр. Халықта «Ауылын көр де, азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Әкімнің ең бірінші қолға алған жұмысы Жаңақорған кентінің көшелерін түгел жарық­тан­дыруы дер едік. Жол бойлары ғана емес, басты көшелерде ғимараттардың маң­дайшалары, аркалар мен жарықшам бағаналарының жарықпен декоративті безендірілуі кенттің архитектуралық ансамблін айшықтап, қалалар үлгісімен үндестік табуы, әрине жұртшылыққа қуа­ныш сыйлады. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» авто­жо­лынан Жаңақорған кентіне кірер жол­дағы арка, мұнан өзге барлық елді ме­кенде кіреберіс қақпалар жаңартылды. Кентке кіретін негізгі көшеге айналма жол аз уақытта салынып, автожол қауіп­сіздігінің алдын алды. Сонымен қатар кент­тің ажарын ашып тұрған биік «Құм­сағат» айнала тіршілікке мәртебелі уа­қыттың маңызын меңзейтін сән-сал­та­на­тымен асқақ тұр. Осы жұмыстардың бар­лығын жеке демеушілердің іске асыруы игілікті істі қолдап-қуаттайтын ха­лықтық қасиетіміздің жандануының нә­тижесі десек, екіншіден елжанды аза­маттарды ұлы іске ұйыстыра алуда жай­машуақ мәмілегерлік қарым-қатынасты ұстағанның ұтары көп екеніне көзімізді жеткізді. Осындай жанды жұмыстар нәтиже­сін­де облыс аудандары ішінде бюджеттен тыс қаржы есебінен елдік мәселелерді ше­шуде Жаңақорған ауданы ең жоғары орын­да тұр. Ауданның биылғы он айында жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсет­кіштеріне келсек, барлық макроэко­но­микалық көрсеткіш бойынша өсім қам­тамасыз етілді. Агроөндірісті аймақ қана емес, өнеркәсібі де ырғақты тынысынан жаңылмай келе жатқан кенді өңірде өр­кенді өзгеріс көп. Инвестиция тартуда об­лыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы ар­найы ауданымызға іссапарында «Шал­қия Цинк ЛТД» АҚ-ның басшылығымен келісімге келіп, оң нәтижеге қол жетті. Нақ­тылап айтқанда, есепті кезеңге тар­тылған инвестиция көлемі 40 853 млн теңгені құрады. Бұл былтырдан 126,5 пайыз­ға артық. Аталған жобалар қа­тарын­да Жаңақорған ауданында «Жан-Арай» ЖШС 150 орынға арналған шипа­жай құрылысы да басталды. Сонымен қатар жоба құны 5,2 млрд теңге тұратын 3,5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылғанда, ол облыс халқының үш­тен бір бөлігін құс етімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жаңақорған Ел дамуының өзегі саналар электр­мен жабдықтау жүйесі бойынша 75 пайы­зы жарамсыздану алдында тұрған ау­мақтарды толығымен жаңарту үшін 3,4 млрд теңге қаржы тұратын жобаға түрен са­лынды. Жарықтандыру бойынша жағ­дайы ауыр тоғыз елді мекенге (Қандөз, Келінтөбе, Қожакент, М.Нәлібаев, Қыр­кеңсе, Манап, Құттықожа, Сунақата, Аққор­ған) электр желісін жаңартуға 2,2 млрд теңге бөлінген. Бұл бойынша мем­ле­кеттік сатып алу конкурсы өтіп, мер­ді­гер мекемелер анықталды. Келер жы­лы жұмыс басталып кетеді. Биыл барлық маңыздағы жолдарды жөн­деуге 920 млн теңге, оның ішінде об­­­лыстық маңызы бар 4 автомобиль жо­лын орташа жөндеуге республикалық бюд­жеттен 528,4 млн теңге, 17 елді ме­кен­нің 19 көшесін орташа жөндеуге 390,9 млн теңге бөлінді. Ал білім сала­сын­да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шең­берінде заманауи үлгіде 600 және 300 орындық екі мектеп пен 1 балабақша құрылысы жүргізілуде. Байкенже ауылы тұрғындарының сұранысы бойынша жаңа білім ошағын тұрғызуға облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлінді. Со­нымен қатар жалпы құны 472 млн тең­ге болатын 150 орындық 2 клубтың құры­лысы салынуда. «Ауыл – ел бесігі» ая­сында Ақжол ауылында жалпы құны 409 435 мың теңге тұратын спорттық ке­шен құрылысы басталды. Ауданда бар­лық елді мекенде дерлік спорттық ке­шендердің бар екенін ауыз толтырып айтуға болады. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жағдайына келсек, Жаңақорған кенті 100 пайыз газбен жабдықталып біт­ті деуге негіз бар. Енді елді мекендерді де кезекпен газбен қамту жобасы әзір­ле­нуде. Биыл Бірлік пен Қыраш елді ме­кен­деріне газ тарту жұмысына 681 млн теңге қаржы бөлінді. 2023 жылға Кей­ден, Құттықожа, Шалқия, Төме­на­рық, Жайылма елді мекендерін газбен қам­тамасыз ету мақсатында жалпы құны 3,5 млрд теңге қаржы бөлініп тұр. Мер­дігер дайын. Жаңақорған ауданының өзге өңір­лерге қарағанда әлеуетіне дем берер өн­діріс ошақтары ведомствоның жос­па­рын тиянақты орындаумен қатар жер­гілікті жер бюджетіне қомақты үлес қо­сып келе жатқанын айтпай кетуге бол­майды. Биыл ауданда 11 айдың қоры­тындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 108 802 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің кө­лемі 75 402 млн теңге болып, 112,1 пайыз­ға орындалды. Тарқатып айтар бол­сақ, «ҚазАтомПром» АҚ-на қарай­тын уран өндірісімен айналысатын «Қы­зыл­құм» ЖШС мен «Байкен-U» ЖШС, жы­лына 500 мың тонна күкірт қыш­қы­лын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС, әк өн­діре­тін «Премиум класс-строй» ЖШС, қиыр­шық тас өндіретін «ҚДСМ-Қыран» ЖШС компаниялары заман талабына сай жаңа технологиялар мен құрал-жаб­дықтарды қолдану арқасында мол табыс әкеліп отыр. Аудандағы егін шаруашылығымен ай­налысатын құрылымдар 36 777 гек­тарға егіс екті. Сонымен қатар ауданда егісті әртараптандыру бағытында 2022 жылы Алматы облысы «Қазақ егіншілік жә­не өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерт­теу институтының ғалымдарымен бір­лесе дәріленген қант қызылшасы тұ­қымының бірінші репродукциялы гиб­рид «Ақсу» сорты Жайылма ауылдық округіне қарасты «Сенім» шаруа қожа­лы­ғының 2 гектар алқабына алғаш рет қант қызылшасы тәжірибелік негізде егіл­ді. Қант қызылшасының әр гек­та­ры­нан 270 центнерден өнім алынды. Өнім­нің қанттылығы 18,5 пайызды құрады. Су­ды көп қажет етпейтін дақылды тұрақ­тандыру технологиясын жетілдіре отырып, мол өнімге негіз қалап, келешек жергілікті жерде қант өндіретін цех ашу жос­парлануда. Жаңақорған Бүгінде негізгі мәселеге айналған ба­ғаны тұрақтандыру саясаты бойынша өңір басшысының тапсырмасымен әрбір отбасының күнкөрісін қамтамасыз етуде үйіргелік он сотық жер телімдерін беру ауыл халқының күнделікті ас-азықтық дақылдарын дайындап алуына мүмкіндік береді. Бұдан өзге ауыл әкімдері қол­дауы­мен елді мекендерде канал сағасына агрозона қоршап берілуі ырыс-несібесін өз қолымен қамдауға ынталы азамат­тардың еңбегіне серпін беріп отыр. Ауызсу мәселесін шешуде де Жаңа­қор­ған кенті, Екпінді, Сунақата, Төме­на­рық, Еңбек ауылдарында ауызсумен жабдықтау желісін қайта құру жұмыстары жүргізіліп бітті. Аяқсу бойынша аудан­дық бюджет есебінен Қаратөбе ауылдық округіндегі Келінтөбе магистралды ка­налы мен Сумағар каналына реконс­трук­циялау жұмыстары жүргізілді. Ке­лін­төбе магистралды каналы бойынан 12 шақырымға механикалық тазалау жұмыстары жүрді, Күркіреуік каналы­ның қашыртқылары тазаланды. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік бойынша ілгерілеу көп. Оның ішінде, 320 заңды тұлға, 2 502 шаруа қожалығы, 27 775 жеке кәсіпкер тіркелген. Биыл 1 848 жаңа жұмыс орны құрылып, оның 880 түрі тұрақты бағыт алды. Жыл ба­сынан бері кәсібін бастаймын деген аза­маттардың 129 жобасына 609, 5 млн тең­ге қолдау қаражат берілді. Ауданның орталығы Жаңақорған кентінде және елді мекендерде кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үйлердің көптеп бой кө­теруі ел жағдайының әл-ауқатынан ха­бар беретіндей. Екіншіден, өз еңбегіне иек артқан жұртшылықтың жанды іс-қи­мылы, айналып келгенде туған жер ке­лешегінің жарқын болуына да негіз қа­лайтыны айтпаса да түсінікті. Тарқата берсек, ауданда түйіні тарқа­тыл­ған тірлік көп. Ең бастысы, елге бол­са екен деген ниетпен іс басында жүр­ген азаматтардың мұраты жан-жақ­ты қолдау тауып, жұдырықтай біріксе, біт­пейтін тірлік жоқ екеніне көптің көзі же­тіп отыр. Елдің берекеті әкімнің әлеуе­тімен үйлескенде үлкен істер ат­қары­латынының бір дәлелі бұл. Мемлекет басшысы кешегі өткен Үкі­меттің кеңейтілген мәжілісінде өмір са­пасын жақсартуға баса назар ауда­ры­латынын айтты. «Азаматтарымыз нақты оң өзгеріс бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр» деді Президент. Біздің пайы­мымызша, Сыр өңірінде жаңашыл өзгерістер басталып та кеткен тәрізді. Ең бас­тысы, ел болып іс тетігін таба білер тұл­ғалармен бірлікте болуға тиіспіз. Өйт­кені бұл екеуінің бақ-мерейін бір-бірі­нен ажыратуға келмейді.

Баян ҮСЕЙІНОВА, Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданы