Батыс Қазақстан облысында жол құрылысына бөлінген 3,2 млрд теңге игерілмей қалды. Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиевтің мәлім еткеніндей, осы қаржыны республикалық бюджетке қайтаруға тура келді.
Оның айтуынша, битумның тапшылығы және теміржол вагондарының жетіспеушілігі салдарынан Ақтөбе облысынан қиыршық тас жеткізілмегендіктен, Барбастау-Ақжайық-Индербор, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты және Жаңақала-Сайқын бағытындағы жолдарда ауқымды жұмыстар атқарылмай қалды.
Бұл жерде мердігер мекемелерді кінәлау қиын. Әңгіме битум мен қиыршық тастың дер кезінде жеткізілмеуінде болып отыр. Мысалы, БҚО-да вагондармен қамту деңгейі төмен. Оның үстіне, теміржол Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек және Тасқала аудандары арқылы ғана өтеді. Қалған аудандарға құрылыс материалдарын автокөліктермен тасуға тура келеді. Қазір осы мәселені шешу үшін Жол картасын жүзеге асыру ойластырылуда. Осы бағытта тиісті мекемелермен, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Т.Меңдіғалиевтің сөзіне қарағанда, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл 61 жобаны жүзеге асыру үшін 27 млрд теңге бөлініп, 350 шақырымнан астам жергілікті жолдарды жөндеу жоспарланған еді.
«Осы жобалардың 27-сі бойынша көзделген межеге қол жеткізілді. 11 жоба бойынша нысандар пайдалануға берілді. Ал 5 жоба мердігерлердің анықталмауына, сотта қаралуына байланысты іске асырылған жоқ. Сондай-ақ битум тапшылығы, теміржол вагондарымен инертті материалдардың жеткізілмеуі және дизель отынының жетіспеушілігі мен қымбаттауына байланысты 17 жоба бойынша жұмыстар мерзімінен бұрын тоқтап қалды. 11 айдың қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың 246 шақырымы жөнделіп, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 46 пайызға ғана жетті. Қазір алдағы жылға дайындық жұмыстары жүргізілуде»,- деді Т.Меңдіғалиев.
2023 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 21,9 млрд теңге қарастырылып, 71 жобаны жүзеге асыру ойластырылуда. Соның ішінде 27 жаңа жобаның 18-і бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ұйымдар анықталды.