Ақтөбеде жантүршіктірер оқиға болды. Ішінде жаттықтырушы мен балалар болған көлік жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Polisia.kz сайты. Полиция мәліметінше, бір бала қайтыс болған. Оқиға 17 желтоқсанда Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолының 68-шақырымында болған. Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны басқарған Toyota Estima автокөлігі аударылып кеткен. Автокөлік ішінде 11 адам, оның ішінде 2010-2011 жылдары туған 9 бала болды. Олар Шұбарқұдық ауылынан Ақтөбе қаласына волейболдан жарысқа қатысу үшін шыққан. Салдарынан бір бала жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды, қалған 8 бала Ақтөбе қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
"Құрметті азаматтар, ҚР Индустрия және инфрасқұрылымдық даму министрлігінің "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығына сәйкес, балаларды тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруі үшін белгіленген мерзімге дейін 3 тәулік бұрын сұраныс ұсынылуы қажет", - деп ескертті Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Айдос Кулжанов.