Мәжілістің жалпы отырыс залында өтіп жатқан Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин депутаттардан сын естіді. Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова отырыс барысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннен жыл сайын байланыс операторларына инфрақұрылымды дамытуға және жаңартуға, сондай-ақ, олардың қызметіне мемлекет қазынасынан миллиардтаған қаржы бөлінетінін айта келе, бұл жұмыстардың тиімділіне баға беруді сұрады. Өз кезегінде министр жауабын нақты жеткіземін деп мәселені ұзақ түсіндірді. Депутаттар ведомство басшысының бұл әрекетін сынға алып, артынша Бағдат Мусин депутат Еділ Жаңбыршиннен ескерту алды.
«Сіз асықпай-аптықпай қысқа және нұсқа жауап беріңіз. Біздің уақытымызды алмаңыз бұл жерде. Бұл жерде ешкім ойнап отырған жоқ. Сондықтан, сіздерге нақты сұрақ беріледі, нақты жауап беріңіздер. Не зат мынау? Басын бастайсың, аяғы жоқ. Адамның басын "забалтывать" етесіздер. Парламентке келдіңіздер ме дұрыстап жауап беріңіздер. Қысқа өте нұсқа. Адамның басын айналдырмаңдар», – деді Еділ Жаңбыршин.