Үй маңындағы дүкендер үрей құшағында
Үй маңындағы дүкендер үрей құшағында
8,499
оқылды
Келесі жылы үй маңындағы шағын дүкендерге соққы жасалғалы тұр: оларға салық және басқа ауыртпалық артылмақ. Дүкен иелері осыған алаңдап, дабыл қағып жатыр. Жалпы, ірі гипер, супермаркеттерге қарағанда бағалары жоғары болғанымен, бұл дүкендер халықтың «құтқарушысы» болып отыр. Қонақ сау ете қалса, баласын үй маңындағы дүкенге жүгіртеді. Кейбір дүкен иесі таныс тұрғындарға тауарын қарызға да береді. Тіпті, ірі сауда орындарында таппағаныңызды содан табасыз. Себебі сауда желілері сөрелерін ресейлік тауарға, алпауыт брендтерге сатып, өзгесін шектейді. Ұсақ кәсіпкер, отандық өндіруші тауарын негізінен ұсақ дүкендермен келісіп, өткізеді. Таяуда Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде апат болып, тұтас қала қақаған қыста қатып қалғанда үй маңындағы дүкендер де біраз зардап шекті. Кәсіпкерлер палатасының Екібастұз қалалық филиалы директоры Медият Мұсанап апаттан зардап шеккен бизнес субъектілерін аралап шы­ғыпты. Оның айтуынша, мәселен, бес қабатты тұрғын үйде орна­ласқан «Мишка» дүкенінде жылу болмағандықтан, жеміс-жидек­тері үсіп, бүлінген. «Эйр бум» дү­кеніндегі батареялар жарылған: жылу берілгенде радиаторлардағы жарықтардан ыстық су төгіліп, тауарлар жарамсыз болып қалған. Өзге сауда орындарына нұқсан келген. Осыған орай Ұлттық кә­сіпкерлер палатасы бизнеске кел­тірілген зиянды өтеу әрекет­терінің алгоритмін түзді. Бірақ үйлердегі дүкендерге бәріне ортақ бір қатердің ұшы көрінді. Олардың көбі жойылып кетуі де мүмкін екен. Бұл туралы журналистерге «Атамекен» пала­тасының атқарушы хатшысы, бас­қарма мүшесі, экономист Нұр­лан Сақуов айтып берді. Оның дерегінше, бүгінде Қа­зақстанның барлық өңірі бо­йын­ша «үйдегі дүкен» форматындағы жалпы саны 50 мыңдай шағын сауда орны бар. Яғни, олар отан­дық шағын бизнестің ең бір кең таралған, саны көп нысаны сана­лады. Оның әрқайсысында ең кемі 3 адам жұмыс істейді. Егер олардың бәрі жабылып тынса, 150 мыңнан астам адам жұ­мысынан айырылып, жұмыс­сыздар қатарын толтыруы ықти­мал. Өйткені жаңа 2023 жылдан бастап дәл осы бөлшек сауда орындарына қатысты өзгерістер қол­данысқа енеді. Кәсіпкерлер мен сарапшылардың байла­мын­ша, ол өзгерістер бизнесті ты­ғы­рыққа тіреуі ықтимал. Салықтық жаңашылдықтардың мәнісі неде? Шағын кәсіпке – қатаң талап Нұрлан Нұртазаұлының тү­сіндіруінше, елді пандемия жай­лағанда мемлекеттік қолдау ре­тінде 2020 жылдан бастап 2022 жыл­дың соңына дейін бөлшек сауда жеке табыс салығын тө­леуден босатылды. Ал жаңа жыл­дың 1 қаңтарында бұл жеңілдіктің күші жойылады. Екі жыл бұрын мемлекет пилоттық режимде «бөл­шек салық» дегенді енгізді.
«Үш жыл бұрын үй маңындағы дүкендерге екінің бірін таңдау ұсынылды: не олар салық салудың жеңiлдетiлген режимiне көшеді, онда 12 пайыз қосылған құн са­лығын төлеуге тура келеді немесе олар 3 пайыздық бөлшек салыққа ауысады. Әрине, дүкен иелеріне 3 пайыздық салықты төлеу әлде­қайда тиімді. Ал енді жаңа жылдан бастап осы бөлшек салық 4 па­йызға көтеріледі. Сонымен бірге Қаржы министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу шегін 30 мыңнан 20 мың айлық есептік көр­сеткішке дейін төмендетті. Бұл ұсақ дүкендерге қиындық әке­леді. Енді табысы 61 млн тең­геден асатын барлық кәсіпкер 12 пайыздық қосымша құн салығын төлеуге мәжбүр болады», – деді Н.Сақуов.
Мұның сыртында үйлердегі дүкендерді салық есептілігінің 913-нысан-формасын толтыруға міндеттеді. Яғни, оларға толық бухгалтерлік есеп жүргізуге тура келеді. Бұл дегеніміз – қосымша шығын шығарып, штатқа бух­галтер алу немесе үнемі бухгал­терлік қызметке ақы төлеуді білдіреді. Бұған қоса, барлық шағын дүкен бақылау-кассалық аппа­раттармен, қолма-қолсыз есеп айырысуға арналған терми­нал­дармен, бейнебақылау жүйеле­рі­мен жабдықталып, күзет фирма­ла­рының бақылауында болуы керек. Одан өзге де міндетті та­лап­тар жетіп артылады.
«Дүкендер эквайрингті ірі сауда желілерімен тең деңгейде төлейтініне шағымданады. Бұл – банк қызметі үшін төлем. Оның құны әртүрлі: комиссия көлемі қызмет саласына қарай 2 пайызға дейін жетеді. Мұның өзі ай са­йынғы қосымша шығын. Кіш­кентай дүкендер үшін сал­мақ­ты ауыртпалық. Сондықтан мик­родүкендерге және супермар­кеттерге арналған банк тарифтері арасында неге айырмашылық жоғына наразылық білдірген кә­сіпкерлердің қарсылығын түсі­нуге болады. 4 пайыз бөлшек салыққа 2 пайыздық эквайринг, бухгалтерлердің, сатушылардың, күзетшінің жалақысы, орын­жай­ды, жертөлені жалға алу ақысы, коммуналдық қызметтер қосыл­ғанда, үйдегі дүкендерге табыс табу оңайға соқпайды», – деді «Атамекен» палатасының басқар­ма мүшесі.
Оның мәліметінше, «Атаме­кен» палатасы бұл мәселені бір­неше рет көтеріпті. Соның ішінде 913-нысандағы есептілікті же­ңілдетуді сұраған. Бірақ бұдан еш нәтиже шығара алмады. Ендеше келесі жылы шағын кәсіпкерлерге ауырлатылған та­лаптармен жұмыс істеуге тура кел­мек. Экономистің ұстаны­мынша, мемлекет микробизнеске салық жүктемесін арттырмауы керек. Сонда олар тез дамып, орта бизнеске дейін өсіп, жетіледі. Ал егер оларға салмақ сала беретін болса, жұмысы қалыпты, саудасы жақсы нысандар шағын бизнес ретінде жұмысын жалғастырады. Енді бірі бөлігі жабылып қалады. Көлеңкелі экономика қоюлана түспей ме? Салық режимін жеңілдету – бизнесті күнгейге шығарудың жақ­сы бір тетігі. Тиісінше, оны ауырлату кәсіпкерлікті бұлыңғыр бухгалтерияға қайта қуып тығады. Қазірдің өзінде кейбір дүкен шы­тырлаған купюралармен есеп­тес­кендерге шамалы жеңілдік ұсы­нып, қолма-қол сауданы ын­та­ландыра бастады. Көлеңкелі эко­номиканың белең ала баста­уының бір белгісі болса керек. Бұл оларды басқа да тәуекелге итермелейді. Тауар жеткізушілер үйлердегі дүкендерден ақыны қолма-қол төлеуді талап етеді екен. Елордадағы үй дүкеннің иесі Орал бизнестің осы түрі қорғансыз екенін жеткізді. Дүкенді ашу үшін қаншама жүгірген, талай инстан­цияға жүгінген.
«Әу баста жаңа қолданысқа берілген тұрғын үй кешенінде су­пермаркет ашу қарастырылған. Соған бәсекелес болады деп азық-түлік дүкенін ашуға құрылыс ком­паниясы да, МИБ те шектеу қойды. Өз құқығымды қорғау үшін сотқа бердім. Алайда проб­лемасы көп кәсіп екен. 2020 жыл­дан бері елді қымбатшылық жай­лады. Содан әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын тұрақ­тандыруға арналған мониторинг­тік топтар, құзырлы органдар қыз­меткерлері қайта-қайта келіп ма­заны алды. Біз мұндай шы­ғын­мен жұмыс істей алмаймыз. Азды-көпті табыс табуымыз керек. Көбіне жеткізуші фирмалар ірі сауда желілеріне тауарды арзан бағада ұсынады. Ал бізден толық құнын сұрайды әрі алдын ала төлем жасауды талап етеді», – деді кәсіпкер.
Ол мемлекетке бөлшек сау­даны емес, көтерме саудадағы ба­ғаны реттеуді ұсынады. Біраз жеткізуші фирма, көтер­ме сауда операторлары үйдегі дүкендерден онлайн ақыны қа­был­даудан бас тартады. Олар та­уарды тек қолма-қол ақшаға бе­руге дайын. Бұл мәселені «Күші­міз бірлікте» кәсіпкерлер қауым­дастығының төрағасы Еділ Қа­зақпаев көтерді. Мәселенің ше­шімін табу үшін өңірлік палата, салық органдары, жетізуші фир­малардың бас кеңселері бас қо­сып, талқылап жатыр.
«Үйдегі дүкендерге тауар жет­кізетін фирмалардың қолма-қол есеп айырысуды талап етуі орын­сыз. Мұндай талап бізге физи­ка­лық және экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сонша қолма-қол ақша­ны қайдан табамыз? Елдің бәрі банк қосымшасымен, картамен төлейді. Қаржыны банктен шешіп алсақ, ол үшін банкке комиссия төлеуге тура келеді. Мемлекеттік кірістер органдардың саясаты қол­ма-қолсыз төлемге бағыт­талған: бұған бізді міндеттейді. Оны бұзсақ, жаза қарастырылған. Бұл талапты орындаймыз, сол үшін шағын дүкендерден қолма-қол ақы талап етілуіне жол бе­рілмегені жөн», – деді бизнесмен.
Өзге кәсіпкерлер де экспеди­торлардың «тірі» ақшаны талап етуі әр өңірде белең алғанын жа­сырмады. Өнім жеткізушілер түрлі сылтаумен чек бермейді де­ген әңгіме бар. Чек бермегені үшін жеке кәсіпкерлерге 20 АЕК (2022 жылы 61 260 теңге) айыппұл ғана қарастырылған. Көлеңкелі экономикаға кеткендер мұны шыбын шаққан құрлы көрмейді. Қа­лай болғанда, шағын ғана дү­кендердің проблемалары үлкен еке­ні байқалады. Қазіргі алма­ға­йып шақта оларды қыспаққа ал­ған­нан қолдаған жөн болса керек.