Келесі жылы үй маңындағы шағын дүкендерге соққы жасалғалы тұр: оларға салық және басқа ауыртпалық артылмақ. Дүкен иелері осыған алаңдап, дабыл қағып жатыр. Жалпы, ірі гипер, супермаркеттерге қарағанда бағалары жоғары болғанымен, бұл дүкендер халықтың «құтқарушысы» болып отыр. Қонақ сау ете қалса, баласын үй маңындағы дүкенге жүгіртеді. Кейбір дүкен иесі таныс тұрғындарға тауарын қарызға да береді. Тіпті, ірі сауда орындарында таппағаныңызды содан табасыз. Себебі сауда желілері сөрелерін ресейлік тауарға, алпауыт брендтерге сатып, өзгесін шектейді. Ұсақ кәсіпкер, отандық өндіруші тауарын негізінен ұсақ дүкендермен келісіп, өткізеді. Таяуда Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде апат болып, тұтас қала қақаған қыста қатып қалғанда үй маңындағы дүкендер де біраз зардап шекті. Кәсіпкерлер палатасының Екібастұз қалалық филиалы директоры Медият Мұсанап апаттан зардап шеккен бизнес субъектілерін аралап шығыпты. Оның айтуынша, мәселен, бес қабатты тұрғын үйде орналасқан «Мишка» дүкенінде жылу болмағандықтан, жеміс-жидектері үсіп, бүлінген. «Эйр бум» дүкеніндегі батареялар жарылған: жылу берілгенде радиаторлардағы жарықтардан ыстық су төгіліп, тауарлар жарамсыз болып қалған. Өзге сауда орындарына нұқсан келген. Осыған орай Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске келтірілген зиянды өтеу әрекеттерінің алгоритмін түзді. Бірақ үйлердегі дүкендерге бәріне ортақ бір қатердің ұшы көрінді. Олардың көбі жойылып кетуі де мүмкін екен. Бұл туралы журналистерге «Атамекен» палатасының атқарушы хатшысы, басқарма мүшесі, экономист Нұрлан Сақуов айтып берді. Оның дерегінше, бүгінде Қазақстанның барлық өңірі бойынша «үйдегі дүкен» форматындағы жалпы саны 50 мыңдай шағын сауда орны бар. Яғни, олар отандық шағын бизнестің ең бір кең таралған, саны көп нысаны саналады. Оның әрқайсысында ең кемі 3 адам жұмыс істейді. Егер олардың бәрі жабылып тынса, 150 мыңнан астам адам жұмысынан айырылып, жұмыссыздар қатарын толтыруы ықтимал. Өйткені жаңа 2023 жылдан бастап дәл осы бөлшек сауда орындарына қатысты өзгерістер қолданысқа енеді. Кәсіпкерлер мен сарапшылардың байламынша, ол өзгерістер бизнесті тығырыққа тіреуі ықтимал. Салықтық жаңашылдықтардың мәнісі неде? Шағын кәсіпке – қатаң талап Нұрлан Нұртазаұлының түсіндіруінше, елді пандемия жайлағанда мемлекеттік қолдау ретінде 2020 жылдан бастап 2022 жылдың соңына дейін бөлшек сауда жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Ал жаңа жылдың 1 қаңтарында бұл жеңілдіктің күші жойылады. Екі жыл бұрын мемлекет пилоттық режимде «бөлшек салық» дегенді енгізді.
«Үш жыл бұрын үй маңындағы дүкендерге екінің бірін таңдау ұсынылды: не олар салық салудың жеңiлдетiлген режимiне көшеді, онда 12 пайыз қосылған құн салығын төлеуге тура келеді немесе олар 3 пайыздық бөлшек салыққа ауысады. Әрине, дүкен иелеріне 3 пайыздық салықты төлеу әлдеқайда тиімді. Ал енді жаңа жылдан бастап осы бөлшек салық 4 пайызға көтеріледі. Сонымен бірге Қаржы министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу шегін 30 мыңнан 20 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетті. Бұл ұсақ дүкендерге қиындық әкеледі. Енді табысы 61 млн теңгеден асатын барлық кәсіпкер 12 пайыздық қосымша құн салығын төлеуге мәжбүр болады», – деді Н.Сақуов.Мұның сыртында үйлердегі дүкендерді салық есептілігінің 913-нысан-формасын толтыруға міндеттеді. Яғни, оларға толық бухгалтерлік есеп жүргізуге тура келеді. Бұл дегеніміз – қосымша шығын шығарып, штатқа бухгалтер алу немесе үнемі бухгалтерлік қызметке ақы төлеуді білдіреді. Бұған қоса, барлық шағын дүкен бақылау-кассалық аппараттармен, қолма-қолсыз есеп айырысуға арналған терминалдармен, бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, күзет фирмаларының бақылауында болуы керек. Одан өзге де міндетті талаптар жетіп артылады.
«Дүкендер эквайрингті ірі сауда желілерімен тең деңгейде төлейтініне шағымданады. Бұл – банк қызметі үшін төлем. Оның құны әртүрлі: комиссия көлемі қызмет саласына қарай 2 пайызға дейін жетеді. Мұның өзі ай сайынғы қосымша шығын. Кішкентай дүкендер үшін салмақты ауыртпалық. Сондықтан микродүкендерге және супермаркеттерге арналған банк тарифтері арасында неге айырмашылық жоғына наразылық білдірген кәсіпкерлердің қарсылығын түсінуге болады. 4 пайыз бөлшек салыққа 2 пайыздық эквайринг, бухгалтерлердің, сатушылардың, күзетшінің жалақысы, орынжайды, жертөлені жалға алу ақысы, коммуналдық қызметтер қосылғанда, үйдегі дүкендерге табыс табу оңайға соқпайды», – деді «Атамекен» палатасының басқарма мүшесі.Оның мәліметінше, «Атамекен» палатасы бұл мәселені бірнеше рет көтеріпті. Соның ішінде 913-нысандағы есептілікті жеңілдетуді сұраған. Бірақ бұдан еш нәтиже шығара алмады. Ендеше келесі жылы шағын кәсіпкерлерге ауырлатылған талаптармен жұмыс істеуге тура келмек. Экономистің ұстанымынша, мемлекет микробизнеске салық жүктемесін арттырмауы керек. Сонда олар тез дамып, орта бизнеске дейін өсіп, жетіледі. Ал егер оларға салмақ сала беретін болса, жұмысы қалыпты, саудасы жақсы нысандар шағын бизнес ретінде жұмысын жалғастырады. Енді бірі бөлігі жабылып қалады. Көлеңкелі экономика қоюлана түспей ме? Салық режимін жеңілдету – бизнесті күнгейге шығарудың жақсы бір тетігі. Тиісінше, оны ауырлату кәсіпкерлікті бұлыңғыр бухгалтерияға қайта қуып тығады. Қазірдің өзінде кейбір дүкен шытырлаған купюралармен есептескендерге шамалы жеңілдік ұсынып, қолма-қол сауданы ынталандыра бастады. Көлеңкелі экономиканың белең ала бастауының бір белгісі болса керек. Бұл оларды басқа да тәуекелге итермелейді. Тауар жеткізушілер үйлердегі дүкендерден ақыны қолма-қол төлеуді талап етеді екен. Елордадағы үй дүкеннің иесі Орал бизнестің осы түрі қорғансыз екенін жеткізді. Дүкенді ашу үшін қаншама жүгірген, талай инстанцияға жүгінген.
«Әу баста жаңа қолданысқа берілген тұрғын үй кешенінде супермаркет ашу қарастырылған. Соған бәсекелес болады деп азық-түлік дүкенін ашуға құрылыс компаниясы да, МИБ те шектеу қойды. Өз құқығымды қорғау үшін сотқа бердім. Алайда проблемасы көп кәсіп екен. 2020 жылдан бері елді қымбатшылық жайлады. Содан әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын тұрақтандыруға арналған мониторингтік топтар, құзырлы органдар қызметкерлері қайта-қайта келіп мазаны алды. Біз мұндай шығынмен жұмыс істей алмаймыз. Азды-көпті табыс табуымыз керек. Көбіне жеткізуші фирмалар ірі сауда желілеріне тауарды арзан бағада ұсынады. Ал бізден толық құнын сұрайды әрі алдын ала төлем жасауды талап етеді», – деді кәсіпкер.Ол мемлекетке бөлшек сауданы емес, көтерме саудадағы бағаны реттеуді ұсынады. Біраз жеткізуші фирма, көтерме сауда операторлары үйдегі дүкендерден онлайн ақыны қабылдаудан бас тартады. Олар тауарды тек қолма-қол ақшаға беруге дайын. Бұл мәселені «Күшіміз бірлікте» кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Еділ Қазақпаев көтерді. Мәселенің шешімін табу үшін өңірлік палата, салық органдары, жетізуші фирмалардың бас кеңселері бас қосып, талқылап жатыр.
«Үйдегі дүкендерге тауар жеткізетін фирмалардың қолма-қол есеп айырысуды талап етуі орынсыз. Мұндай талап бізге физикалық және экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сонша қолма-қол ақшаны қайдан табамыз? Елдің бәрі банк қосымшасымен, картамен төлейді. Қаржыны банктен шешіп алсақ, ол үшін банкке комиссия төлеуге тура келеді. Мемлекеттік кірістер органдардың саясаты қолма-қолсыз төлемге бағытталған: бұған бізді міндеттейді. Оны бұзсақ, жаза қарастырылған. Бұл талапты орындаймыз, сол үшін шағын дүкендерден қолма-қол ақы талап етілуіне жол берілмегені жөн», – деді бизнесмен.Өзге кәсіпкерлер де экспедиторлардың «тірі» ақшаны талап етуі әр өңірде белең алғанын жасырмады. Өнім жеткізушілер түрлі сылтаумен чек бермейді деген әңгіме бар. Чек бермегені үшін жеке кәсіпкерлерге 20 АЕК (2022 жылы 61 260 теңге) айыппұл ғана қарастырылған. Көлеңкелі экономикаға кеткендер мұны шыбын шаққан құрлы көрмейді. Қалай болғанда, шағын ғана дүкендердің проблемалары үлкен екені байқалады. Қазіргі алмағайып шақта оларды қыспаққа алғаннан қолдаған жөн болса керек.