Семейдегі сергелдең
Семейдегі сергелдең
611
оқылды
Еліміз бойынша жылу электр орталығының орта «жасы» 61 жылдан асқаны белгілі болып отыр. Ал Ертістің сол жағалауында орналасқан Семейдегі ЖЭО-1 1934 жылы пайдалануға берілген. Жақында ғана 90 жылдық тарихы бар стансадағы оқыс оқиға Семейдің бірқатар ауданындағы жылу мәселесінің күрделі екенін көрсетіп берді. Тіпті, мұндағы тұрғындар қыста жаңа пәтерін тастап, жайлы, жылы баспана іздеуге мәжбүр.
Дегенмен Абай облысының әкімі Нұр­лан Ұранхаев тұрғындармен кез­десуде қаланың оң жағалауын толық­тай жылумен қамтамасыз ету мәселесі рет-ретімен шешілетінін айтады. Қазір «Орталық» және «Ғаббасов» жылу қазандықтарына жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «103», «103А», «35-квартал» мен «Зооветинститут» қазандығының жо­ба­лық-сметалық құжаттары әзір­леніп жатыр, – деді Нұрлан Ұранхаев.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, жылумен қамтамасыз ету жылдам жөнге келе қоймағанымен, жылу ны­сан­­­­дарында апаттарға жол бермеудің бар­лық қажеттілігі ескеріліп отыр. Тіп­­ті, қаржы жағынан еш қиындық жоқ, тек жылу желілерінің техника­лық жағ­дайына назар аударып отыр­ған жөн. [caption id="attachment_232847" align="aligncenter" width="1487"]жылу © коллаж: Қуаныш Аман[/caption] Бәрінен де қаланың оң жақ бө­лі­гінде жаңадан бой көтерген «Қарағай­лы» ықшамауданындағы кейбір көп­қабатты үйлердің сапасыз салынуы­нан тұрғындар тығырыққа тірелген.
– Мүгедектігі бар баланы тәр­биелеп отырған әпкем сәуір айының басында ғана «Азия» фирмасы салған үйлер мақтаулы болған соң ипо­тека­лық жүйе бойынша алды. Ол кісі қазір мектепте оқитын баласы бар болған­дықтан да, Цемпоселок кентіндегі менің баспанамда тұрады. Ал мен мұнда бір жастағы баласы бар сің­ліммен тұрып жатырмын. Алайда біз күткен талапқа сай болмайтынын қыс түскенде бір-ақ біліп отырмыз. Айына 70 мың теңгеден астам ипотека төле­мін төлейміз, – дейді қала тұрғыны Жеңіскүл Қалиева.
Оның айтуынша, тере­зелерді бірер күн бұрын ауыстырып кеткені­мен, кей тұста­рынан су ағып, суық жел кіреді. Өйт­кені терезелердің қуыс­тарын толық бітемеген. Тұрғын­дар оны шүберек, түрлі ма­та­мен бүр­кеп, қолға түскен дүние­мен суық кір­гізбеудің амалын жасап, жан ба­ғуға мәжбүр. Амалы құрыған тұрғын­дар аяз күшей­геннен ипо­тека­ға алған пәтерін тас­тап, уақытша бас­пана із­деп әлекке түседі. Облыс орта­лығына айналған қа­ладағы жаңа ықшамаудандағы жағдай осы. Шын­дығында, қазір қала орта­лығында болсын, қайбір аудан­да­рында болсын, жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер жетіп ар­тыла­ды. «Халықты баспанамен қам­ты­ған жөн екен» делік, алайда оны қара­шадан басталып сәуірге дейін созылатын жылыту кезеңіндегі жай-күйі келе­шек­те қалай болмақ?! Өкі­нішке қа­рай, бұл мәселе әлі күнге дейін басы ашық күйде қалған жайы бар. Қосымша айта кеткен жөн, бүгінде Семейде жылу магистралінің тозу деңгейі 63,8 пайызды құрайды. Яғни, Ертіс өзенінің қос қапталын алып жатқан алып шаһардағы жылу құбырларының көбі ескірген. Ал бұл жағдай баспаналы болудан бұрын шын мәнінде жайлы баспаналы бо­луды ойлаған тұрғындардың көңіліне күмәнді ұялата түскендей.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы