Алаш тақырыбын қаза бергің келеді

Алаш тақырыбын қаза бергің келеді

Бірер күн бұрын ұлттық арнада Алаш арысына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы эфирге шықты. Тарихи туындыда Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі, сол дәуірде басты ұранға айналған «Оян, қазақ» шығармасы жарыққа шыққан кезең суреттеледі. Осыған орай көрерменді бейжай қалдырмаған сериалдың түсірілу барысы жайлы кинематографист Айсәуле Әбілдамен әңгімелестік. – «Міржақып» «Ұлт ұстазының» жал­ғасы секілді. Түсірілім оңай болды ма? – Бірден айтайын, түсірілім оңай болған жоқ. Биыл локациялар ауқымды, тым үлкен және «Ахмет. Ұлт ұстазына» қара­ғанда екі есе көп. Міржақып жол­да­сым Мұраттың бастапқы идеясынан бас­тап солай «Ахмет. Ұлт ұстазының» жалға­сы іспеттес болған. Америкалықтар спин-офф не интерквэл деп айтып жата­ды. Бірінші жобадағы екінші план актер­лері спин-оффта алға шығады. Енді адам­да қаншама идея бар ғой жарыққа шықпай сөнетін. Осы сәтті пайдаланып идеяны қолдаған, мүмкіндігін байқаған Qazaqstan ұлттық арнасына ерекше алғыс айтқым келеді. – Міржақыптың өмір сүрген уақыты қым-қуыт, қиын сәттер еді. Сценарий ав­тор­лары Гүлнәр Дулатованың кі­та­бына көбірек сүйенген сияқты. Тағы қандай зерт­теушілер сериалға көмек берді? – Сценарий авторлары телехикаяның соңында пайдаланылған 31 әдебиеттің тізімін берді. Сол кітаптың бәрін қол­дан­дық деп айта аламын. Әрине, сце­нарий авторлары Гүлнар апайдың «Шын­дық шырағы» кітабын, тіпті ал­ғаш­қы мір­жақыптанушылардың бірі, атамыздың сүйегін сонау Карелиядан елге алып келген Марат Әбсемет ағамыз­дың әлі баспаға басылмаған қолжазба кітабына дейін алып оқып, ішіндегі құн­ды ақ­параттарды алды. Татар зерт­теу­шісі Виль Галиевтің «Ұлтты оятқан кітап» атты «Оян, қазақ!» кітабының жазылу, таралу, қуғындалу тарихын зерттеген үлкен еңбегі айтарлықтай азық болды.Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!», Дүкен­бай Досжанның «Абақты», Қайсар Әлім­нің Гүлнар апай туралы «Алаш қызы», Берік Әбдіғали, Құрманғали Дәрке­новтердің аштық, Алаш әскері жайлы зерттеулері, Мәмбет Қойгелдінің «Алаш қозғалысы» атты үл­кен еңбегі бар, оны да тұтас қарап, керекті деректерді алдық. – «Ахмет. Ұлт ұстазы» біраз резонанс ту­дырды. «Міржақыптың» беталысы қан­дай? – Кино әлемінде экран көрсетеді деген ұғым бар. Жалпы, киногерлер көп сөйлемейді ғой, біз енді журналистикадан киноға келген соң сөзшең шығармыз (күлді). Беталысын біз емес, сіздер ай­тыңыз­дар. – Продюсер күнделігінен оқып жүрміз: қаржылық қиындықтар, түсірілім кезіндегі сер­гелдеңдер сіздерге ауырлық тудырмады ма? – Әрине, ауырлық тудырды. Бірақ, оны айтып, талқылаудан шаршап кеттік, шы­ны керек. Табиғатымда шағым айта бе­ре­тін пессимистік қасиет жоқ еді, был­тыр амалдың жоғынан айтылды. Бірақ, соны айтудың өзі көп энергияны алып қояды екен. Сондықтан биыл бұл тақы­рыпты қаузаудан кәдімгідей ресми түрде бас тартып жүрмін. – Алаш ардақтыларына арнап сериал емес, фильм түсіру ойларыңызда бар ма? – Алаш тақырыбына бір кірген адам айналып шыға алмай қалады. Мүмкін, осы тақырып біздің өшкелі жүрген ішкі ұлт­тық кодтарымызды басатын шығар. Мүмкін, бұл біздің сол кісілерге деген жиналып қалған сағыныш сезіміміз бо­лар. Әйтеуір, сол тақырыпты қаза бергің келеді, Алаш арыстары туралы әңгімені тыңдай бергің келеді, сондықтан «ге­нерал болуды армандамайтын солдаттың» болмайтыны секілді үлкен фильм түсіруді ойламайтын киногер болуы мүмкін емес. Біз де ақырындап фильм индустриясына аяқ басуды ойлап жүрміз. – Телеарна тапсырысы болғаннан кейін кейбір шектеулер болған жоқ па? – Біздің қанымызға сіңген әдет пе, Кеңес идеологиясы салып берген соқпақ па, әйтеуір көп жағдайда бір жау тауып алып алысып жүргенді жақсы көреміз ғой. Мұндай ұлттық идеологиямызды нық­тайтын істерде бәріміздің бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен шыққан қол болып әрекет етуіміз аса маңызды. Биыл Qazaqstan ұлттық арнасы да осы ретте біз­ге біраз септесті дей аламын. Орынсыз тек­­серіп, шексіз шектеулер айтып маза­мызды алған жоқ. Кейбір мәселелерге бай­ланысты сұрақтар туындады, бірақ оны өзара хат алмасу, келіссөз жүргізу ар­қылы шешіп отырдық. Еліміздің бас арнасына айналған ұлттық арнамен сон­дай демократиялық, зиялы іскерлік бай­ланыс құра алғанымызға қуанамын. –Мұхтар, Ахмет, Міржақып. Келесі кезек кімдікі? – Абай, Мұхтар, Қайым, Ахмет, Ға­зым­бек, Міржақып, Гүлнар деңіз (күлді). Біз MurAi Production атты өте шағын жеке компаниямыз ғой. Қай тараптан қандай тапсырыс түседі және ол қалай көңілімізге қонады – сол бағытта келісіп жұмыс істеп, еңбек етеміз. Продюсер, сценарист, «Ос­кар» сыйлығын алған бірінші мексикалық режиссер Алехандро Гонсалес Иньярриту: «Кино түсіру саған көп нәрсе береді, алайда сенің өміріңнен де көп дүниені алып қояды»,–депті. Сол секілді Мұрат екеуіміздің отбасылық өмірімізде де көп дүниеге орын болмай қа­лып жатады. Биыл, міне 3 жыл дема­лыс­сыз жұмыс іс­теп келеміз, жылда тү­сірілім жұмыстары жазда болғандықтан, бала-шағамызбен жазғы демалысты бірге дұрыс өткізе алмай жүрміз. Ата-ана ретінде ол да тол­ған­дырады. Сондықтан келер жылдың жобасы туралы нақты ештеңе айта алмай­мын. Бұйырғанын көреміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР