16 желтоқсан - ұлттық рухты ояту күні
16 желтоқсан - ұлттық рухты ояту күні
© sarasoz.kz
301
оқылды
Кеше түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Өзім жақсы көретін, Кентаудың Хантағысында тұратын, Қасіретті Желтоқсан оқиғасында  Алматыдағы Республика алаңына шығып, қан жуғанның куәсі болған сол кездегі Политехникалық институтының студенті қазіргі өңіріміздің белсендісі Фаридаға телефон соқтым. Телефонмен қанша сөйлескенімді білмеймін. Әйтеуір көз жасыма ерік бергенімді байқамаппын. Сол кезде мен Қарағандыда оқитын едім. Онда қазақтар көп болмаса да, алматылық студенттер туралы хабардар болған жастар әсіресе КАРГУ Политехтың білімгерлері дайын тұрды. Кооперативный институтта мықтылардың балалары басым болғанымен онда да бас көтерушілер табылды. Алайда, институттың дәл жанында МВД-ның жоғары мектебі  болған соң олардың шығуына да, араласуына да еш мүмкіндік болмады. Ол кезде де жалдамалы пәтерде тұратындар көп. Мен де Ленин көшесіндегі 24 үйде 6 пәтерге тұрақтағанмын. Қарағандыда үй иесі Сара Әбиқызының көп жақсылығы тиді. Ол кісімен танысуым да қызық болған. Жатақханада орын болмаған соң, Кондитерская фабрика аялдамасынан басым ауған жаққа бара жатып, 8 автобусқа міне салдым. Алдыңғы орында әдеміше келген, жасы жетпісті алқымдаған, аққұба апа отыр екен. Қуанып кеттім де дереу қасына жайғастым. Қария кісілердің әдеті емес пе әңгімеге тартып отыратын? Қолымдағы чемоданыма көзі түскен болса керек: «Қайдан келдің, қарағым? Қайдан түсесің?» деп сұрап жатыр. Не істерімді білмей тұрған басым ағымнан жарылып, әйтеуір тоқтаған бірінші автобусқа міне салдым, тұрғылықты жер іздесем деген ниетімді айтқанымда бетіме қарап аңтарылып қалды. Іле-шала: «Айналайын кеш батып бара жатыр, пәтерді қайдан таппақсың, далада үсіп қаласың ғой. Оның үстіне оңтүстіктің ыстығынан кейін Қарағандының қара суығына төтеп бере алмассың. Қазір мен түсемін үйге қонып шық. Сосын ойластыра жатармыз», - деді. Қыркүйек айы болғанмен күн суық жерде жұқалтаң болса да қар жатыр. Екі қабатты үй. Баяғы Хрущевканың екінші қабатына көтеріліп, №6 пәтерге келдік. Кіре сала тап-таза қазақылықтың иісін бірден сездім. Төрт бөлмелі баспана екен. Теледидар тұрған бөлмеге чемоданымды өзі көтеріп апарып қойды. Менде қайдан батылдық болсын?! Отыр десе отырамын, тұр десе тұрайын деп дымымды шығармай отырмын. Үйде ападан басқа ешкім көрінбейді. Ас бөлмеге ертіп барып қою сүт қосқан шәйін қайта-қайта қайнатып беріп жатыр. Бізде шәйнек десе ол жақта ақұман дейді  шәйнекті. Мен де өзіммен бірге ала келген бөлек пакетімдегі  азықтарымды үстел үстіне түгел қойып тастадым. Ертеңгі күніме деп те пакет түбіне ештеңе қалдырмадым. Ләм деген жоқ дастарханға шетінен орналастырып жатыр. Шәйға қанған соң денем балбырап ұйқым келе бастады. Апа бірден байқап қалса керек: «Әлгі бөлмеге барып демала ғой. Қазір үлкен қызым Сайра келеді. Айтпақшы, ол сендерде кафедра  меңгерушісі болып қызмет істейді», - деді. Оны естіген менің зәрем зәр түбіне кетсін. Қайда тап болдым өзім оқуға әрең түскенімде бір пәннен бес алып өлген жерім осы болды. Ертеңнен бастап табанымды жалтыратайын бұл үйден. Михайловка ма, Майқұдық па әйтеуір жер үйде пәтерлер көп болады дегенді естігенмін. Мен орналасқан бөлменің есігінен кімнің кіріп шыққаны анық көрінеді. Оның үстіне есік те жартылай ашық тұр. Бір кезде қоңырау шыр етіп апа есікті ашты. Бойы құрықтай келісті келіншек кіре салысымен «Мама кім келген?» деп анасын сұрақтың астына алып жатыр. Бөтен аяқ киімнен бірден байқап қойса керек. Бір кезде апа білдірмеген болып есікті ақырын жауып кетті. Дауыстары қатты шығып жатыр. «Мама нағыз Қожанасырсың. Чимкенттіктер ушлый болады. М Может она воровка? Тоже мне құдайы қонақ деп кез-келгенді ертіп алып келіпсің» деп жер-жебіріне жетіп жатыр. «Болды тоқтат! Менің шешем емессің! Жібі түзу сияқты, адамдардың бәрі бірдей емес. Әкелерің шахта бастығы болды да менің тәрбием аздық етіпті сендерге. Ол кісі бас ие болды да, сендердің тәрбиелеген мен жұмсақтық жасаппын. Осы үйде бөлме бар артық тұрады, ештеңе етпейді» деп сілкіп тастады. Не керек бірден мәселе шешіліп кетті. «Уһ!» деп жүрегім орныма түсті-ау! Содан туған бауырдай болып кеттік қой. Араласып тұрамыз. Апа дүниеден өткенін естіп арнай құран оқытып қайттым. Өмірде керемет адамдар көп қой. Олар да, мен де риза. Апаның қолының иісі, берекесі сіңген деп саусағынан үнемі шешпей тағып жүретін жалғыз мұғал алтын чалма сақинасын, бөлмеде анда-санда киетін сүйретпесін маған Сайра, яғни қызы «теберік апаңның көзіндей көр» деп берді. Мейірімім түсіп, апаны еске алып орнына түнеп қайттым. Сол жатқан жері жайлы болсын. Сара Әбиқызы апам 1986 жылдың 16 желтоқсан күні қасымыздағы гастрономға таң азанымен сүтке барам деп сыртымыздан құлыптап, кілтті қалтасына салып кетіпті. Содан түстен кейін бір-ақ келді. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Ешқайда шыға алмай, терезеде решетка солай отырдық. Далада қақаған қыс. «Не шықса да осы чимкенттіктен шығады» деп сенен қорықтым дейді келе салып. Кейіннен естідік қой не болғанын, қанша студенттер оқудан шығып қалды. Жалындаған жастардың жүрек оттарына су құйылып өшірілуге әрекет жасағанмен, санадағы намысты ешкім өшіре алмады. Кентауда жиырма шақты желтоқсаншы бар. Солардың ішіндегі жақсы танитыным - Фарида. Кеше кешке Фарида екеуміз желтоқсаншыларды есімізге алдық. Қанша боздақ қыршын кетті. Қанша қыздың пәктігі тапталып, түрмеде отырған қылмыскерлердің ортасына тасталды. Намысты жастардың қанымен, қыздардың арымен келген 16 Желтоқсан - Тәуелсіздіктің бастауы, намыс күні. Тәуелсіздік жолында жанын құрбандыққа еріксіз жан шалынды. Тарих құрбандарына арнап бүгін Кентауда медреседе ас беріліп жатыр. Қабыл болсын! Құрбан болған боздақтардың жандары жәннәт төрінде шалқысын Фарида бір ғана желтоқсанның қатысушысы, нағыз намысқой азаматтар сіздерге қандай құрмет көрсетсе де көптік етпейді. Жыл соңына дейін желтоқсаншыларды алып Кентаудағы Оқушылар сарайына барып іс-шара өткізіп қайтпақшымын. Өзімнің қолымнан тігілген ұлттық костюмдерді 36 қызға тарту етпекшімін. Қыздар қазақилықты көре алмай арманда кетті. Жәй кетпеді. Тәуелсіздік үшін  аққан қандарымен, намысымен, арымен жол салып кетті. Басылып қалған ұлттық рухты оятып кетті. Қанды желтоқсанға 36 жылдан астам уақыт өтіпті.  Бүгінгі ұрпаққа кешегі желтоқсаншылардың қаһармандықтары үлгі. Алғашқы қадам жасап, қанын төгіп, жанын бергендері және ұлттық намыстары үшін баршамыз қарыздармыз. Ештеңе бекерден бекер болмайтынын  рас. Зерек дерек былай дейді: Қайрат Рысқұлбеков 21 ғасыр қарсаңында, Қазақ елінің кеңестік кезеңдегі 21-басшының (Колбин) кезінде, 21 жасында, 21-камерада, қамалғанына 21 күн болғанда, 21 мамырда тар қапаста қайтыс болып, бес жыл өткен соң 21 ші ақпанда ақталған. 21 саны үш жетіден тұрады. Жеті саны – қазақтың ең киелі саны. Оған ешкімнің таласы жоқ. Қазақ тарихында кеңес дәуірінде ең алғаш бас көтеріп ой тастаған, көш бастаған, еркіндікті аңсаған, оған жол тапқан, ыршынып алаңға шыққан ең жас киелі боздақтарға МЫҢ ТАҒЗЫМ!

Қалыйма Жантөреева,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мəслихатының депутаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы