Жүргенов жылы
Жүргенов жылы
376
оқылды
2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесуі белгілі болды. Тараптар биыл бірлесе атқарылған жұмыстардың қорытындысын талқылап, келер жылға арналған іс-шаралар жос­парын қарастырды. Қазақстан ұсынысы­мен 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды.
«ТҮРКСОЙ ықпалымен түркі әлемінің ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Тарихи-мәдени мұраны сақтауға маңызды мән беріліп отыр. 2023 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) құрылғанына 30 жыл толатынын білеміз. Мерейтой жылы барлық бағыт бойынша жұмысты одан әрі жандандырып, бірігіп жұмыс істеуге да­йын­быз», – деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, 2023 жылы Сұлтан Бей­барыс­тың 800 жылдығына орай ТҮРКСОЙ қолдауымен фильм шығару және оны ұйым­ға мүше мемлекеттер аумағында көр­сету жоспарланған. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ деңгейінде те­атр және кино актрисасы Бикен Римова­ның 100 жылдығы, жазушы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлім­баевтың 100 жылдығы түркітілдес елдерде кеңінен аталып өтеді. Өз кезегінде Сұлтан Раев аталмыш ұйым аясындағы белсенді жұмысы үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді және мерейтойларды жоғары деңгейде өткізу ТҮРКСОЙ мемлекеттері арасындағы бай­ла­ныстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.