Тілсіз жау тіс батырмасын
Тілсіз жау тіс батырмасын
419
оқылды
2022 жыл ел тарихында тілсіз жаудың күш алуымен қалатын түрі бар. Қостанайдағы алапат өрттің өзі неге тұрады? Қорқы­ныш­тысы сол, CTIF халықаралық салалық ұйымның рейтингінде Қа­зақстан өрт кезінде қаза тапқан адамдардың саны бойынша әлемде 9-орынға шықты. Қалдық қағидаты бойынша қаржылан­дырылып келген саланың жағдайы мәз емес. Төтенше жағдай қызметкерлері апаттың салдарымен және кедейшілікпен, өмір тауқыметімен күресуге мәжбүр. Қазір салада Президенттің тапсырмасымен ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Тиісті заң жобалары әзірленді. Одан не өзгермек? Өрт оқиғалары жиіледі Сарапшылар да биыл «үлкен өрттер жылы» болғанын жазды. Бірақ төтенше жағдай қызметкерлері үшін күрес аяқ­талған жоқ. Жаңа қарқынмен жалғасуы бек мүмкін. Себебі Жаңа жыл мереке­сінде қауіпсіздік ережесі сақталмаған пиротехникалық құралдар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, жалынның тұтануына себеп болатынын білеміз. Жылыту маусымында да тілсіз жаудың күтпеген тұстан соққы жасайты­ны тағы бар. Үкіметтің ресми мәліметіне жүгінсек, жыл басынан бері өңірлерде 9 647 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 249 адам қаза тауып, 212 адам түрлі дәрежедегі күйікке шалдықты, уланды. Оттан опат болғандардың 107-сі ішімдік ішкені анықталды. Төтенше жағдайлар министрлігі ке­рісінше, елде төтенше жағдайлар көр­сеткіші азайғанын мәлімдейді. Нақтылай кетсек, 2019 жылы – 15 821, 2020 жылы – 14 696, 2021 жылы 13 038 төтенше жағ­дай тіркелді (биылғы жыл қоры­тын­дысы келесі жылы шығарылады). Алайда соның ішінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар күрт өскен: 2019 жылы 45 қауіпті гидрометеорологиялық және геологиялық құбылыс болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 104-ке, 2021 жылы 130-ға жетті. Табиғи өрт саны соңғы екі жылда 700-ден 870-ке артты. Министрлік «төтенше жағдайлар мен оқиғалардың басым көпшілігі адам өмі­ріне және ел экономикасының дамуына қауіп төндіретін өрт» деген тұжырым жасады. Жағдай шынымен үрейді ұшырады. Халықаралық өрт сөндіру-құтқару қыз­меттерінің қауымдастығы (CTIF) түзген әлемдік рейтинг бойынша Қазақстан 100 мың адамға шаққанда өрт кезінде қаза тапқан адамдардың саны бойынша әлемнің 64 елі арасында 9-орынға шық­ты. 100 мың адамға шаққанда жара­­қат­танған адамдардың саны жөнінен 12-орын алады. Мұндай қайғылы он­дыққа кіру әрине, алаңдатады. Әрбір ірі өрт оқиғасы халықтың қа­бырғасына батады. Мысалы, 2 желтоқ­санда Шу қаласындағы өртте балалар қыршыннан қиылды. Шаһарда түн ішінде жеке тұрғын үйде үй заттары мен жиһаз жанған. Өрт орнында 2017 жылы және 2020 жылы туған 2 баланың мәйіті табылды. Төтенше жағдай қызметі оқиға орнына хабарлама түскенде 3 минуттан соң жеткенімен, бүлдіршіндерді ажал аузынан құтқарып үлгермеді. Балалар үйде жалғыз қалған, есік сыртынан жа­былған. Бір қызығы, аталған үйде про­филактикалық жұмыс 2022 жылдың 22 қазанында жүргізіліпті: өрт сөнді­рушілер рейдтік іс-шаралар барысында тұрғын­дарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсін­дірген. Қылмыстық кодекстің 292-ба­бының 3-бөлігі бойынша қыл­мыстық іс қозғалды, тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Ал 16 желтоқсан түнінде Теміртау қаласының Ақтау кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйде тілсіз жау алты адамның өмірін жалмады. Масқарасы сол, кентте өрт сөндіру депосы жоқ болып шықты. Жақын жердегі өрт сөндіру бөлімі 27 шақырым қашықта орналасқан. Бұл да салада жылдар бойы қордаланған мә­селелерден хабар берсе керек. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министр­лігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтің өзі аттанды. От алдымен көппәтерлі үйдің 1-қабатындағы 3 бөлмелі пәтерде тұта­нып, жоғарыға тараған. ТЖ департа­ментінің қызметкерлері келіп жеткенше, тұрғындар өз бетінше 5 адамның мәйтін көшеге шығарды. Оның бірі – 15 жас­та, енді бірі – 12 жастағы жасөспірім. Құтқарушылар қайтыс бол­ғандар жоғарғы қабаттағы пәтерлерден өз бе­тінше сыртқа шығуға әрекет жасаға­нын айтады. Алайда түтінге тұншығып, мерт болған. Өрт сөн­діру бөлімшелері жанып жатқан пәтер­дегі өртті сөндіру барысында тағы бір мәйітті тапты. Егер өрт сөндірушілер 30 шақырым жолды лезде еңсеріп жетпе­генде әлгі тұрғын үйді мекен еткендердің жағдайының қалай боларын болжаудың өзі қиын. Олар ес-түссіз жатқан тағы 10 адамды құтқарды. Құтқарушының өзіне көмек керек Қыркүйек айында Қостанай өңірінде болған алапат дала өрті төтенше жағдай құрылымдарының нашар жабдықтал­ғанын көрсетті. Президенттің қатысуы­мен Қостанай облысында өткен табиғи өртті жою жөніндегі жедел штаб оты­рысында, одан бертінде сырт көзден тыс Премьер-Министр өткізген кеңесте са­ланың көптеген проблемасы көтеріл­ген екен. Оның егжей-тегжейі енді бел­гілі болды. Мысалы, ТЖ құрылым­да­ры­ның материалдық-техникалық жарақ­тан­дыру деңгейі төмен, қолында бар құралдары көбіне ескі-құсқы екені ашық айтылды. Мұндай жағдайда оларға қалай жоғары талап қоюға болады? Ұлан-байтақ қазақ жерінің әр түк­пірінде орналасқан Төтенше жағдай­лар министрлігі (ТЖМ) бөлімшелері­нің қа­рамағында әртүрлі функционал­дық мақсаттағы 3 875 автотехника ғана бар. Тілсіз жаумен алысуға арналған 119 713 бірлік жабдық пен құралға, 33 әуе көлігіне ие. Табиғи және техногендік апатпен күресетін мамандардың өздері апатты көлік айдауға мәжбүр: 500-ге жуық өрт техникасы 1970-90 жылдардан бері пай­даланып келеді. Әбден тозығы жеткен, есептен шығаруға жатады. Бұдан бұрын 621 техника есептен шығарылды. Бұл ретте соңғы 5 жылда небәрі 305 өрт сөн­діру автокөлігі жаңартылған. Яғни, са­ланың материалдық-техникалық жаб­дықталу деңгейі сын көтермейді. Инженерлік және көліктік қамта­­масыз ету жөніндегі іс-шараларды жүр­гізу үшін азаматтық қорғаныс әскери бөлім­дерінің материалдық-техника­лық құрал­дарының 65 пайызы жаңартуды талап етеді. Әрі бұл мәселенің соңы емес. ТЖМ медициналық-құтқару көлігінің 44 бірлігінің 11-інде ғана медициналық жаб­дықтары бар. Салдарынан бригада­лардың толық көлемде шұғыл медици­налық көмек көрсету, зардап шеккен адам­дарды эвакуациялау немесе та­сымалдау кезеңінде денсаулық жағда­йына бақылау жүргізу мүмкіндігі жоқ. Қолданыстағы 40 реанимобильдің 26-сы 100 пайыз тозған. Қалған 14-і 95 пайызға тозды. 10 мыңнан астам тұрғын тұратын ірі 188 елді мекеннің: 88-і қала, 100 ауылдың тек 50-інде ғана мемлекеттік өртке қар­­сы қызмет бар екен. Ал халық саны 5 мың­нан 10 мың адамға дейінгі 195 ауыл­дық елді мекеннің 85-інде немесе 44 пайызында мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ. Салада біраз жыл қызмет етіп, басқа секторға ауысқан маман Ерболат Т.-ның түсіндіруінше, тіпті оқиға орнына құт­қарушылар жетсе де, олар құтқаруға тез кірісе алмауы мүмкін.
«Соғыс болып, күнде бомбаланып жатқан Украинада, ірі қалаларда зы­мыран, снаряд тиіп, жермен-жексен бол­ған ғимараттарға, тұрғын үйлерге құт­қарушылар жедел жетіп, үйінді асты­нан адамдарды құтқару үшін көтергіш крандарға дейін қолданады. Ал бізде бейбіт күнде адамдарды тез құтқаруға мүмкіндік бола бермейді. Қазақстанда тіпті ауыр жол апаты болған жерде, қи­раған көлікте қалып қойғандарды шы­ғару үшін авариялық-құтқару жабдық­тарымен жарақтандырылған медици­налық-құтқару көлігі де жоқ. Құтқару ұшақтары тым ескі. Жөндеуді қажет етеді. Қалалардың өзі өрт сөндіру кө­ліктерімен толық жабдықталмаған. Петропавл ЖЭО-сында алып мұржа құлағанда, астында қалған адамға жету үшін екі күн бойы қарапайым күрекпен аршыған. Тек мәйітін алып шықты. Мұндай деректер аз емес. Алда қандай заман тұрғанын кім білген. Демек, қа­зірден ТЖ саласын толық жарақтан­дырып шығу қажет», – деді маман.
Саладағы мәселелер шешімін табады ТЖМ қарауындағы әуе көліктері облыс орталықтарын да қамтымайды: тек 14 ірі қалада орналасқан. Бұл шұғыл медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді құтқару, жеке құрам мен жабдықты ірі оқиға орнына жеткізу жөніндегі арнайы міндеттерді шешу үшін жедел ден қоюға мүмкіндік бере бермейді. Бүгінде қолға алынған реформалар аясында нақты мәселелер анықталып, оны шешу жолдары пысықталып жатыр. Сарапшылар ТЖ және азаматтық қорғау органдарын жете жарақтандыруды, ұш­қышсыз ұшу аппараттарымен, робот­тан­дырылған техникамен жабдықтауды ұс­ын­ды. Әйтпесе, оның бірі де жоқ көрінеді. Қалаларда да дабыл жүйелері жет­пейді, яғни техникалық құлақтандыру құралдары кешенін енгізу қажет. Алдағы уақытта өртті сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы техника сатып алынуы керек. Өрт салдарынан адамдардың қы­рылуын, жаралануын болдырмау, келті­рілетін шығындарды азайту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді: енді 10 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерде де мін­детті түрде өрт дабылдатқыштары және газ қордалануын талдауыштар (ана­ли­заторы загазованности) орнатылуы тиіс. Өрттердің алдын алу және жою жұ­мыстарына заманауи технологияларды енгізу шаралары қабылданып жатыр. Бұл салада дамыған елдердің тәжірибесі ескерілуі шарт. ТЖМ жылу және электр қуатымен қамту нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­лелерін ерекше бақылауға алды. Бұрынғы жылдары Үкімет әлемдегі озық дамыған отыз ел қатарына фор­мальды кіру үшін Doing Business (Бизнес жүргізу) халықаралық рейтингінде өр­леумен шектен тыс әуестеніп кетіп, өрт сөндірушілерге ғимараттарды тексеруге тыйым салды. Шенеуніктер осы кесірлі қадамдарын дәйектеу үшін ТЖ маман­дарын жаппай «жемқор» деп кінәлайды. Мұның соңы елде өрт қаупінің өршуіне соқтырды. Оның салдары енді анық­талуда. Шілде айынан бері өрт қаупінің жоғары дәрежесі санатына жатқызылған 845 нысан тексерілген. Оның 611-інен 3 379 бұзушылық әшкереленді. Жаңа нысандар өртке қарсы жаб­дықтармен жарақталмай, қолданысқа беріле салатын болды. Мәселен, 16 қара­шада Астанадағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өрт болып, онымен күрескен құтқарушылардың бірі қаза тауып, екіншісі қазір реабилитациядан өтуде. Жаңа заңнамалық түзетулер аясында бұл тараптағы мәселелер де шешімін табады деп күтіледі. Уәкілетті органға ны­сандарды өртке қарсы қорғаудың ерек­шелігін көрсететін арнайы техни­калық шарттарды қарау жөніндегі құ­зыретті беру қарастырылады. Әйтпесе, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, іске қосылатын нысандар саны тек арта бермек. Әділетті Қазақстан көп салада «жауырды жаба тоқып», жасырылып кел­ген проблемаларды ашты. Бірақ тек әшкерелеумен тоқтамай, барлық түйт­кілдің түйіні тарқатылса, дұрыс.