Жыл аяқталуға таяды. Мұндай кезеңде мемлекеттік органдар жұмысын қорытындылап, есеп беруге көшетіні бұрыннан белгілі. Көпшілік, әсіресе министрліктер тындырған істің жай-жапсары мен кем тұсын білуге асығады. Жеке пікірін айтып, бағалайтындар да аз емес. Президенттің «Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен бара аламыз ба?» деген сауалы тұтас елді толғандырады. Сонымен, 2022 жылы Үкімет қандай істер атқарып, қай тұста үдеден шықпағанын шолып көрейік. Қымбатшылыққа құрық бойламады Әуелі бір дүниені ескерген абзал. Биыл Үкіметтің оңды ісі көп болғаны жасырын емес, оның біразын есеп-қисаптан да аңғаруға болады, ресми ақпарларды тізіп жатудың реті жоқ. Әйткенмен, қолдан келмеген жұмыстары да жетерлік екенін жасырмаймыз. Бұл тұста ел есіне ең алдымен ырықсыз кеткен инфляция түсетіні анық. Халықтың қалтасын қағып, жүйкесін жұқартқан қымбатшылық жайы биылдыққа Үкіметті әбігерге салумен болды. Сол үшін бірнеше министр жиындарда сөз естіді, кейбірі қолынан іс келмейтінін байқатты. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та білдей ведомствоны басқарып отырған басшыларға көңілі толмайтынын жеткізген. Себепсіз емес, инфляция соңғы 14 жылда болмаған көрсеткішке жетті. Баға бағынбай, халықтың табысы құлдырады. Сол жиында еңсесі түскен лауазымды тұлғалардың біразы ақпарат құралдарында орнын қимайтындай сөз сөйлегенін де білеміз. Бір ғана азық-түлік инфляциясы бұрын-соңды болмаған 24 пайыздан асты. Соңғы бес жылда азаматтардың ақшалай табысы дәл бұлай құлдырамапты. Еш жерде тіркелмеген, әйтеуір ас-суын тауып күнелтіп жүрген 900 мыңға жуық адамның шешілмеген мәселесі тағы бар. Ал мұндай қысылтаяң шақта Үкімет өз жыртығын жамау үшін ұлттық қорға қол салуды доғарғаны абзал. Келесі жылдан бастап қор табысының жартысы балалардың есепшотына аударылатынын ескерсек, қазынаның түбі көрінері анық. Ал экономист Бауыржан Ысқақов Үкімет жоспарланған істің 50 пайызға жетер-жетпесін ғана игергенін айтып отыр.
– Биылғы инфляция деңгейінің өзі Үкімет жұмысының қандай екенін көрсетті. Базалық мөлшерлеменің бірнеше мәрте көтерілуі Үкімет пен Ұлттық банк арасында конструктивті жұмыстың жоғын байқатты. Ал дамыған елдердің орталық банктері халықтың әл-ауқаты, жұмыспен қамтылуын бақылайтын Үкіметімен тығыз байланыста болып, бірлесе шешім қабылдайды. Бізде керісінше талапқа сай іс атқарылмауда. Рас, еліміз импортқа тәуелді, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін отандық өндірісті дамыта алмадық. Әсіресе, көрші Ресейдің тауары мен қызметі арқылы инфляция еселеп енді. Екіншіден, біз әлі күнге жалған статисканың құрбанымыз. Мәселен, күзде әкімдіктер Үкіметке жылу маусымына толыққанды дайын екенін айтып, есеп берді. Ал Үкімет соны қабылдады. Олқылықтың бастысы ретінде жайлаған жалған статискаларды айтуға болады. Үшіншіден, дайын өнімдерді экспортқа шығару мақсаты орындалмады. Төртіншіден, халықты жұмыспен қамтудың орнына, несиесін төлеп беру, көмек ету секілді уақытша істермен айналысуы жиіледі. Әкімдіктердің кәсіпкерлікті дамытуға жанталасып іс атқарғанын байқамадық. Сондықтан әкімдер өз жұмысының нақты нәтижесін көрсетпеген болып шығады. Жұмыс орындарын аша алмағаны үшін бір әкімнің қызметтен кетті дегенін естімедік. Яғни, Үкімет жергілікті атқарушы органдарды бақылауда ұстай алмауда, – деді маман.Шынында да, Үкімет пен Ұлттық банктің байланысы жоғын аңғару қиын емес. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы он жылда 1,6 пайыз болған. Мысалы, Сингапурдағы қор 6,4, ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан екен. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді емес. Мемлекет қазынасына миллиардтап қаржы құюға тиіс инвестициялық жобалардың да жайы мәз емес. Биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асқан. Қаншама жұмыс орнының ашылмай қалғанының дәлелі – осы. Ал экономикалық өсім керісінше төмендеп кетті. Биыл 11 айда өсім деңгейі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін түскен. Кей басшылар сыннан сүрінді Жалпы, министрлердің ішінде мақтауға тұрарлығы тым аз. Көбі әлдеқашан сынның астында жүр. Оның басында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин тұрғаны анық. «Қазақстан 99 пайыз интернетпен қамтылған» деп есеп беретін басшының сөзіне сену қиын. Биыл елді интернет сапасының нашарлығы әбден әбігерге салды. IT мамандар бұған Ресейден келетін трафиктің кесірі тигенін сан мәрте айтқан болатын. Алайда жауапты ведомство өзге елдерден трафик алу жағын қарастырмағандай, мәселені үнсіз жапты. Жақында ғана барлық қала мен ауданды, маңызды жолдарды 5 жылда 100 пайыз интернетпен қамтитынын айтқан министрдің аузынан «бәрі жақсыдан» басқа сөз шықпайды. Мұндай басшылардың қатарында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті айтса да болады. Биыл елде қант тапшылығы болғаны есте. Сонда министр жағдайдың күрделі екенін жасырған еді. Қазақстан 90 пайыз қант импортына тәуелді екенін, бұрын ашылған жеті қант зауытының қазір тек төртеуі жартылай жұмыс істеп тұрғанын кейін білдік. Онымен қоймай Ауыл шаруашылығы министрі қант қызылшасының үлесін 2026 жылға қарай алты есеге, 7 пайыздан 43 пайызға жеткізуді көздеп отырғанын жеткізген. Алайда кейінгі 4 жылда қант қызылшасының алқаптары 3 есе азайғанын ұмытып кеткен секілді. Министрліктер Президентке 2023 жылы Қазақстан құс еті (қазір импорт үлесі – 40 пайыз), шұжық өнімдері (44 пайыз), балық (60 пайыз), ірімшік пен қатық (50 пайызға), қант (60 пайыз ), сүт өнімдері (4 пайыз) бойынша импорттан тәуелсіз болатынын айтқан. Бірақ жағдайды көзіміз көріп отыр. Құр сөз күйінде қалған. Ескі үрдістен шыға алмай, жаңа идеяға мақұрым болғандары анық. Бәрі үйреншікті жолмен іске асады – әуелі азық-түлік бағасы қымбаттайды, ал Үкімет жауапкершілікті өңірлерге жүктеп, есеп алады, өңірлер есеп үшін ақша шашып небір құйтырқылық жасайды. Бары – осы. Биыл «киікті қыру» бастамасымен халықты шошытқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті айтпай кету мүмкін емес. Геология саласы онсыз да деградацияға ұшырап жатқанда бас экологтің 80 мың киікті қыруға рұқсат етпекші болды. Киіктің әр өңірде егінге түсіп жатқанын себеп қылған ведомство басшысы қаншама наразылыққа қарамастан позициясынан қайтпағандай. Талай рет экологтер киік қырумен мәселе шешілмейтінін айтты. Шаруалар да бөкендерді қырғанмен, егісіне түсетін киік азаймайтынын жеткізген болатын. Сол кезде «киік қыру жоспарының артында шаруалар емес, басқа тұлғалардың мүддесі тұрғандай» деп болжағанбыз. Шамасы, Брекешев аңшылық пен табиғатты қорғаудың арасын әлі ажырата алмайтындай. Келесі басшы – Саясат Нұрбек. Ғылымға тереңдей бойламаған адам бола тұра Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалған Саясат Нұрбек те «2025 жылға дейін ғалымдар санын 21 мыңнан 34 мыңға жеткіземіз» деп айды аспанға шығарғанын ұмытпадық. Әрине, бастамаға қарсы емеспіз, бірақ қазір санатта бар 21 мыңнан астам ғалымның қандай жаңалық ашқанын білмейміз. Сөйте тұра, олардың санын арттыруға нендей қажеттілік барын түсінбедік. Қорыта айтқанда, министрлердің қарқыны бұдан әрі ұзамайтын болса, алдағы уақытта кадрлық өзгерістерді көруіміз мүмкін. Қоғам жаңашылдыққа бейім шенеуніктер келгенін қалайды. Алайда ескі жүйе бәрінің есін жиғызбай отырғандай. Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайылов министрлерге ескерту жасаған болатын. Бірақ тез арада бәрін көркейте қояр кім бар?