Өнерді өсіре ме, өшіре ме?
Өнерді өсіре ме, өшіре ме?
727
оқылды
Мына суреттегі сүп-сүйкімді сәбидің бұл тақырыпқа қатысы қанша дейсіз бе? Қызықты қараңыз: мұндай адам өмірде жоқ. Оның бейнесін нейрожелі жасаған. Жасанды интеллект басқаратын генераторлар бүгінде өнердің басы-қасында жүрген жандардың, керек десеңіз, тіпті заңгерлердің қызу талқысын тудырып жатыр. Өйткені аталмыш құралдар арқылы суретшілердің стилін ұрлап алып, жаңа картина салып шығуға немесе оларға сөзбен команда беріп, кез келген мақұлық не заттың суретін құрастыруға болады. «Талантты» компьютердің қолынан тағы не келеді? Бұл этикаға қаншалықты қайшы? Түптің түбінде суретшілер жұмыссыз қалуы мүмкін бе? Біз осы мәселелерге жауап іздеп көрген едік. Нейрожелі не айтсаң да түсінеді Биыл жазда Colorado State Fair бай­қауында әділқазылар Джейсон Алленнің картинасын «Цифрлық өнер» аталымы бойынша жеңімпаз деп таныды. Кейіні­рек оның авторы Аллен емес, жасанды зерде – Midjourney атты сурет құрастыра­тын құрал екені анықталды. Бұл уақиға жарыстың басқа қатысушыларының ашуын туғызған. Оған қатысты пікір білдіргендердің арасында «Өнердің өлімі жақындады. Енді ең мықты шығарма­шылық туындылардың өзі архаизмге айналуы мүмкін» дегендер де болды. Өзін қорғау үшін Аллен Midjournal көмегімен жүздеген сурет жасап шығарғанын, бірнеше апта бойы оның қате тұстарын түзеп, күзегеннен соң ғана үш үздік жұ­мысын іріктеп алып байқауға жол­дағанын айтты. Жоғарыда айтып отырған Midjournal секілді құралдардың жұмыс істеу прин­ципі мынадай: адам нейрожеліге ненің суретін салуы керегін сөзбен түсіндіреді. Ол сіздің қиялыңызға келген кез келген идеяңызды орындап шығады. Мысалы, «ғарышкердің кос­тюмін киген, шашы өрілген лама» дейсіз, күлкілі мақұлықтың суреті әп-сәтте дайын болады. өнер Биыл бұл нейрожелінің әлдеқайда жетілдірілген нұсқасы жарыққа шықты. Енді ол жаңа сурет жасап қана қоймай, дайын суреттің бөліктерін толықтыра алады. Мәселен, Нидерланд суретшісі Ян Вермеердің әлемге әйгілі «Інжу сырғалы қыз» атты мына суретін жасан­ды интеллект осылайша аяқтаған. Жасанды талантқа жол жоқ Мұндай онлайн сервистер көптеп пайда болғалы бері интернеттегі кейбір платформалар жасанды жолмен туған цифрлық шығармашылыққа тыйым сала бастады. Олардың арасында Getty Images танымал фотобанкі де бар. Яғни енді бұл фотобанкке жасанды зерде арқылы өмірге келген жұмыстарды жүктеуге болмайды. Сервис әкімшілігі бұл ше­шімін түсіндіре келе, платформада бұған өз келісімін бермеген адамдардың су­реттері мен бөтен метадеректерді пайда­лана алмайтындарын мәлімдеді. Getty Images-тен соң Newgrounds, PurplePort және FurAffinity пл­ат­формалары да өз ереже­лері­не осы бір жаңа талапты қосты. Мұндай шешім жо­ға­рыда аталған сервистердің жасанды зерде арқылы дү­ни­еге әкелген жұмыстарына «ұрлықтың бір түрі, болмаса өзгенің жұмысын экс­плуа­тациялау» деп қарайтынын білдірсе керек. Расында, бұл сервистер табысты жұ­мыс істеуі үшін әуелі өзге­лер­дің туын­дыларын неме­се фотосуреттерін қолдана отырып жаттығады. Midjourney секілді сервистерде жұмысы қолданылатын су­­рет­­шілердің құқығы бұ­зы­­ла ма? Адам­дар өз фо­то­суреттерінің нейро­желі­лер­ді үйрету үшін қолда­нылуы­на тыйым сала ала ма? Әзір­ге ондай механизм жоқ. Егер сіз әлеуметтік же­ліге қандай да бір су­ретіңізді салсаңыз, ерте ме, кеш пе – ол фотоңыз суреттер жасап шыға­ратын сервистердің «шикізатына» ай­налады. Бөгет жасамай, көмек береді Нейрожелі неғұрлым көп суретті өмірге әкеліп, кейін оны түзеткен сайын, соғұрлым жақсырақ сурет сала бастайды. Бұл олардың одан әрі танымал бола түсуіне мүмкіндік береді. Сондықтан сарапшылар болашақта нейрожеліге арналған мәтін авторы (құрастырылатын картинаны сөзбен түсіндіріп беретін ма­ман) деген жаңа мамандық пайда болуы мүмкін деп болжап отыр. робот «Шығармашыл» нейрожелілер қол­данысының кеңеюі бірқатар сала өкіл­дерінің, соның ішінде суретшілердің өмірін өзгертуі ықтимал. Мысалы, егер бұрын көркем әдеби кітаптың иллюс­трациясы үшін суретшіге ақы төлеу қажет болса, енді оны нейроқұралдар көмегімен тегін жасауға болады. Фото­стоктарда сатылатын ерекше суреттердің керегі болмай қалуы кәдік. Алайда бұл құбылыс дипфейктердің жаппай тара­луына жол ашуы да ғажап емес. Ал адамзатқа осындай сервистерге арналған заңдар мен құқықтық нормалар әзірлейтін уақыт таяп қалған сияқты. Соның арқасында әлдебір суреттің ав­торы адам, яки жасанды интеллект екенін ажырата алар едік. Суретшілер де жұмыссыз қалмас. Фотография да бір кездері шығарма­шылықтың жаңа бағыты болған еді. 200 жыл өтсе де, ол суретшілердің орнын баспай, керісінше, олардың бейімделіп, дамуына жол ашты. Суретшілер мен фотографтар адамдарды сұлулық жайлы ойларға жетелей алатын, таңғалдыра алатын туындыларды бірлесе өмірге әке­л­уді үйренді. Жасанды интеллект дәуір­леген заманда да суретшілер үшін бұрын-соңды белгісіз болып келген сезімдерді туғызатын жолдар әлі көп екені күмәнсіз.