Мына суреттегі сүп-сүйкімді сәбидің бұл тақырыпқа қатысы қанша дейсіз бе? Қызықты қараңыз: мұндай адам өмірде жоқ. Оның бейнесін нейрожелі жасаған. Жасанды интеллект басқаратын генераторлар бүгінде өнердің басы-қасында жүрген жандардың, керек десеңіз, тіпті заңгерлердің қызу талқысын тудырып жатыр. Өйткені аталмыш құралдар арқылы суретшілердің стилін ұрлап алып, жаңа картина салып шығуға немесе оларға сөзбен команда беріп, кез келген мақұлық не заттың суретін құрастыруға болады. «Талантты» компьютердің қолынан тағы не келеді? Бұл этикаға қаншалықты қайшы? Түптің түбінде суретшілер жұмыссыз қалуы мүмкін бе? Біз осы мәселелерге жауап іздеп көрген едік.
Нейрожелі не айтсаң да түсінеді
Биыл жазда Colorado State Fair байқауында әділқазылар Джейсон Алленнің картинасын «Цифрлық өнер» аталымы бойынша жеңімпаз деп таныды. Кейінірек оның авторы Аллен емес, жасанды зерде – Midjourney атты сурет құрастыратын құрал екені анықталды. Бұл уақиға жарыстың басқа қатысушыларының ашуын туғызған. Оған қатысты пікір білдіргендердің арасында «Өнердің өлімі жақындады. Енді ең мықты шығармашылық туындылардың өзі архаизмге айналуы мүмкін» дегендер де болды. Өзін қорғау үшін Аллен Midjournal көмегімен жүздеген сурет жасап шығарғанын, бірнеше апта бойы оның қате тұстарын түзеп, күзегеннен соң ғана үш үздік жұмысын іріктеп алып байқауға жолдағанын айтты.
Жоғарыда айтып отырған Midjournal секілді құралдардың жұмыс істеу принципі мынадай: адам нейрожеліге ненің суретін салуы керегін сөзбен түсіндіреді. Ол сіздің қиялыңызға келген кез келген идеяңызды орындап шығады. Мысалы, «ғарышкердің костюмін киген, шашы өрілген лама» дейсіз, күлкілі мақұлықтың суреті әп-сәтте дайын болады.
Биыл бұл нейрожелінің әлдеқайда жетілдірілген нұсқасы жарыққа шықты. Енді ол жаңа сурет жасап қана қоймай, дайын суреттің бөліктерін толықтыра алады. Мәселен, Нидерланд суретшісі Ян Вермеердің әлемге әйгілі «Інжу сырғалы қыз» атты мына суретін жасанды интеллект осылайша аяқтаған.
Жасанды талантқа жол жоқ
Мұндай онлайн сервистер көптеп пайда болғалы бері интернеттегі кейбір платформалар жасанды жолмен туған цифрлық шығармашылыққа тыйым сала бастады. Олардың арасында Getty Images танымал фотобанкі де бар. Яғни енді бұл фотобанкке жасанды зерде арқылы өмірге келген жұмыстарды жүктеуге болмайды. Сервис әкімшілігі бұл шешімін түсіндіре келе, платформада бұған өз келісімін бермеген адамдардың суреттері мен бөтен метадеректерді пайдалана алмайтындарын мәлімдеді. Getty Images-тен соң Newgrounds, PurplePort және FurAffinity платформалары да өз ережелеріне осы бір жаңа талапты қосты.
Мұндай шешім жоғарыда аталған сервистердің жасанды зерде арқылы дүниеге әкелген жұмыстарына «ұрлықтың бір түрі, болмаса өзгенің жұмысын эксплуатациялау» деп қарайтынын білдірсе керек. Расында, бұл сервистер табысты жұмыс істеуі үшін әуелі өзгелердің туындыларын немесе фотосуреттерін қолдана отырып жаттығады. Midjourney секілді сервистерде жұмысы қолданылатын суретшілердің құқығы бұзыла ма? Адамдар өз фотосуреттерінің нейрожелілерді үйрету үшін қолданылуына тыйым сала ала ма? Әзірге ондай механизм жоқ. Егер сіз әлеуметтік желіге қандай да бір суретіңізді салсаңыз, ерте ме, кеш пе – ол фотоңыз суреттер жасап шығаратын сервистердің «шикізатына» айналады.
Бөгет жасамай, көмек береді
Нейрожелі неғұрлым көп суретті өмірге әкеліп, кейін оны түзеткен сайын, соғұрлым жақсырақ сурет сала бастайды. Бұл олардың одан әрі танымал бола түсуіне мүмкіндік береді. Сондықтан сарапшылар болашақта нейрожеліге арналған мәтін авторы (құрастырылатын картинаны сөзбен түсіндіріп беретін маман) деген жаңа мамандық пайда болуы мүмкін деп болжап отыр.
«Шығармашыл» нейрожелілер қолданысының кеңеюі бірқатар сала өкілдерінің, соның ішінде суретшілердің өмірін өзгертуі ықтимал. Мысалы, егер бұрын көркем әдеби кітаптың иллюстрациясы үшін суретшіге ақы төлеу қажет болса, енді оны нейроқұралдар көмегімен тегін жасауға болады. Фотостоктарда сатылатын ерекше суреттердің керегі болмай қалуы кәдік. Алайда бұл құбылыс дипфейктердің жаппай таралуына жол ашуы да ғажап емес.
Ал адамзатқа осындай сервистерге арналған заңдар мен құқықтық нормалар әзірлейтін уақыт таяп қалған сияқты. Соның арқасында әлдебір суреттің авторы адам, яки жасанды интеллект екенін ажырата алар едік.
Суретшілер де жұмыссыз қалмас. Фотография да бір кездері шығармашылықтың жаңа бағыты болған еді. 200 жыл өтсе де, ол суретшілердің орнын баспай, керісінше, олардың бейімделіп, дамуына жол ашты. Суретшілер мен фотографтар адамдарды сұлулық жайлы ойларға жетелей алатын, таңғалдыра алатын туындыларды бірлесе өмірге әкелуді үйренді. Жасанды интеллект дәуірлеген заманда да суретшілер үшін бұрын-соңды белгісіз болып келген сезімдерді туғызатын жолдар әлі көп екені күмәнсіз.