«Биылғы жыл тарихи оқиғаларға бай жыл болды. Таяуда ғана президент сайлауы өтті. Ұлтымыз ұйысып, бірігіп Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен сенім артты. Сондай-ақ «AMANAT» партиясы да әрқашанда елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді», – деді Ерлан Қошанов.Оның айтуынша, партия биыл мыңдаған іс-шара өткізген. Солардың басым көпшілігі руханиятқа, ұлттық құндылықтарды қолдауға арналған. Партия төрағасы таяуда ғана Түркістан қаласында «Алтын домбыра» айтысы мен «Ұлы дала» жас қаламгерлер байқауы өткенін де тілге тиек етті.
«Бүгінгі «Алтын тұғыр» байқауының орны ерекше. Себебі қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Сондықтан бүгін тайлы-тұяғымызға дейін осы жерге жиналдық. Оның бір себебі – Президентіміздің ұлттық спортқа деген көзқарасы ерекше. Биыл ұлттық спортқа үлкен жемісті жыл болды деп айтар едім», – деген Ерлан Қошанов ұлттық спортқа қатысты екі мәселеге арнайы тоқтала кетті.Оның біріншісі – Түркістан мен Сарыарқаның арасын ат тұяғымен дүбірлеткен «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесі. «AMANAT» партиясының төрағасы бұл ұлтымыздың рухын асқақтатқан шара екендігін атап өтті. Аталмыш бәйге марафон «AMANAT» партиясының қолдауымен жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
«Таяуда Түркияда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Сол Көшпенділер ойынына Президент тапсырмасымен бір топ делегация болып бардық. Сол жерде көптеген спортшыларымыздың жетістіктерін көрдік. 102 мемлекеттің ішінде біздің спортшыларымыздың шоқтығы биік болды. Тағы бір қуанышты жағдай, Президенттіміздің ұсынысын бүкіл түркі әлемі қабылдап, келесі 2024 жылғы Көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бүгіннен бастап спортшыларымыз тұлпарларын сайлап, жебелерін ұштап дегендей айтулы жарысқа дайындала беруі керек», – деді Ерлан Қошанов.Партия төрағасы әлемдік деңгейде өткізілетін аталмыш жарыста спортшыларымыз озық болып, жеңіс тұғырында байрағымызды биік көтереді деген сенім білдірді. Сондай-ақ ол «Алтын тұғыр» байқауы ұлттық құндылықтарымызды жоғары деңгейге көтеруге, жастарымызды ынталандыруға қажетті үлкен жоба екеніне тоқтала отырып, байқаудың жыл сайын өткізілуін «AMANAT» партиясы белсенді қолдайтынын атап өтті. Жиын соңында байқау жеңімпаздары марапатталды. Ерлан Қошанов «Үздік көкпар командасы» аталымы бойынша Ұлттық құрамаға «Алтын тұғыр» мүсіншесін, диплом және ақшалай сыйлықты табыстады. Көкпардан Ұлттық құрама биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, чемпион атанды. Сондай-ақ «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша ат иесі Ұлан Омаров марапатталды. Аударыспақ спортында 70 келі салмақ бойынша әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша әлем чемпионы Данияр Смайлов үздік деп танылды. Ал «жыл жаңалығы» аталымын «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек иеленді. Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин үш аталым бойынша үздіктерді марапаттады.
«Президент ұлттық өнер, ұлттық құндылық, ұлттық спортты дамытуға ерекше мән береді. Мемлекет басшысының тазы ұстап, садақ ататынын да білесіздер. Ұлттық спортқа серпін берсін деген ниетпен кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізуді ұсынды. Ұлттық спорт – ең алдымен ұлттық рух. Себебі ұлттық спорт арқылы ұлттық болмыс пен сипатымыз күшейіп, қалыптасады», – деді Ерлан Қарин.«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» аталымында Қанат Қасымхан үздік атанды, Айкөз Ерелхан «Үздік жамбы ату спортшысы» деп танылды. Теңге ілу бойынша жыл марапаты Бәйдібек Сабыровқа берілді. Тоғызқұмалақ, асық ату спорты бойынша үздіктерді Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов марапаттады. Тоғызқұмалақ бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева үздік спортшы болды. Асық атудан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үздік команда деп танылды. Сондай-ақ «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша Бақдәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша Бексұлтан Сейітжан марапатталды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті Исламбек Салжанов үздік спортшылардың бапкерлерін марапаттады. Тоғызқұмалақ спорт түрінен бас жаттықтырушы Серік Ақтаев, құсбегіліктен аға жаттықтырушы Арман Күнтуған, аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев, теңге ілу спорты бойынша жауапты жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов және жамбы ату спорт түрі бойынша ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев сыйлыққа ие болды. Көкпардан жауапты бапкер Нұрдәулет Момынов пен Сәбит Қасеновке, асық атудан бас бапкер Жомарт Сабыржановқа да 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ