Үй өртеніп, бір адам көз жұмды
Үй өртеніп, бір адам көз жұмды
288
оқылды
Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Қызылорда қаласында тұрғын үйден шыққан өрттен бір адам қайтыс болды. Шілдебаев көшесі бойында тұрғын үйден 18.48 шамасында өрт шыққан. Жергілікті 112 құтқару қызметіне түскен қоңыраудан кейін өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы өртті сөндіруге шұғыл аттанған. Оқиға орнында барлау жұмыстарын жүргізді. Өрт тұрғын үйдің ас бөлмесінен шыққаны анықталды. Өртті оқшаулау барысында газ түтінінен үй ішінде ес-түссіз жатқан 1983 жылғы азаматтың бар екені белгілі болды. Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз маманы Әлия Ережепова: «Құтқарушылар көмегімен бірінші топ мүгедегі қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл азамат жедел жәрдем мамандары қарауынан кейін көз жұмды. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 6 техника, 25 қызметкер жұмылдырылды. Өрт салдарынан тұрғын үйдің асхана бөлмесіндегі тұрмыстық заттары мен төбесі толық жанған», – деді.