Жаңа жылда Астана, Алматы және Шымкентте ауа райы қандай болады

Жаңа жылда Астана, Алматы және Шымкентте ауа райы қандай болады

Жаңа жылға бір апта қалды. Қазақстанның ірі қалаларының тұрғындарын 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні ауа райы қандай болатыны қызықтырады. Алматыдан бастайық. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, жылдың соңғы түнінде қалада қатты аяз болмайды деп болжанды.

"Оңтүстік-батыстан соғатын жел екпіні – 2-7 м/с. Ауа температурасы түнде -5...-7°C, күндіз 0°C шамасында", – деп мәлімдеді "Қазгидромет" РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы Метеорологиялық болжамдар департаменті
1 қаңтарда алдын ала болжам бойынша Алматыда күн бұлтты болады, жауын-шашын айтарлықтай болмайды. Солтүстік-батыстан екпіні 2-7 м/с болатын жел соғады. Ауа температурасы түнде -6...-8°C, күндіз 0°C шамасында. Синоптиктердің болжамынша, Жаңа жыл түні Астанада да көшпелі бұлт шығады, жауын-шашын айтарлықтай жаумайды. Елордада 31 желтоқсан мен 1 қаңтарда оңтүстік-шығыстан екпіні 9-14 м/с болатын жел соғады. Ауа температурасы түнде -19...-21°C, күндіз -13...-15°C. Шымкентте 31 желтоқсанда орта мерзімді ауа райы болжамы бойынша көшпелі бұлт шығады. Күндіз жауын-шашын негізінен қар түрінде болады. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан 2-7 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде -3...-5°C, күндіз +3...+5°C. 1 қаңтарда да бұлтты болады. Кей жерлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады.
"Оңтүстік-батыстан екпіні 5-10 м/с болатын жел соғады. Ауа температурасы түнде -3...-5°С, күндіз +2...+4°С", делінген "Қазгидромет" РМК деректерінде.
Бұл ретте мамандар ауа райының ұзақ мерзімді болжамы соншалықты дәл емес екенін айтты. Жаңа жыл қарсаңында 28-29 желтоқсанда синоптиктер ауа райы картасына сүйене отырып, ауа райы туралы нақтырақ ақпарат береді.