Таяуда футболдан әлем чемпионы атанған Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси Францияның «ПСЖ» клубында қалатын болды. Championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, клубпен келісімшарт мерзімі 2023 жылғы жазда аяқталуы тиіс болатын.
Клуб президенті Нассер Аль-Хелаифи Қатардағы әлем чемпионаты кезінде Мессидің әкесімен кездескен. Кездесу барысында Мессидің тағы бір маусымға қалатыны жөнінде ауызша келісімге келген. Ал Мессиге «Барселонаға» қайта оралу жөнінде ұсыныс түспепті. Оған қоса, әлем біріншілігінің жеңімпазы атанғаннан кейін Месси Чемпиондар лигасын тағы бір мәрте ұтқысы келеді. Бұл ретте «Барселонамен» салыстырғанда, «ПСЖ» оның оң жамбасына келеді.
Бұдан бұрын «Барселона» клубының президенті Жоан Лапорта Лионель Мессидің қайта оралуы жөніндегі мәселені талқылағысы келетіні туралы хабар таралған еді.