Жырымдалған жинақ жыртыққа жамау болмайды
Соңғы жылда елде зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат берілді. Сөйтіп, біраз жұрт ипотекалық несие алып баспаналы болса, енді бірі жинаған ақшасының белгілі бір мөлшерін емделуге жұмсады. Алайда көптің қуанышы ұзаққа бармады. Олай дейтініміз, жақында ғана жинақтағы ақшаны алудың жеткілікті шегі өсті. Ал жақында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қажет кезде жинақтақтарын қарыздың қамытын кигендердің өзіне қайтарудың тәсілін қайта қарап, жеткілікті шекті түсіру керек екенін айтты.
Депутаттың көтеріп отырған мәселесі біраз жыл бұрын айтылды. Сол кезде зейнетақы қорындағы ақшаны тиімді мақсатқа жұмсау қажеттігі туралы халық тарапынан бірқатар ұсыныс тасталды. Соның ішінде жинақтағы белгілі бір мөлшерді жұрттың банктегі берешегін өтеуге мүмкіндік беруін талап еткендер болды. Бірақ жауаптылар ол кезде де жинақтағы қаржыға қол салу салымшының келешекте зейнетақысыз қалуына алып келетінін айтып түсіндірді. Қазіргі жағдайға қарасақ, осыдан 25-30 жыл бұрын қорға жиналған ақшаға ештеңе келмейді. Яғни, ақшаның құны жоқ. Сондықтан «ақшаны жинаймыз, ертең қартайғанда сол ақшаны береміз» деген уәденің мән-маңызы қалмағанын түсінетін уақыт келді. Ертеңгі күні халықтың зейнетақысы Үкіметтің мойнына артылатындықтан тұрақсыз экономика заңдылығына сай әрекетке көшіп, тиімді тәсілді қарастырған абзал.
Жеткілікті шек жеткізбей келеді
Депутат Аманжан Жамалов БЖЗҚ жариялаған мәліметті мысалға келтіреді. Оның айтуынша, 2014 жылдан бастап зейнетақы активтерінің жинақталған кірісі 115,2 пайыз инфляция кезінде 119,5 пайызды құраған. Сол 2014 жылдан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 3 есе өсіпті. Мұны қарапайым тілмен айтсақ, шетел валютасына инвестициялау арқылы БЖЗҚ-ға қарағанда 2 есе көп табыс табуға болатын еді. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірісі 6 пайыздан аспаған. Осы уақытта азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асқан. Бұл бүгінде азаматтардың БЖЗҚ арқылы пайда тапқаннан гөрі ұтылғанын көрсетіп отыр. Халық қана емес, қолданыстағы тәсіл болашақта бюджетке де салмақ түсіруі мүмкін. Өйткені халыққа зейнетақы төлеуде Үкіметтің мойнындағы жүк ауырлайтыны сөзсіз.
Сондықтан депутат уақыт жоғалтпай, жаңа аудиторлық палатаға БЖЗҚ шығыстарына мерзімді тәуелсіз аудит, сондай-ақ активтер мен инвестициялық портфельге тексеру жүргізу қажеттігін жеткізген. Бір қызығы, зейнетақы қорындағылар азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалануына барынша қарсылық білдіріп келеді. Былтыр қор зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін орта есеппен 64 пайыздан 83 пайызға дейін көтеруді қолдаған. Биыл 23 қарашада Аманжан Жамалов Үкімет пен БЖЗҚ-дан осы қиын кезеңде мыңдаған азаматтар жинақталған зейнетақы қаражатын қайтадан пайдалана алуы үшін шекті мәндерді қайта есептеп, төмендетуді сұрағаны сол екен, 29 қарашада зейнетақы қоры 2023 жылға арналған жеткіліктіліктің жаңа шектерін жариялайды. Ол бойынша көрсетілген жеткілікті шек ағымдағы деңгейден 4-8 пайызға жоғары. БЖЗҚ осы шешімімен-ақ соңғы жылдардағы ең танымал экономикалық реформаны толығымен жоққа шығарды. Оның сөзінше, қолданыстағы зейнетақы қоры жүйесінің өзін өзгерту керек.
Кредит алу – мұқтаждықтың белгісі
Әйтпегенде, қазір жұмыссыздық пен инфляция қос бүйректі қысып, халықтың дені қарызға батып барады. Елдегі экономистердің сөзіне сенсек, сол қажет кезде банктен ақша алған әрбір үшінші адам қарызды қайтаруға келгенде құлықсыздық танытады екен.
Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлының сөзінше, халықтың қарызға әуестігін жан-жақты қарастыру керек. Мысалы, экономикасы тұрақты елдерде азаматтар кредит алатын кезде оның көлемі мен көрсеткіштерін зерделеп, кіріс-шығысын алдын ала болжай алады. Біздегі жағдайда қарызға батушылардың жағдайы әртүрлі. «Кредитке батудың жағдайын сараптасақ, біздің халық қызығушылық, көрсеқызарлықтың салдарынан өзінің бюджетін толық есептемей, кіріс-шығысын анықтай алмай қымбат кредиттерді оңай жолмен алуға талпынады. Көп жағдайда қазір тамақ алу үшін кредитке ақша алатындарды көруге болады. Кейбір дүкендерде тамақты да қарызға алатын мүмкіндік берді. Кредит алу – мүшкіл халіміздің белгісі. Бұл нені көрсетеді?
[caption id="attachment_233529" align="aligncenter" width="1498"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption]
Кредит алатын адамдардың көбісінде тұрақты табыс жоқ. Бар табысы мардымсыз. Өкінішке қарай, халық табысының 50-60 пайызын тамаққа жұмсайды. Ал дені дұрыс елдегі халық табысының 20-25 пайызын тамаққа жұмсап, қалғанын рухани дамуына арнайды», – дейді әлеуметтанушы.
Қарап отырсақ, осы мерзімі 90 күннен асып кеткен 1,5 миллион қазақстандықтың қарызы енді Үкіметтің мойнына жүк болары сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда халыққа жинақтағы қаржысын қажетке жұмсату әлдеқайда тиімді көрінеді. Айталық, қарызға белшеден батқан осынша халықтың қаржысы бүгін де, ақшаның құнсыздануынан ертеңгі күні де зейнетақы төлейтін кезде ел бюджетіне екі рет салмақ түсіреді. Осы орайда «Азаматтарға кез келген кредиттері мен коммуналдық қызметтер бойынша қарыздарын төлеуге, емделуге, балаларды оқытуға және басқа да өмірлік маңызды қажеттіліктерге зейнетақы жинақтарының 30 пайызына дейін беру керек. Бірақ 1 млн теңгеден аспайтын мөлшерде» деген депутат сөзінің жаны бар секілді. Ол үшін алдымен қор белгілеген жеткілікті шекті төмендетпесе тағы болмайды. Себебі тұрақты табысы жоқ адамның жинақталған қаражаты қазіргі жеткілікті шекке жетпеуі де мүмкін.
Қор нарығы күшін жойды
Алайда экономист Мақсат Серәлі зейнетақы жинағындағы қаражатты қарыздың қамытын кигендердің барлығына беруге болмайтынын айтады. «Егер жеке тұлғаларға берілген кредиттік несиелер болса, жинақтағы қаржыны пайдалану тиімсіз. Өйткені бұл банк пен жеке тұлға арасындағы жауапкершілікке келіп тіреледі. Ал әлгінде айтқандай, берешегі барларға жинақты кәдеге жараттыру ертеңгі күні зейнетақы қорына иек артып, қайта қарыз алатындардың санын өсіруі де ықтимал», – дейді ол. Дегенмен ипотекалық бағдарламалар бойынша банкке берешек болғандарға жинақтағы қаражаттың белгілі бір мөлшерін пайдалануға болады екен. Бұл үшін зейнетақы жүйесінің механизмін қайта қарау керек.
Қалай десек те, қарызға батқан халықтың жайы Үкіметке сын. Сол үшін асылы, депутат, әлеуметтанушы және экономист айтқандай, зейнетақы жүйесін нарықтың заңдылығын ескеріп қайта жасаған дұрыс. Шындығында да, бүгінгі жиналған ақшаның құны күн сайын түсіп барады. Себебі қорға ақша теңгемен жиналады. Бірақ өзінде өндіріс жоқ біздің ел импортқа тәуелді. Сырттан келетін нәрсенің барлығы теңгемен емес, рубльмен, юан немесе доллармен есептеледі. Шетелдің тәжірибесін қолданбас бұрын өндірісі өзінен болып отырған елдердің өзінде зейнетақы жинағын астыға басып отыру бастарына тиіп жатқанын көруге болады. Инфляция өсті, ақшаның құны кетті. Оған сәйкес, қор нарығы күшін жойды. Әлемдік экономикалық жүйе ауыспалы екенін мойындап, өзіміздің экономикамызға қарай әрекет еткен әлдеқайда тиімді болмақ. Сондықтан қордағы құнын жоғалтып жатқан 14 триллион ақшаға өндіріс ошақтарын салса дейсің. Мәселен, сол қаражатқа мұнай өндіретін зауыт салынса, ол тапқан табысынан пайыз төлеуге міндеттеледі. Зауыттан түскен қаражат зейнетақы жинағына пайызбен қайтады, екінші жағынан адамдар тұрақты жұмыспен қамтылып, жанар-жағармай арзандайды. Ал қазіргідей қымбатшылықты тоқтатуға мүмкіндік жоқ уақытта халықтың жинағын жамбасқа басу жағдайды ушықтыра берері анық.