Қаңтардың қасіретті күндері көпке дейін ұмытылмасы анық. Бейбіт күннің қадірін шынайы сезіндірген аласапыранның ең шиеліністі оқиғалары Алматы қаласы мен Алматы облысында бірнеше күнге созылған дүрбелеңге ұшыратты. Тазалығымен, тыныштығымен жұрт жадында жақсы әсер қалдыратын әсем қала – Талдықорғанның келбеті бірер күнде адам танымастай болып, кері жағына өзгерді. Шаһар орталығындағы айбарлы да еңселі облыстық әкімдік үйінің құр қаңқасы ғана қалды. Облыстық және қалалық полицияның қызметтік жайлары қиратылды. Дүкендер тоналды. Көшелердің әр тұсында түрлі техникалар, автокөліктердің жанғаннан соңғы қаңқалары жатты. Адамдар үйлерінен шығуға қорқып, қамалып отырды. Көшелерде тек тәртіп сақшылары, өрт сөндірушілер мен медициналық жедел қызмет көліктері ғана жүрді. Алғашқы бірнеше күнде қайта-қайта дабылдатқыштың ащы үні қайталанып, онсыз да үрейлі елдің құтын одан әрі қашырды. Бұзақылар қамаудағы серіктерін құтқару үшін түрмеге бірнеше мәрте шабуыл жасапты. Қала сыртындағы десанттық-шабылдаушы әскери бөлімнің негізгі құрамы Алматыға көмекке кеткендіктен, есіргендер әбден еркінсіді. Далада қорғаусыз қалғандай күй кештік. Осындай ел басына күн туған кезде өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері тыным көрген жоқ. Бірнеше күн бойы үйлеріне бармаған олар өз өмірлерін қатерге тігіп жүріп, қызметтік міндеттерін адалдықпен атқарды, адамдарды құтқарды. Солардың бірі – өрт сөндіруші болып қызмет етіп жүргеніне 22 жыл болған, Жетісу облысы 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Болат Нұрсейітов. Қызметтік жылдары барысында басынан талай қауіпті жағдайларды өткерген, сынақтарда суырылып шыққан ол қаңтардағы күндер туралы былай деп сыр шертеді. – Біздің қызмет былайғы кезде де қауіптілігімен ерекшеленеді ғой. Өртке қарсы күрес зардап шегушілермен бірге, сол жалынмен жанын сала күресетіндердің де өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Бірақ жылдар бойы осы салада жүргендіктен бәріне үйреніп, күнделікті тірліктің бір бөлігі ретінде қабылдайтын дәрежеге жетесің. Алайда қаңтардағы алас-қапаста нағыз тозақтың сынағынан өткендей болдық. Сол күні кезекшілікте едім. Облыстық әкімдіктің ғимаратындағы өртті өшіруге бардық. Әйтеуір, еліріп алғандар жұмысымызға қатты кедергі келтірген жоқ. Үн-түнсіз өз міндетімізді атқардық. Одан кейін сол кездегі «Nur Otan» партиясы ғимаратындағы өртті ауыздықтадық. Облыстық және қалалық полицияның қызметжайларындағы жағдайды реттегендей болдық. Көшелерде жанып жатқан техникалар мен автокөліктерді өшірдік. Адамдарды құтқарып, қауіпсіз жерлерге жеткіздік. Бірнеше күн тыным таппадық. – Қорқыныш болған шығар? – Қорықпадық деп өтірік айта алмаймын. Облыстық әкімдікте өртпен алысып жатқанымызда, дәл жанымызда беттерін тұмшалап алған, көздері ғана жылтырайтын бұзақылар қолдарындағы автоматпен сес көрсетіп, сом темір, арматура кесінділерін, қолшоқпарларын оңды-солды сілтеп, едіреңдеп жүрді. Басшылардың бұйрығына сай, олармен тіл қатыспауға, арандатуларына ермеуге тырыстық. Ештеңеге қарамастан, жұмысымызды жалғастыра бердік. Жөнсіздігін көріп тұрсақ та, шыдадық. Өйткені көбінің көзінде жан жоқтай болып көрінді. Ілік іздеп тұрды. – Өрт сөндірушілік қызметке жүрек қалауымен келдің бе? – Солай деуге болады. Біз өзі төрт ағайындымыз. Барлығымыз осы салада қызмет еттік. Ағаларымның қасында жүріп, өрт сөндіру қызметінің қыры мен сырына әбден қаныққандықтан, 2000 жылдардың басында жұмысқа орналастым және қиналмастан меңгеріп кеттім. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жауапкершілігінің салмағы батпандай сала ғой. Өкінбеймін, елге пайдам тиіп жатса, адамдардың разылығына бөленіп жүрсең, одан басқаның керегі не?! – Бала-шағаң жайлы айта кетсең... – Құдайдың берген бес баласын өсіріп отырмыз. Қосағым – мемлекеттік қызметте. Балалардың үлкені жоғары оқу орнын бітірген. Мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Одан кейінгісі колледжде оқиды. Қалғандары мектепте. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, ел қатарлы тұрмыс кешіп, тәубемізді айтып тірлік етудеміз. Бұл өмірде ең керегі және бастысы тыныштық екен. Қаңтардың бірнеше күнінде бейбіт өмірдің бәрінен қымбат екенін барынша сезіндік. Енді ондай оқиғалар болмай, қатерлі күндер оралмаса деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, мемлекетіміздің мәртебесі де арта берері анық, – деген Болат Мырзағалиұлынан жыл басында елдің берекесін қашырған дүрбелеңнің себебі жайлы не ойлайтынын сұраған едім. Әскери адамға тән қысқа да, нұсқа жауап беріп, былай деді: «Мен мемлекетке ант берген адаммын. Соған сай әріптестеріммен бірге өзіме жүктелген міндетімді атқардым. Ал оқиғаның себебі мен салдарын зерттеп, зерделейтін тиісті ұйымдар бар ғой. Солар анықтай жатар. Әркім өз орнында, өзіне жүктелген салаға жауап бергені жөн».
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы