Көліктерді тіркеуге рұқсат бере ме?
Көліктерді тіркеуге рұқсат бере ме?
567
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қарады. Сенаторлар қараған заң жобасының бірі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тап­сыр­маларын іске асыру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жоба­сындағы нормалар көптеген саладағы мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айқанда, өңірлердің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру үшін салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру көзделіп отыр. Түзетулер мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестік ортаны кеңейтуге және осы сала­дағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азай­туға жағдай жасайды. Заң жобасы монополия операторларын реттеу механизмін қайта қарауды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті іске асыру тәсілдерін жетілдіруді де қамтиды. Жалпы, сенаторлар заң жобасын қолдады. Алайда құжатты қарау барысында депутаттар оған бірқатар өзгертулер енгізуді ұсынды. Соған байла­нысты сенаторлар ұсынған түзетулер енгізіліп, заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қа­былданды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген рулі оң жақта орналасқан автокөліктер бойынша бас­тапқы тіркеу мүмкіндігін беру ұсынылды. Бұл 20 мың­ға жуық азаматымызға өз көліктерін заңдас­тыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сенаторлар азаматтардың банктік, салықтық құпиясына қол жеткізу мәселелеріне қатысты уәкілетті органдарға негізсіз кең өкілеттіктер беретін жекелеген ереже­лерді алып тастады. Осы заң қабылданғаннан кейін халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында «Қазақстан Рес­публикасының кейбір конституциялық заңда­рына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Сенаторлар бұл құжатқа сот жүйесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне байланысты өзгертулер енгізуді ұсынды. Нәтижесінде, Сенаттың түзетулері енгізіліп, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Ольга Булавкина өңірлердегі энергетикалық жабдықтар мен тазарту нысандарының әбден тозғанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Сенатор энергетикалық стратегияны әзірлеуді, сондай-ақ қалалар мен аудандардың кәріз тазарту нысандарын тозығы жеткен инфрақұрылым аудиті нысандарының тізіміне енгізуді ұсынды. Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысында жер­гілікті шаруалардың жер учаскелері жаңа облыстың құрылуына байланысты тиісінше қайта ресім­дел­меген жағдайда, олар үшін мемлекеттік субсидиялар қолжетімсіз болып қалуы мүмкін екенін айтып, мәселе көтерді.