Су қайда, ойбай, су қайда?
Су қайда, ойбай, су қайда?
468
оқылды
Павлодар облысына жолыңыз түссе ең әуелі Баянауылға барғыңыз келіп тұрады. Мұндағы тамылжыған табиғаттың тамаша көрініс­тері, тарихи орындар кімді де болсын елең еткіз­бей қоймайды. Сабындыкөл, Торайғыр, Жасыбай көлдеріне шомылғанның өзі бір бақыт. Әйткенмен, Баянауылға барсаңыз, шөлде­мейді екем деп алданып қалмаңыз. Бұл Баянауыл дегеніңізде баянсыз бастамалар балшықтағы бақадай баршылық. Мұны басшылар мердігер­лердің шалағайлығынан деп шыр-пыры шығады. Мердігерлер «әуел бастағы жобасы осындай» деп ақталады. Кімдікі дұрыс? Ақталғанмен, ауылдағылар таза суға қарық болмайды. Міне, қараңыз. Бүгінде су құбырларын салу және қайта жаңғырту бойынша мердігерлердің жауапты іске атүсті қараулары салдарынан 4 жоба кестеден кешігулі. Атап айтқанда, Баян­ауыл ауданына қарасты Сұлужон, ЦЭС (Майкөбе) және Қызылшілік елді мекендерінде, Тереңкөл ауданындағы Қылылтаң ауылында құбыр жүргізу жұмыстарында қылмыстық істің басы қарауытатындай. Өйткені, облыс­тық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орын­басары Асхат Жакупов жобалардың тағдыры құзырлы органдардың араласуымен дұрыс шеші­мін таппаса соңы қиын жағдайларға ұшыра­татынын жасырмайды. Тұрғындар Баянауыл ауданындағы басқа да ауылдарының жағдайы сын көтермейтінін айтып, дабыл қағады. Басқаны былай қойғанда аудан ортағының өзінде жағдай күрделі. Ауыз су тарту жөнінде сметалық-жоба жасалғанда көптеген үйлер бұған енбей қалған. Өйткені, 222 үй жарасты жерге орналасқан екен. Сондықтан әу баста жобада тау жыныстарын шығару, электр­монтаждау жұмыстары, су құбырының жылыту кабелін электр желілеріне қосу ойға да кірмепті. Сонда қалай? Жарасты жерлерде отырған тұрғындар тоқалдан туған ба? Тап осы тұстан жер учаскелерін бергенде жергілікті әкім қайда қараған? Енді келіп бұл істі жобалау­шыларға итере салғаннан олар судан таза, сүттен ақ болып шыға келмек пе? Қиюы кеткен жұмыстың айқайы басым болады. Ұзынбұлақ ауылдық округі Ақши ауылы­нан айқай шықты. Жұрт текке дүрлікпейді. Міне, ауыл белсендісі Сұңқар Ахановты тыңдап көрелік. – Мұндай жылдамдықты не деп атайтынын білмедім. Бәлкім, космостық жылжамдық деуге келетін шығар. Жұмыстарыммен ауылдан шы­ғып­ кеткен едім. Екі-үш күнде кері оралсам, «қар­қынды» құрылысшылар 500 метр жерге құбыр төсеп үлгеріпті. Жұмыстың қарқынды жүргені, әрине жақсы. Бірақ, ол белгілі тәртіпке ба­ғынып жүргізілуі тиіс қой. Мұнда ешқандай технологиялық талаптар сақталмаған. Мә­селен, құбыр төселместен бұрын оның аты жақ­сылап тегістеліп, 10 сантиметрдей жер­гілікті топырақ төселуі тиіс. Мердігерлер осы талапты орындамаған. Екіншіден құбыр шұң­қырға өте ептілікпен орналастырылуы тиіс. Яғни, оны қолмен жайлап апарып, орнына қояды. Сонда құбырға сызат түспейді. Ал, техника дүңк еткізіп тастай салады. Мұндай жағдайда құбырға келер зардап көп. Айталық, құбырдың астында тас қалып кетсе, уақыт өте келе сол тас құбырды тесіп шығады. Мұның соңы-апат. Сосынғы бір айтар әңгіме құбырды орна­ластырған соң үстіне 30 сантиметр жұмсақ топырақ тасталып, арнайы аппаратпен мықтап тығыздалады. Ал, топырақ арасында тас қалып кетсе, кейін құбыр қысыммен қозғалғанда тас қажап, құбыр жарылады. Бірақ жалқау жұмысшылар құбырды техника күшімен атқарып, жеңіл жолды таңдап отыр. Тағы бір кемшілік, жердің құнарлы қабаты бөлек алынып, құбыр төселгеннен кейін қайтадан орнына қойылады. Мердігерлер бұл жобада жоқ дегенді алға тартады. Құбыр көмілген жерге өз топырағын пайдаланған жөн. Мердігерлер болса сары топырақпен қымтап кете салады. Бұл жаңбыр жауғанда езіліп, адамның да, малдың да жүруіне кедергі жасайды, – дейді Сұңқар Аханов. Ауыл тұрғынының білгенін кәдуілгі құры­лысшылардың білмейтіні өкінішті. Тап қазір құбырға арналған шұңқырлар суға бөгіп тұр. Құбырды нәмді жерге көмуге болмайды. Нәм тартқан құбыр тез шіриді. Осыны біле тұра құрылысшылар істі шала-пұла атқарып, ертерек тапсыруға асығады. Суды сору үшін әри­не, қосымша қаржы қажет. Ал, қосымша қаржы жобада қарастырылмаған. Солай екен деп құбырды су ішіне жасырып кетуге бола ма? Кімнің соңдарынан қуып келе жатқаны белгісіз, құрылысшылар жұмыстарын тез аяқтап, тапсырып кетуге асық. «Қаржы игерілмесе, жұмысты кері қайтарып алады» деп ойлайтын құрылысшылар осылай жанталасуда. Жергілікті билік құрылысшылардың айтқан уәждеріне иігені соншалық, тұрғындарды тыныштандыруға тырағайлап кірісіп кеткен. «Құдайдан мүйіз сұраймыз деп жүріп құлақтан айырылып қалмайық» дейтін көрінеді. Егер құбыр сапасыз төселсе, ертең олар жарылып жатса, тұрғын­дар бір тамшы суға зар болса құлақтан айырыл­ғанның көкесі сонда болады. Мұны жергілікті биліктің неге түсінбейтіні тағы жұмбақ. Бәлкім жергілікті тұрғындар айтатындай, бұл жерде сыбайластықтың иісі шығады ма екен? Павлодар облысында кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Беловод және Май тораптық су құбырларының құрылысы түрлі себептермен талай рет туралап, ақыры сиырқұйымшақтанып барып, зорға іске қосыл­ған-ды. Осыны білетін баянауылдықтар «біздің ба­сы­мызға да сол күн туады ма?» деп үркіп отыр. Баянауылдықтар «Су қайда, ойбай, су қай­да?» деп сан соғып қалмаса екен дейміз дә...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Павлодар облысы.