Ватсаптағы құдалық
Ватсаптағы құдалық
599
оқылды
Жазда жақын ағамның қызы тұр­мыс­қа шықты. Салт-дәстүр бойынша қыз алған жақ «ынтымақ шәйға» ша­қыр­ды. Бас құда – мен. Қасымда жеті адам бар. Уақытында жетіп бардық.Қыз берген жақ ша-малы шіреніп кешігу керек екен ғой. Ол ойға келмепті. Құдалар алды-мыздан шығып жақсы қарсы алды. Төрге құс жастыққа жантайып жай­ғас­тық. Үй иелері өте байсалды бо­лып шықты. Дас­тархан басында үнсіз­дік. Асаба алдыр­мапты. Қонақ­тар ұялы теле­фондарын шұқып әуре болып отыр. Бас көтеруге мұршалары келмейді. Бір әйел есі кетіп «сотка­мен» ойынды қыздырып жатыр. Құ­да­лықпен мүл­дем ісі жоқ. – Ал, хош келдіңіздер! – деді құда қы­зара бөртіп. Ешкім көңіл аудар­мады. Екі жақ телефоннан көз ал­майды. Қасыма бірге еріп келген жеңгем айтты: – Давайте, осы отырысқа ватсап­тан груп­па ашайық, – деп, төбеден түс­кен­дей қойып қалды. Жан адам қарсы болмады. «Тәкі­бай­дың үйіндегі құдалық» группасы ашыл­ды. Құдағи: «Дастарханға ет келе жатыр», – деп жа­зып жіберді. Бәрі үндемей қолдарын жуып келді. Құда: «Басты Нұрекеңе тартамыз». Мен: «Рахмет!» – дедім. Алдыма қойдың басын әкелді. Алғаш рет ұстап тұрмын. Екі құлағын кесіп екі балаға ұстаттым. Оң көзін ойып құдам­ның ағасына бердім. Ол: «Нұреке, ұстап отырғаның соқыр қой­дың басы ма? – деп жазып жіберіпті. Үңіліп қарасам, пышақпен көзін алғанда қарашығы ағымен қоса ұяшығының ішінде қалып кетіпті. Группадағылар кү­ліп тұрған «смайликтер» жіберіп жатыр. Ватсап арқылы танысып алдық. Бір қонақ жайына қарап отырмай, чатқа қор­қынышты видео жіберіпті. Қасымда отырған жеңгем баж ете қал­ды. Қолындағы бір кесе сорпа көр­пеге төгіліп қалды. Енді бір қонақ шама­сы бизнес жасайды-ау, «жіліктеп сиыр еті сатылады», – деп, жазып жатыр. Ар­тық әңгіме жоқ. Тілектер де ватсапқа жазы­лады. Тек, стақандар түйістіріледі. Бұл бір үлкен жаңалық болды. Төрде бойдақ құдаша отыр. Оған қарама-қарсы жездем жайғасыпты. Арасында көзін сүзіп қояды. Алаңғасар нағашы апам түк сез-бейді. Бір кезде жездемнен: «Құдаша, ертең қолың бос па?» – деген хабарлама келді. Түйенің жарты етін­дей апамның қабағы түйіліп, жұды­ры­ғын түйді. Жездем сасып қалды. Құ­да­шаға жекеге жазамын деп құдалықтың көп­шілік ватсабына салып жіберіпті. Енді оған обал болды. Нағашы апам ая­м­айды. Құда бала: «Ресейде халық көтеріліп жатыр», –деді. Ешкім үндемеді. Көрші келіншек ортаға адам шо­шитын заң тармақтарымен бөлісті. Ват­сапта отырғандар қонақтықты ұмытып кетті. Заңды талқылап шулай жөнелді. «Ау, тоқтаңдар біз Тәкібайдың үйінде құдалықта отырмыз», – деп, біздің қа­тын жазбағанда бұлар бірден осы үйден әкімшіліктің алдына барғалы жатыр еді. Ең қызығы, қыз алған жақтан келіп отырған сары шашты бойдақ келіншек лүпілдетіп жүректер жіберді. Күйеуімен келген әйелдер ернін шы­ғарды. Әлгі келіншекті ватсапта бұғаттап тастады. Телефон шұқумен «вечер» аяқталды. Құдағи: «Бата», – деп жазды. Құда: «Кім береді?» Ватсаптағылар: «Жасы үлкені берсін» «Бәрі жас сияқты». «Шашы ағарғандар ма?» «Жоқ,бояп алыпты» «Ой, зачем бата» «Қазақ ұлтының салт-дәстүрі ұят емес пе?» «Біз қазақпыз». «Дұрыс». Осылай хабарламалар бірінен-соң бі-рі келіп жатыр. Ортамызда көпті көрген кісі отыр.Самайына ақ түсіпті. Ол ватсапқа мүл-дем кірген жоқ. Сол адамнан бата сұра-дық. Құданың досы екен. Дастархан үс-тіне көзін бір сүзді де: –Бірінші бердің ет, Мұратыңа жет. Екінші бердің шәй, Көңілің болсын жәй. Үшінші бердің балық, Аман болсын халық. Төртінші бердің арақ, Үйіңнен үзілмесін қонақ. Бесінші бердің... – деп, әлгі кісі дастар­ханға қарап сәл ойланып тұрып қалды. Сол кезде жеңгем: –Колбаса, – деді. – Бесінші бердің колбаса, Бұл отырмақ далбаса. Әумин! – деді.Қонақтар ду күлді. Құдалық керемет өтті.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, Ақтөбе қаласы