Достықтың дәнекері, бітімнің діңгегі
Достықтың дәнекері, бітімнің діңгегі
479
оқылды
Аймақтағы бейбітшілікті, ха­лық­тардың бақуатты өмірін сақтау, мемлекеттердің әл-ауқатын жақ­сарту – ортақ жауапкершілік. Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен ТМД-ға мүше мем­лекеттер басшыларының бей­ресми кездесуіне қатысып, сөз сөйледі. Ел көшбасшысы аталған ұйымды реформалап, оны қазіргі жаһандық жағдайларға бейімдеу жолдарын ұсынды. Биылғы соңғы бейресми саммитке достастыққа мүше мемлекеттер бас­шылары – Қазақстан лидерімен бірге Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­менстан Президенті Сердар Берді­мұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Петер­бордағы мемлекеттер басшыларының кездесуі ТМД аясындағы ынтымақтас­тықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуға және келешекте атқарылатын міндеттерді айқындауға жақсы мүмкін­дік беретінін жеткізді. Ол Қазақстан ТМД-ға төрағалығы аясында достастықтың әлеуетін күшейту үшін бірқатар нақты шара қабылдағанын атап өтті.
– Жыл бойы 80-нен астам ірі шара өткізілді. Экономикалық ынтымақтас­тық­ты кеңейтуге, тығыз гуманитарлық байланыстарды сақтауға және ұйымның беделін арттыруға бағытталған көптеген бастама жүзеге асырылды. Біздің бірлес­кен күш-жігеріміз қазан айын­дағы Ас­тана саммитінің қорытындысы бойын­ша қабылданған құжаттарда айқын көрінді. Жыл бойы, ең алдымен, ТМД-ның 2030 жылға дейінгі эко­номикалық даму стра­те­гиясының мін­деттерін іске асыруға ерекше назар ау­дарылды. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар табысты болды. Қа­зақстанның ТМД-ға мүше мемлекет­термен арадағы тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 11 пайызға артып, шамамен 30 миллиард долларға жетті. Был­тыр осы кезеңде 26,5 миллиард дол­лар болды. Өсім ша­мамен 5 миллиард дол­ларды құрады. Бұл – жақсы үрдіс, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент ішкі өңірлік сауда-сат­­тық­тың қарқынын сақтап, экономи­ка­лық саясатты қазіргі жағдайларға бейім­деу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ТМД-ға мү­ше мемлекеттер басшы­лары­ның на­­­­за­рын өзекті міндеттерді шешуге аударды.
– Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасауға баса мән беру керек. Ол үшін тарифтік және тарифтік емес кедергі­лерді жою, протекционизмге жол бер­меу жұмыстарын жан-жақты жүргізген жөн. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселеле­ріне қатысты іс-әрекеттерді жолға қою қажет. Келесі жылы Астанада өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер министр­лерінің конференциясында осы бағытта ортақ тәсілдер қарастырылады. Осы саладағы министрлер оған белсенді қа­тысады деп сенеміз. ТМД кеңістігінде көлік-ло­гистикалық жобалардың тиім­ділігін арттыру үшін ынтымақтастықтың жаңа механизмдері мен форматы керек. Осы тұста «Солтүстік–Оңтүстік» халық­аралық дәлізінің маңызы артты, сондай-ақ «Қа­зақстан–Түрікменстан–Иран» темір­жолы маңызды көлік бағыты ре­тінде зор рөл атқарады, – деді ол.
Мемлекет басшысы қауіпсіздік са­ла­сындағы іс-әрекеттерді келесі маңыз­ды бағыт ретінде атады. Қазақстанның төрағалығы аясында қабылданған 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ын­ты­мақ­тастық бағдарламасы бұл міндет­терді атқаруға толық сай келеді.
– Ұйымды қазіргі жаһандық жағдай­ларға бейімдеу үшін оның әлеуетін үнемі жетілдіріп, достастықтың халықаралық аренадағы беделін күшейтуге тура ке­леді. Жақын арада ТМД жанындағы ба­қы­лаушылар мен достастықтың серік­тесі институттарын құруға қатысты құ­жаттарды әзірлеу жұмыстары басталады. ТМД кеңістігінде ортақ мәдени-гума­нитарлық ынтымақтастық және тілдер­дің қолданыс аясын кеңейту ісінің мәні зор. Санкт-Петерборға достастықтың 2023 жылғы Мәдени астанасы ресми мәртебесін беру ТМД-ға мүше мемле­кеттер арасындағы мәдени байланыс­тарды нығайтуға ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға ша­қырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін В.Путинге ризашылығын білдірді. Ал Садыр Жапаровқа Қырғыз Респуб­ликасының ТМД-ға алдағы төрағалығын табысты өткізуді тіледі.