Қаңтардағы қауіпті күндері жетісулық медицина қызметкерлері тыным көрген жоқ. Әсіресе, Талдықорғандағы аласапыранда жарақаттанғандарға жедел дәрігерлік көмек көрсетіп, дүрбелеңнің ортасынан алып шығып, емдеу орындарына жеткізді. Бұған қоса, жедел медициналық көмек қажет өзге де науқастарға дер шағында жетіп, ем-дом жасады. Өз өміріне төнген қауіпке қарамай, жарақаттанғандарды құтқаруға барын салған ақ халатты абзал жандардың сол күндердегі еңбегі ерен. Олар бүлікшілердің ортасында жүріп, өздерінің негізгі міндетін орындады. Облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, тәртіпсіздіктер кезінде 337 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың арасында қарапайым халық та, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де болды. Сол күндері 109 адам түрлі дене жарақатымен ауруханада ем алса, 200-ге жуық адамға психологиялық кеңес берілген. Шұғыл көмек көрсету стансасындағылар ұйқы-күлкіні ұмытып, міндеттерін күн-түн демей, атқарды. Жан алысып, жан беріскен сәттер де жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жарақаттанған. Талдықорғандағы жедел жәрдем стансасына шабуыл жасалған. Қақтығыс кезінде фельдшерлерге «жараланған полиция қызметкерлеріне ем-дом жасамаңдар» деген қоқан-лоқы да көрсетілген екен.
«Сол күні кезекшілікте едім. Арнайы көліктің ішінде әріптесім Кабир екеуміз жарақаттанғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқанбыз. Бір уақытта көлік шайқалғандай болды. Мен ештеңеге қарамастан қызметімді жалғастыра бердім. Қасымдағы фельдшер Кабир Рафилов есікті ашты да: «Не болып қалды, жігіттер?» – деді. Сол кезде сырттағы бір адам: «Сен полицейлер мен әскери қызметшілерді емдеме. Біз әкелген адамдарды ғана емдейсің» деп талап қойды. Бірақ Кабир саспай: «Мына жатқан полиция қызметкері, ал мынау қарапайым тұрғын. Менің міндетім, екеуіне де ем-дом жасау. Кез келген адамға алғашқы медициналық көмек көрсету – дәрігерлік міндетім. Мен үшін сырқаттың бәрі бірдей», – деді. Сырттағылар үндемей, есікті жаба салды», – дейді сол күндерді еске түсірген Талдықорғандағы жедел жәрдем стансасының фельдшері Эльмира Насырова. Бұл – қаңтардағы сол бір ауыр күндерде тәулігіне 20 шақты шақыртуға барған Эльмира мен Кабирдің басынан өткен оқиға. Кабирдің өзі ол күндер туралы көп айтқысы келмейді. Ерлік көрсеттім деп кеудесін де ұрмайды. «Дәрігер ретінде өз міндетімді атқардым. Қиындықты да көппен бірге өткердік» деп жылы жымиып қояды.Шынын айту керек, қаңтардың қатерлі күндерінде әскерилер мен тәртіп сақшылары, өрт сөндірушілерден бөлек медицина қызметкерлері де басын қатерге тігіп жүріп, жарақаттанғандарды құтқаруға тырысты. Әсіресе, жедел жәрдем бригадаларына тыным болған жоқ. Сан рет бұзақылармен бетпе-бет келді. Машиналары қирады, өздері де зардап шекті.
«Бейбіт күннің қадірі сол кездері шынайы сезілді. Адамдардың үйден жұмысқа, жұмыстан үйге асығуын көрудің өзі бір бақыт екен ғой. Ал қаңтардағы қасіретті күндері қала қаңырап қалғандай болды. Шақыруға шыққанда сүреңсіз көріністерді, үрейлі адамдарды көріп, жүрегіміз ауырды. Бір-бірімізді жұбатып, тыныштық орнайтынына сендік. Ол күндері көшеде біздің медициналық көліктер ғана жүрді. Онда да машинаның жарығын жақпау, жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау, керек болса, құқық қорғаушыларға екі қолыңды көтеріп, машинада лаңкестің жоқ екені жайлы құпия белгі беріп жүру тапсырылды. Барлығын бұлжытпай орындадық. Бәрі бастан өтті. Енді мұндай жағдайлар қайталанбасын, – дейді Кабир Рамилұлы.Қаңтардың қатерлі күндерінде сол кездегі Алматы облысы бойынша 538 медицина қызметкері, 206 бригада жұмыс істеген. Қақтығыс күндері 5 медицина көлігіне зақым келіпті.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы