«Демалыс күндері «Аватар: Су жолын» көруге арнайы бардық. Сервис дұрыс жұмыс істемегеннен, билетті кинотеатрға барып сатып алдық. Сонда жанымдағы құрбымның «мүмкін, орысша нұсқасына кіре салармыз» дегені бар. Қазақша нұсқаға арнайылап келгенімізді алға тартып, көңілі қалмайтынын түсіндірдім. Өйткені ол бұрындары қазақша дубляждалған шетелдік фильмге барып көрмеген. Сондықтан орысша аудармасындай әсер сыйлай алмайды деп ойлады. Кассада тұрғанымызда ресепшендегі жігіттің қайта-қайта қазақша «Аватарға» билет алып жатқанымызды ескерте бергені де біртүрлі. Фильмнің жартысын да көрмей шығып кететіндей көреді-ау. Жалпы, маған қазақша дубляжы ұнады. Тек ыңғайлы уақытқа сеанс көбейсе дейміз», – дейді Павлодар тұрғыны Балауса Жолдасова.Осыдан кейін үш мегаполистегі қазақша сеанс саны мен уақытын қарап көрдік. Алдымен, 27 желтоқсан күні Астана қаласы бойынша қазақша сегіз сеанс жүретінін білдік. Ал орысша сеанс саны – 46 болса, тек бір көрсетілім ағылшын тілінде жүреді. Алматыға келсек, сол күні фильмнің 242 көрсетілімі бар. Оның 32-сі туындыны қазақ тілінде көрсетсе, екі сеанс ағылшын тілінде қойылады. Шымқалада қазақша сегіз көрсетілім жоспарланған. Уақыты жайына келсек, аталған қалада прайм тайм уақытына тек екі сеанс бар. Алматыда кешкі 19:00-ден кейін сегіз көрсетілім белгіленген. Ал елордада бұл уақытта үш сеанс жоспарланған. Айта кетерлігі, үш қалада да таңертең және түскі уақытта көрсетілім бар. Дегенмен «Аватар: Су жолы» прокатқа шыққан алғашқы аптада қазақша сеансқа барғандар жетерлік. Мәселен, елорда тұрғыны Жадыра Аққайырдың айтуынша, олар 16 желтоқсан күні кешкі сеансқа билет алған. Билетті алдын ала сайттан сатып алғанның өзінде төрт билет қалған екен. Оның сөзінше, фильм прокатқа шыққан алғашқы апта болғаннан зал лық толы, көпшілігі – балалар. Оған қоса кейіпкеріміз қазақша дубляжды қолдап, әлеуметтік желіде билет таратқандар болғанын да айтып қалды. Жанашырлық па, қамқорлық па? Расымен, желідегі қазақ тілі жанашырлары билет таратты. Кейбіреуі ұтыс түрінде жасаса, ендігілері фильм көргісі келетіндерді іздеді. Мысалы, экономист Сәбит Рысбаев Facebook-та қазақша кино көруге уақытша қор жинап, 208 билет сатып алған. Бұған бірнеше адам қолдау көрсеткен. Бірақ фильмге билет тарату кезіндегі кей жағдайға қарап, көңілі қалғанын жеткізді.
«Керуендегі көрсетілімге жетпіс билет сатып алсақ, он төрт адам келмей қалды. Сол жерде билет алуға келгендерді тегін кіргіздік. Соңғы алты билет қалып еді. Бір отбасы төрт баласымен келген екен. Оларға қазақша нұсқасына тегін билет барын айтсам, «кірмейміз» деді. Айналып келгенде кінә өзімізден де бар. Әйтпесе, Астанада орысшасына кіріп жатқанның 80 пайызы – қазақ. Жалпы, киноны қазақша көргісі келетін адам уақытына қарамай-ақ кинотеатрға келеді деп ойлаймын», – дейді ол. Осы тұста көрермен пікірі екіге жарылатыны белгілі. Өйткені қай қаланы алып қарамасаңыз да, прайм-тайм уақыты туралы пікір бар. Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны Әсел Қазмағанбетова отбасымен қазақша «Аватарға» барғысы келген. Алайда жергілікті кинотеатр күніне бір уақыт ғана қазақша сеанс белгілеген. Оның айтуынша, «Бәйтерек» кинотеатрында қалған көрсетілімнің бәрі орыс тілінде жүреді. Ал елорда тұрғыны Қуаныш Омаров жұрттың мұнша шала бүлінетінін түсінбей жүр. «Қазір қазақшаға қарағанда орысша аудармаға сұраныс көп. Байқағаным, қазақтардың өзі орысша сеансқа кіріп жатыр. Мүмкін әлемдік туындыны орысша дубляжда көріп көз үйреніп қалғанынан болар» дейді ол.Осы тұста кинотеатрлардың да «Аватар: Су жолының» қазақша дубляжы шыққанын хабарлағанын білеміз. Қазақша аудитория үшін мұның өзі жетістік. Себебі «Кинематография туралы» заңның 9-бабы 3 тармағына мән берсек, ел аумағында көрсетілетін кез келген фильмде қазақ тілінде субтитр немесе дубляж болуы керек. Келесі тармақта дубляждауға қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған фильмдерді кинозалдар қазақ және өзге де тілде прокаттауға мүдделі екені жазылған. Яғни, бұл фильмге мемлекет қолдау білдірді әрі фильмде дубляж яки субтитр болуы міндетті. Иә, бұл турасында желіде түрлі жазба жарияланып жатыр. Соның ішінде белгілі журналист Айбар Олжайдың «Аватар: Су жолын» бизнес, доллар және тіл ұғымына біріктіргені ұтымды шыққанын атап өту керек. Ол бизнестің ана тілімізге және керісінше қалай әсер етіп тұрғанын жақсы түсіндірген.
«Аватар – қымбат фильм. Яғни, әлемдік мейджордан оның бізде көрсету құқығын, цифрлік копиясын, прокаты куәлік алу үшін Kinopark көп шығындалды. Фильмді қазақша субтитрлауға да біршама қаражат кетті. Енд шығынды олар билетті көптеп сатып, жабуы керек. Пайда табу туралы да жоспарлары жоқ емес. Әрі қоғамның кейбір өкілдері Аватарды қазақ тілінде сұрай бастады. Олардың талабы орынды. Мұны кинозал басшылары түсінеді. Оның үстіне, кинозалдар фильмді ыңғайлы уақытқа қоюға жүрексінеді. Өйткені не өрлейсің, не құлайсың. Таразы басында қаншама ақша тұр. Екінші жағынан, егер туындының қазақша дубляжында зал лық толы болса, онда кинотеатрлар ештеңеден қорықпай әлемдік блокбастерлерді қазақша көрсете бастайды. Сондықтан Аватар қазақ тілінің болашағы үшін шешуші фильм», – деп жазды ол Facebook парақшасында.Десе дегендей, қазақ тілінің тағдыры су жолына ұқсап тұр. Шешімін тауып, жұмылып әрекет етсе, түрлі түйткілді шайып өтуге болады. Мәселен, кинозалдардың фильмді қазақ тілінде көруге шақырған промороликтерін айта кеткен жөн. Ендігісі көрерменнің қолында тұр. Ал тілдің тағдырына бейжай қарап, санада сілкініс жасауға асықпасақ, су астында қалып кетуіміз мүмкін.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ