Көшбасшысы халқына адал қызмет етсе, мемлекеттің қарыштап өркендеуі үшін үлкен жауапкершілікпен, аянбай жұмыс істесе, онда елдің жұлдызы оңынан туып, өркениет жолындағы ұлы көште алға оза бермек. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті істі абыроймен атқарып, мемлекеттік мүдде үдесінен шығып келеді. Биылғы жыл ел басшылығына да, елге де қиынға соқты. Қауырт жұмыс істеуге, шын мәнінде шетін шешімдер, тосын шаралар қабылдауға тура келді. Соның арқасында республика тарих сынынан аман өтіп, тәуелсіздігін нығайта түсті.
Президенттің қызметі құжаттардың үлкен ауқымына қатысты жұмыспен тығыз байланысты екені белгілі. Қ.Тоқаев 2022 жылдың 26 желтоқсанына дейін 68 заңға қол қойды. 422 Жарлық шығарды. 137 өкім қабылдады. 4 508 қызметтік хат-хабар жазған. Сонымен қатар 594 жеке және заңды тұлғалардың жолданымына қатысты тиісті шешімдерге қол қойыпты.
Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдік аренада ұсынады, мемлекет пен ұлт мүддесін халықаралық деңгейде қорғайды. Осы мақсатта Қ.Тоқаев осы бір жыл ішінде 14 елге 25 рет сапар шекті. Ол елдердің қатарында Америка Құрама Штаттары, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабиясы, Франция, Қатар, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Иран, Ресей және басқа да елдер бар.
Ел Президенті 19 елдің мемлекет басшысымен кездесіп, маңызды келіссөздер жүргізді, Қазақстанның дамуына үлес қосатын уағдаластықтар мен келісімдерге қол жеткізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 60 жеделхат жолдаған. 30 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Шетелдік әріптестерімен және басқа да биік лауазымды тұлғалармен 59 рет телефон арқылы сөйлесті.
Дегенмен, Мемлекет басшысының қызметінің басым бөлігін ел ішіндегі жұмыстар қамтиды. Ол биыл 59 жиналыс пен кеңеске, 31 халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысқан. 298 рет қабылдау мен кездесу өткізген.
7 рет үндеу мен мәлімдеме жасады. 1 рет жария түрде конституциялық заңдарға қол қойды. Бұл оқиға 2022 жылғы 5 қарашада болды. Оның барысында жаңа тарихымызда алғаш рет қабылданған «Конституциялық сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» және басқа да Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыруға бағытталған жалпы саны 6 заңға қол қойылды. Оның бәрі биылғы маусымдағы жалпыұлттық референдумда халық құптаған бастамаларға өмірге жолдама береді.
Қазақстан лидері 2022 жылы ел ішінде және шетелге бірқатар сапар жасады. Ол 147 390 шақырым қашықтыққа ұшқан. 238 сағат бойы ұшақта болды. 16 рет жұмыс сапарымен еліміздің аймақтарына барды.
Тарихи сын – күрделі шешімдер кезеңі
Биылғы жыл Қасым-Жомарт Тоқаев үшін күрделі шешім қабылдаудан басталғаны мәлім. 2022 жылғы 5 қаңтарда ол Алматы қаласында және Маңғыстау облысында төтенше жағдайды енгізу туралы №725 және №756 жарлықтарын шығарды. Бұл кезде бейбіт шерулер бүлік пен былыққа ұласқан болатын. Республика отқа оранды. Қан төгіле бастады. Халықты қорғау, елді тоз-тоз болып құрудан сақтап қалу үшін ел басшылығына төтенше қадамға баруға тура келді. Ахуал ары қарай ушығып бара жатқандықтан, сол күні ел тарихында тұңғыш рет Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдай жарияланды.
Қазақстан қала ма, әлде құри ма деп, бүкіл әлем көз тіккен сол тағдыршешті, тар жол, тайғақ кешті 5 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, «Билік құламайды!» деп нық жариялап, қарсылық көрсетуші күштерді диалогқа шақырды.
– Қадірлі ағайын! Баршаңызға тағы да айтарым: іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет, – деп ескертті Президент.
Сонымен бір мезгілде ол жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп, ел сенімін ақтай алмаған, халықтың әл-ауқатын арттыра алмаған Үкіметті 5 қаңтар күні отставкаға жіберді. Бұқара наразылығына түрткі-триггер болған автогаз, жанар-жағармай бағасы күрт төмендетіліп, олардың бағасын көтеруге жарты жылға мораторий жарияланды. Күні кеше осы арзан бағалар келесі жылға да ұзартылғаны белгілі болды. Президенттің пәрменімен күш құрылымдары батыл қимылдап, өңірлерде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіре бастады. Мемлекет басшысы алғашқы болып, 12 қаңтарда СҚО, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағы төтенше жағдайдың күшін жойды. Ал 19 қаңтарда, сағат 00:00 бастап, елордада, Алматыда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ТЖ режимі, коменданттық сағат және басқа уақытша шектеулер жойылды. Бұдан бұрын төтенше жағдай өзге өңірлерде алып тасталған болатын. Осылайша, бүкіл ел қалыпты өмірге оралды. Қазақстан халқының бірлігі, көшбасшысын қолдап, соның айналасында топтасуы, құқық қорғау органдары мен армияның жанқиярлық қимылы арқасында тыныштық пен тұрақтылық қайта оралды.
Сол қаралы қаңтар күндері Қазақстан көшбасшысына кадрлық салада да ауыр, бірақ маңызды саяси шешімдер қабылдауға тура келді. Төрағасы Кәрім Мәсімов бастаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды тұлғалары, кейін Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов, бұрынғы Президенттің бірқатар туыстары қамауға алынып, олардың үстінен іс қозғалды. Бірқатарына қатысты сот үкімдері шықты, қалғанына қатысты сот процестері жалғасуда.
Қаңтар оқиғалары елдегі тым ұзаққа созылып кеткен билік транзитінің, саяси трансформацияның аяқталуына ықпал етті. Елдегі саяси билік толыққанды Президенттің қолына көшті. Іс жүзінде Елбасы институты жойылып, ол символдық сипатта ғана қалды. Таяуда, жыл соңында Мәжіліс «Елбасы туралы» конституциялық заңның күшін жоятын және Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыруды қарастыратын заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Ел дамуына халықтың ынтымағы ықпал етті
Жалпы, халықаралық сарапшылар қаңтар оқиғаларынан соң Қ.Тоқаев кейбір өзге елдердегі сияқты бар билікті уысына жиып, елде төл автократиясын күшейтеді деп қауіптенген. Алайда Қазақстан көшбасшысы ел тарихында, тіпті аймақ елдері тәжірибесінде болмаған, теңдессіз демократиялық жаңғыруларды бастап берді. Мысалы, ол Президент ретінде көптеген өкілеттіктерден бас тартып, кең ауқымды конституциялық реформаны қолға алды. 5 мамырдағы №888 Жарлығымен Ата заңға өзгерістерді 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумға шығарып, халқының ақ батасын алды. Сонымен қатар ол ел тізгінін өмір бойы ұстауға ниеті жоқтығын анық аңғартып, әрі өзінен кейінгі билеушілердің билікті ұзақ иемденіп алуына тосқауыл қою үшін президенттік мандатты бір реттік 7 жылмен шектеді.
«Тоқаев қаңтар трагедиясынан дұрыс сабақ алды. Ол жеке диктатурасы режимін енгізіп, елді бұдан да терең құрдымға құлатпады. Керісінше, тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің тарихында еш баламасы жоқ демократиялық жаңғыруларды жүзеге асыруға жедел кірісті. Көптеген президенттік артықшылықтан және құзыр-өкілеттіктерінен өз еркімен бас тартты. Парламенттің, тұтастай алғанда азаматтық қоғамның рөлі мен функциясын күшейтті. Бұдан былай Президент ел, тарих және ар алдында жауапты болатын халық қызметшісі, жалдамалы менеджер ғана болатынын мәлімдеді. Орталық Азия тарихында бұрын-соңды болмаған жайт: дәл Қазақстанда өз халқымен жеті жылдық контракт бекіткен Президент пайда болды. Ол хан, сұлтан, патша емес, халқына адал қызмет етуге ант еткен менеджер», – дейді «Трагический январь» кітабының авторы, ресейлік жазушы, тарих зерттеушісі Леонид Млечин.
Шынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 қарашада, Алматы жұртшылығымен кездесуде берекелі қоғам мен мықты мемлекет құрудың басты талабы ретінде әділдікті атаған болатын. Оның айтуынша, баршасы ішкі, сыртқы саясатта және барлық салада әділдік қағидатын берік ұстануы тиіс. Бұл Президентке де қатысты.
– Президент – жалдамалы менеджер. Халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандасының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Президент лауазымы – артықшылықтан бұрын, зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және ар-ұжданының алдында жауап береді, – деді Қ.Тоқаев.
Оның байламынша, әділеттілік – тұрақтылықтың, татулық пен тыныштықтың басты кепілі. Әділдік бар жерде заң сақталады, тәртіп бұзылмайды.
Президенттің жыл бойы қабылдаған шаралары, шешімдері, бастамалары Әділетті Қазақстанды құруға бағытталды десек, жаңылмаспыз. Президент 2022 жылғы жұмысы барысында барлық күш-жігерін әділдікке жақ Қазақстанның іргесін қалауға жұмылдырды. Елдің игілігі мен дамуына, халықтың ынтымағына ықпал етті.
Қауырт та қызық жыл күтіп тұр
Биылғы жылы Мемлекет басшысы қаңтар оқиғаларымен, референдуммен, конституциялық реформамен, саяси жаңғырулармен, Президент сайлауымен байланысты емес, бірақ ел есінде қалатын өзге де маңызды шешімдер қабылдады. Мысалы, 2022 жылғы 3 мамырда «Алматы облысының Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы» Жарлық шығарды. Ал 4 мамырдағы «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен жаңа 3 өңірді – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құрды. Сонымен бірге ел басшылығының саяси ерік-жігері арқасында биыл елордадан Нұр-Сұлтан атауы жойылып, көз отықты, құлаққа сіңісті болған, әрі шетелде жақсы танымал Астана атауы қайтарылды.
Қорыта айтқанда, биылғы бір ғана жылда ондаған жылдарға бергісіз өзгерістер болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тұжырымдағандай, 2022 жылы Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, күшті Парламенті бар президенттік республика жүйесіне көшті. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Іс басындағы Президентке қандай да бір партияға мүше болуына тыйым салынды: ол саяси күштердің бәрінен тысқары, жоғары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Яғни, билікті жеке-дара иеленуге жол берілмейді. Саяси күштерді жаңғырту, жандандыру үшін жаңа партияларды құру ісі күрт жеңілдетілді. Саяси үдерістер ашық, ал саяси жүйе орнықты болады. Бірқатар өкілеттіктер Президенттен Парламентке, орталықтан аймақтарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Конституциялық сот құрылды.
Алла қаласа, амандық болса, келесі, 2023 жыл да қауырт әрі қызықты болғалы тұр. Барлық саланы қамтитын жаппай әрі жүйелі реформалар қолға алынады. Жаңғырудың ауқымы кеңейтіледі және ол жалпыұлттық диалог, халық үніне ден қою арқылы жүзеге асырылады. Сенаттың, Мәжілістің, барлық деңгейдегі мәслихаттардың және әкімдердің сайлауы ұйымдастырылмақ. Яғни, Қазақстан ұлы электоралды кезеңге аяқ басады. Жаңа сайланған Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болады. Президент алдағы осы науқандарға өзі «айрықша мән беріп отырғанын», сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуі тиістігін жариялады.
Мұның бәрі еңсесі биік елдікті, іргесі сөгілмес мемлекеттілікті нығайтуға септеседі деген сенім мол. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, алдымызда тұрған негізгі мақсат – еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашу болады.