2022 жыл елдің қоғамдық-саяси өмірінде айтулы жаңалыққа толы болды. Бұл өзгерістерге «қаралы қаңтар» оқиғалары мұрындық болғаны жасырын емес. Сондықтан да болса керек, бұған дейін көбіне биліктің биік мінберінен әрі аспайтын бастамаларды қалың бұқара қызу талқылады. Кейбірін іске асырудың бел ортасынан табылды. Бұл саяси сарапшыларды былай қойғанда көпшілік айтып жүргендей, 2022 жылды мемлекет өміріндегі соны бетбұрыстардың кезеңі ретінде айшықтай түседі. Қаңтардан кейін Осы жылдың алғашқы күндері қазақстандықтардың жадында жаңғырып тұрары анық. Алғашында сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты бейбіт басталған жиынның соңы қантөгіске ұласқаны мәлім. Әсіресе, елдің оңтүстік облыстарында бүлікшілер батыл қимылдап, әкімшілік ғимараттарды, қызметтік көліктерді өртеді. Кейіннен құзырлы органдар Қаңтар бүлігінде 200-ден астам адамның көз жұмғанын хабарлады. Негізінен, қаны төгілгендердің қатарында қолына қару ұстап, аттанған бүлікшілердің саны көп болды. Дегенмен сол күндері қақтығыс аймағында жеке шаруасымен жүрген бейбіт тұрғандарға тіпті, балаларға ажал оғы тиді. Кейіннен жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болып, түрмеде азапталғандар туралы төбе шашты тік тұрғызатын ақпараттар тарады. Бұл мемлекет алдына Қаңтар оқиғасының ақ-қарасын ажырату міндетін қойды. Тәуелсіздігімізге қатер төнген сол бір шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел шешім қабылдап, жағдайды тұрақтандыруға күш салды. Жекелеген өңірлерде төтенше жағдай режимі жарияланды. Қанды қаңтар оқиғаларының кезінде-ақ бірқатар кадрлық шешім шығарды. Сол тұста құқық қорғау, қорғаныс жүйесіне жауапты болған лауазым иелері әуелі қызметінен босады. Кейіннен олардың үстінен Қылмыстық кодекстің түрлі баптары бойынша іс те қозғалды. Президент 2022 жылғы 11 қаңтарда жаңа Премьер-Министрді тағайындап, Министрлер кабинетінде едәуір өзгеріс жасады. Үкіметтің 22 мүшесінің 15-і қызметінен босатылды. Қаңтардан кейін бірқатар өңірдің әкімдері де жылы орнынан айырылды. Саяси жүйенің жаңғыруы елдегі жетекші партия саналған «Nur Otan» партиясына трансформация жүргізу керектігін көрсетті. Әуелі Президенттің өзі партия төрағалығынан бас тартты. Көп ұзамай Президент қызметін атқару кезеңінде ешқандай партияға мүше болмайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін партия жұмысында ауқымды өзгерістер басталды. Партияның атауы «AMANAT»-қа ауысты. Жаңа атауға ие болған партия мүшелері төрағалықты Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа сеніп тапсырды. Саяси ұйым жұмысын ұйымдастыру, басшылық жасау бұрынғыдай төрағаның бірінші орынбасарына емес атқарушы хатшыға жүктелді. Жаңалығы көп Жолдау Көпшілікті елең еткізген саяси реформалардың келесі бір пакетін Президент 16 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жариялады. Жолдауда көрсетілген ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіп, жыл соңына 20-дан астам заңның қабылданғанынан-ақ бұл реформалардың ауқымын бағамдай беруге болады. Олардың негізгілері ретінде бірқатар консультативтік-кеңесші органдар мен кеңестердің трансформациясын айта аламыз. Осы Жолдауда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру, ал Конституциялық кеңесті Конституциялық сотпен алмастыру, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін Ұлттық құрылтай ретінде жалғастыру ұсынылды. Сонымен қатар Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды. Президент жаңа әкімшілік-аумақтар құрудың негізгі себебі ретінде жергілікті жерде қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді атап өтті. Сол арқылы бұл бастама көпшіліктің көкейінен шықты. Ал Алматы облысының жаңа орталығы деп танылған Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беруді ұсынуы қызу қолдауға ие болды. Мұны кейбіреулер тарихи әділдіктің салтанат құруымен байланыстырып та жатты. Осы Жолдауда Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындау процедурасына қатысты жаңа құқықтық тетік енгізілетінін мәлімдеді. Бұған дейін Мемлекет басшысы өңірлердегі әкім лауазымына тағайындау үшін жергілікті мәслихаттарға 1 ғана кандидатты ұсынып келген болса, ендігі жерде кемінде 2 кандидат ұсынылатын болды. Өңір басшыларын жанама сайлау әдісі алғаш рет жаңадан құрылған облыс әкімдерін тағайындау кезінде қолданылды. Президент сайлауынан кейін де облыс және республикалық маңызға ие қаланың әкімдері осы жүйе арқылы қызметке тағайындалды. Құқықтық тетік күшіне енді Жоғарыда аталғандай, саяси реформалардың жаңа пакетін жүзеге асырудың да құқықтық мәртебесін қарастыру күн тәртібіне қойылды. Сондықтан 5 маусымда республикалық референдум өткізілді. Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты жарияланған референдумға азаматтар белсенді қатысты. Сайлау құқығына ие қазақстандықтардың 68,6 пайызы 27 жылдан кейін өткізілген шарада саяси белсенділік көрсетті. Дауыс берушілердің 77 пайызы өзгерістерді қолдап дауыс берді. Референдумның ізін ала Ұлытауда ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы өтті. Сол басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыртып, оған мемлекеттік мәртебе беруді ұсын-ды. Өйткені дәл осы күні (1990 жылы 25 қазан) Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Құрылтайдан дәл 4 ай уақыт өткен соң қазақстандықтар ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта оралған мәні зор мемлекеттік мерекені зор қуанышпен атап өтті. Ел аузында жүрген баянды бастамалардың келесі бір шоғырын Президент қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында жариялады. Атап айтқанда, ел ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылатын болды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Ең бастысы, Президент Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды екенін айтып, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Балаларға берері мол бастама 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырыла бастайды. Осы Жолдауында Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді және Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Елдегі жыл ішіндегі саяси реформалардың түйінін қойғанда Президент сайлауы 20 қарашада өтті. Сайлауға дауыс беру құқығына ие қазақстандықтардың 69,44 пайызы қатысып, өз таңдауын жасады. Дауыс берушілердің 81,31 пайызы бұл қызметке Қасым-Жомарт Тоқаевты лайықты деп тапқан. Сонымен қатар осы жылы еліміз бірқатар ауқымды халықаралық шараға төр ұсынды. Атап айтқанда, қыркүйек-қазан айларында Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы, «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы кездесуі сияқты шаралар өтіп, әлем назары Қазақстанға ауды.
P.S. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір айтулы жыл тарих қойнауына еніп барады. Ал оның саяси, әлеуметтік-экономикалық бастамалардың алғышартына айнала алғанын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, жыл ішінде жүргізілген, қолға алынған реформалар «Қасіретті қаңтардың» қайталанбауына кепілдік берсе болғаны.
Шынболат АТЫХАНҰЛЫ