Қуат алудың қайнар көзі
Қуат алудың қайнар көзі
858
оқылды
Биылғы жыл термоядролық синтез саласындағы жаһандық серпіліс болды. Яғни, 2022 жыл термоядролық қуат адамзатқа бағынған жыл ретінде Дүниежүзілік тарихтың төрінен орын алуы ғажап емес. Бұл жайт ғалымдарға энергетика саласында революция жасалғаны туралы мәлімдеуге мүмкіндік берді. Егер алғашқы жетістіктер жүйелі сипат алып, толық бекісе, тұрақты жолға қойылса, онда биылғы осы оқиға – бүкіл ХХІ ғасырдағы ғылыми жаңалықтар мен шешімдердің ең басты­ларының бірі болуы ықтимал. Қуаттың әзірше адамзатқа бей­мәлім мүлде жаңа түрлерін іздеу бұрыннан жүргізіліп жатыр. Себебі, болашақтың энергиясын қамдау қажет. Дегенмен, елеулі өзгерістер болмай, халықаралық қоғамдас­тықтың да, демеушілердің де көңілі қала бастағандай еді. Үнемі ізденісте болып, тынбай зерттеу жүргізген ғалымдар алынбас бір қамалды бұзып кіргенге ұқсайды. Сонымен, 13 желтоқсан күні америкалық ғалымдар, нақтыласақ, АҚШ Энергетика министрлігінің Эрнест Лоуренс атындағы Ливермор ұлттық зертханасы (Lawrence Livermore National Labo) термоядролық синтез саласындағы жеңіске бергісіз жетістіктері туралы жариялады. Ға­лымдар мұны энергетикадағы ре­волюцияның бастауы болуы мүмкін деп болжам жасап отыр. Себебі, ол толыққанды жүзеге асса, бүкіл адам­зат тап-таза энергияға және ре­сурсы шексіз деуге келетін отынға ие болады. Яғни, ол кең таралса, онда көмір, газ, мұнай, ағаш және басқа табиғи, қазба байлықтарды үлкен көлемде шығындаудың еш қажеті болмай қалатын көрінеді. Әрине, зертхана аясында тер­моядролық синтез арқылы бұрын­дары да қуат алынып жүрді. Бірақ ол қуатты алу үшін одан көп қуат жұмсалатын. Бұл бір түп қана кар­топ алу үшін бір тонна картопты жер­ге көмумен бірдей өнімсіз тірлік еді. Осы қайырсыз, қайтарымсыз дү­ниеге ұқсас ғылыми сынақ, тәжі­рибелер сонау 1930-жылдардан бе­рі, ұзақ жылдар бойы ұдайы қайталанды. Енді міне, ғалымдар тарихта тұңғыш рет термоядолық реак­тор­дан ондағы реакцияны жүргізуге шығындалғаннан да көп энергия алғандарын мәлімдеді. Яғни, көр­кем теңеумен түйсек, бір тонна кар­топты егіп, одан көбірек өнім жинап отыр. Сынақ Калифорния­дағы Ливермор ұлттық зертхана­сының өзінде жүргізілген.
«Ғалымдар термоядролық син­тезді жүзеге асырудан үміт үзбей, ондаған жылдар бойы үздіксіз та­лаптанды. Осы ғылыми серпіліс бүкіл әлемде, ғылыми қауымдас­тық­та шаттық, шабыт, энтузиазм ту­­ғызды. Дегенмен, сарапшылар тер­­моядролық синтез коммерция­ландырылуы, яғни нақты өнімге айналып, нарықта қолжетімді бо­луы үшін әлі ұзақ жолдан өтетініне назар аудартады. Әңгіме ондаған жыл туралы болып отыруы мүм­кін. Ең бастысы, тұтынушыларды электр­мен, жылумен жабдықтау үшін оның өнеркәсіптік ауқымда қолданылуына қол жеткізу бол­мақ», – деп жазды Reuters.
«Бұл сонда қандай отын?» деген сауал туады. Калифорния универ­ситетінің энергетика профессоры Дэниел Камменнің түсіндіруінше, қажетті ресурс пен элементтер теңіз суында бар. Жер планетасындағы бүкіл судың 97,5 пайызы – ащы. Ғаламшарымыздағы 1 миллиард 400 миллион текше шақырым судың небары 35 млн текшесі немесе ша­мамен 2,5 пайызы ғана – тұщы су. Ал ащы судан және басқасынан термоядролық синтез арқылы қалай отын алынады?
«Термоядролық синтез дегеніміз 2 жеңіл ядролық атомды 1, бірақ анағұрлым ауыр ядроға біріктіру және соның барысында орасан зор көлемде қуат бөліп шығару процесі. Синтез реакциясы плазма аталатын заттың, яғни оң иондар мен еркін қозғалатын электрондардан тұра­тын ыстық, зарядталған газдың агре­гаттық күйінде жүреді. Мысалы, басқа жұлдыздар сияқты Күн дәл осы реакцияның арқасында энергия бөледі. Күн ішінде бірігуі үшін ядролар төтенше жоғары темпера­турада, шамамен 10 миллион Цель­сий градусы кезінде бір-бірімен соқтығысулары тиіс», – деген түсі­ніктеме берді Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ).
Қазір атом электр стансалары (АЭС) керісінше, ыдырату реакция­сында жұмыс істейді. Яғни, ауыр ядролар анағұрлым жеңіл ядроларға тоқтаусыз ажыратылады. Термо­ядролық синтез керісінше, тоқтау­сыз біріктіреді. Сондықтан оның қуаты да ғаламат. МАГАТЭ термо­ядролық синтез кезінде бөлінетін қуаттың көлемі АЭС-тердегі ядро­ларды бөлу реакцияларына қара­ғанда 4 есе көп екенін хабарлады. Ендеше ғылыми жаңалық жаһан игілігіне жарап жатса, онда атом станцияларын салу – өткен ғасыр­дың ісіне айналуы мүмкін.
«Егер ғаламдағы жұлдыздарға тән термоядролық синтезді Жерде жүзеге асыру мүмкін болса, онда таза, қауіпсіз және арзан энергия­ның шексіз дерлік көлемі алынатын болады. Онда қуатқа деген әлемдік сұраныс толық қанағаттан­ды­ры­лады», – деп жариялады МАГАТЭ.
Америкалық ғалымдар осы реакция үшін аса қуатты лазер сәу­лелерін пайдаланған. 192 лазерлік сәуле бір мезгілде құйтақандай ғана гранулаға бағытталған. Ол гранулаға сутегі орналастырылыпты. Нәти­жесінде, оның іші алапат қызып, секундына 50 рет қайталанатын қарқынды, адам сенбес ұсақ жары­лыстар болып, термоядролық син­тез реакциясы басталды. Мә­лім­делгендей, осы реакцияны туында­туға 2,05 мегаджоуль лазерлік қуат шығындалған. Одан шамамен 3,15 мегаджоуль энергия бөлініп шықты.
«Жоспарға сәйкес, бірінші буындағы термоядролық реактор­ларда сутегінің ауыр изотоптары­ның – дейтерий мен тритийдің қос­пасы пайдаланылады. Теория бойынша осы реагенттердің небары бірнеше грамын қолдану арқылы 1 тераджоуль энергия алуға болады. Осынша қуатты дамыған елде тұ­ратын бір адам 60 жылда шығын­дайды», – деп түсіндірді Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік.
Сарапшылар термоядролық синтездің қолданыстағы энерге­тикаға қарағанда көптеген артық­шылықтарын атап өтті. Бастыла­рына тоқталсақ, Жер-Ананың қы­зуын көтеріп жатқан парник газ­дары мұнда бөлінбейді. Тіпті таза энер­гетикаға жататын АЭС-тер де парник газдарын шығарады. Мұның сыр­тын­да, заманауи атом станция­ла­ры­на қарағанда, одан әлдеқайда аз ра­диоактивті қалдықтар бөлінеді. Бұл жерде көмір мен газ жағатын стан­салар мен жылу-электр орта­лықтары да қауіпті радиобелсенді қалдықтар шығаратынын ескерткен жөн. Бүгінде америкалықтар ғана емес, өзге озық елдер де термояд­ролық синтезді өз құндылығына айналдыруға күш салып жатыр. Мысалы, Францияда ITER халық­аралық жобасының құрылысы қол­ға алынған, онда дәл осы синтез зерт­теліп, тиісті қондырғы жаса­ла­ды деп күтілуде. Ал америкалық жоба National Ignition Facility деп аталады. Осылайша, биылғы ілгері ұм­тылыс арқасында осы ғасырда жа­һан жұртшылығы табиғатқа зиян кел­тіретін қазба отындарды тұты­нудан толық бас тартады деген үміт бар.