Қазақстанда «Жасыл ипотека» бағдарламасы іске қосылды
Қазақстанда «Жасыл ипотека» бағдарламасы іске қосылды
1,497
оқылды
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар «жасыл стандарттар» бойынша салынған, энергия үнемдейтін баспана алу үшін несие ала алады, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy. «Жасыл ипотека» бойынша бастапқы жарна 20%-ды құрайды. Егер ол бар болса, «Отбасы банкінің» клиенттері алдын ала қарыз алуға мүмкіндік алады. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 12,5%. Алайда ол 10 жылдан кейін төмендейді. Несиенің ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге тең. «Отбасы банк» клиенттеріне алғашқылардың бірі болып «Best building» ЖШС өзінің «Grand Victoria» тұрғын үй кешенін ұсынып отыр. Бұл нысанға ғимараттарды экологиялық бағалаудың «Өмір» қазақстандық жүйесінің сертификаты берілген. «Отбасы банк» АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, салынып жатқан үйлердің энергия тиімділігі алдағы 50 жылда күн тәртібінде тұрған мәселе.
– «Мұндай үйлерді қазақстандықтар жаңа жылдан бастап сатып алуға мүмкіндік алады. 35 млн теңгеге үш-төрт бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Біз Қазақстанда жасыл қаржыландырудың дамуына үлес қосып отырмыз деп ойлаймыз», – деді Ләззат Ибрагимова.
Ол қанатты жобадан алынған тәжірибе әрі қарай ірі халықаралық қаржы компанияларымен байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін айтты.
– «Себебі қазірдің өзінде жасыл қаржыландыруға деген қызығушылық артып отыр», – деді ол.
Ал «Best building» компаниясының атқарушы директоры Дархан Иманашевтың айтуынша, аталған ипотекалық бағдарлама «Отбасы банкінде» салымы бар барлық елордалыққа қолжетімді. Қазақстандағы жасыл құрылыс жөніндегі кеңестің (KazGBC) атқарушы директоры Александр Белый атағандай, «жасыл ғимараттар» қоршаған орта мен тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігіне жауап береді.
–«Мұның барлығы жылу, жарық, электр және су ресурстарын тиімді пайдалану технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылды. Әлем бойынша сертификаттаудың сан түрі бар. Қазақстанда ТМД елдерінің ішінде алғаш рет экологиялық сертификаттау әзірленді. Стандарт 2015-2018 жылдары әзірленген. Ол үздік халықаралық тәжірибе мен Қазақстанның климатына бейімделген», – деді ол.