Алматы облысында құтқарушылар жоғалып кеткен бір отбасын іздестіріп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті боранда жолға шыққан 7 адам жоғалғанын хабарлады. Бүгін сағат 08.00-де Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөлімі пультіне отбасының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылынан 80 шақырым жерде, таулы аймақтағы Бортоғай су қоймасында 7 адамнан тұратын отбасы (төрт ер адам, екі әйел адам және бала) жоғалып кеткен. Олар 2 қаңтарда екі көлікпен Алматыдан Асы үстіртіне қарай шығып, үйлеріне оралмаған. Жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарын Төтенше жағдайлар департаменті, республикалық жедел-құтқару жасағы, жергілікті атқарушы органдар мен аудандық ішкі істер бөлімі жүргізіп жатыр. Іздеуге дрон жұмылдырылған.