Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 69-орында тұрған 20 жастағы украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін бір рет кездесіп, 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатында М.Костюк Е.Рыбакинаны 6:1, 7:5 есебімен жеңген. Бұл жолы бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте қазақстандық спортшы үш сет-пойнтты пайдалана алмады. Дегенмен, тай-брейкте өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ - 7:6 (7:5). Екінші сетте есесіне М.Костюк брейкпен алға кетті – 2:0. Ол бұл партияны тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2. Үшінші, шешуші партияны Е.Рыбакина брейкпен бастағанымен, бұдан кейін украиналық спортшы күш алып кетті – 4:1. Ақыры матчты жеңіспен аяқтай білді – 6:3. Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.