Сонымен, қоян жылы да келіп жетті. Әрине, шығыс күнтізбесі бойынша қоян жылы наурызда кіретіні анық. Дегенмен жаңа кезеңге үлкен үмітпен қарайтын әдетімізбен 2023 жылды шешуші межеге балап отырған жайымыз бар. Өйткені транзит толық аяқталды, жаңа 7 жылдық президенттік мерзім басталды. Еліміз саяси жолда демократиялық даңғылға түскенімен, экономикалық жағынан тұралап жатқанымыз рас. Әйтсе де, әлеуметтік-қоғамдық ахуалға жылымық лепті жан бітіп келеді. Ендеше қоян жылының қоңы қандай болмақ? Болжап көрелік... Үстемдік заңынан заң үстемдігіне... Біз жаңа жылға емес, жаңа кезеңге аяқ бастық деп айтуға толық хақымыз бар. Өйткені былтыр еліміздегі саяси реформалар тек қауызын ашқан болса, биыл ол күлтесін жаймақ. Демек, жемісін көретін күн де алыс емес деген сөз. 2023 жылдың саяси күн тәртібін өткен 2022 жылдағыдай Президент бастау берген саяси реформалардың векторы айқындамақ. Бұл ең бірінші кезекте ел Конституциясын жаңартуға арналған республикалық референдум қорытындыларының іс жүзіндегі жалғасымен байланысты. Мәселен, жыл басталмай жатып-ақ құрамы анықталған Конституциялық Сот жұмысына кірісіп кетті. «Ескі де болса жаңа» институттың азаматтардың іргелі құқықтарын қорғауда тұғыры берік жаңа инстанция боларына сенім мол. 7 судьядан тұратын орган өзіне жаңа конституциялық мәртебеге ие болған Адам құқы жөніндегі уәкіл мен Бас прокуратураны кіріктіре отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі омбудсмен лауазымына құрылтайшылық ету арқылы жаңа қорғау жүйесін қалыптастырады. Конституциялық Соттың кәдімгі судьялар мен прокурорларға қарағанда басты артықшылығы – қандай да бір заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныса оны дауға сала немесе жоя алатынында. Енді кез келген азамат өзіне Конституциямен кепілдік берілетін құқықтары мен бостандықтарын қорғауы үшін осы органға жүгіне алады. Сондай-ақ Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің де осы органға хабарласуға құқы бар. Бәрін айт та, бірін айт – World Justice Project халықаралық үкіметтік емес ұйымының заң үстемдігі рейтингінде Қазақстан 140 елдің ішінен 2022 жылы 65-орынға, оның алдыңғы жылы 66-орынға орныққан екен. Әйтсе де, бұл тізімде Украина – 76, Өзбекстан – 78, Беларусь – 99, Ресей 107-ші орында тұрғанын, ал Түрікменстан мен Тәжікстан мүлдем жоқ екенін атай кеткен абзал. Ендеше еліміздің осы рейтингтегі орны жоғарылай түседі деген болжам бар. Бәрінен бұрын Жоғарғы Соттың алдында түнейтіндер қатары тиылуы тиіс. Өйткені Қазақстанда үстемдіктің заңы жүрген заман өтті, заң үстемдігінің уақыты туды. Электоралды цикл электронды бола ма? 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен дауыс беру жүйесіне бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енді. Бірмандатты сайлау округтері мен сәйкес сайлау комиссияларын құру процесі басталды. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін енді тұрақты негізде кәсіби түрде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау процедурасының сапасын ғана емес, ашықтығы мен айқындығын да арттыра түсуі тиіс. Ал былтыр күзде басталып, биыл жалғасар электоралды циклдың басы 14 қаңтарға белгіленіп отырған Парламент Сенаты депутаттарын сайлау. Одан соң алғашқы жартыжылдықта Президенттің саяси жүйені рет-ретімен қайта жүктеу жоспарына сәйкес Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуі тиіс. Сондай-ақ биыл пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау өтпек. Ауыл әкімдері корпусын жаңарту жалғаса бермек, яки ауыл, кент және ауылдық округтерді қоса алғанда 350-ден астам әкім тікелей сайланбақ. Бұл сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтитын болады. Осылайша, биылғы жыл электоралды жыл болғалы тұр. Оның мүлдем жаңаша нормалармен және ережелермен өтетінін сеніммен айтуға болады. Тек бұл тұста биыл дауыс беру жүйесіне электронды жүйе еніп үлгермеуі мүмкін деп болжам бар. Өйткені шектен тыс салмақ түссе, жалп етіп сөніп қалатын еліміздің техникалық халі оған мүмкіндік бермек емес. Әйтсе де, бұл мемлекеттік билікті демократияландыруға кедергі келтірмесе керек. Биылғы Сенат сайлауында Президенттің бұрынғыдай 15 емес, 10 депутатты ғана тағайындайтыны, соның айғағы. Оның іс жүзінде қаншалықты нәтиже беретінін болжау әзірге қиын, әрине. Әлеуметтік сала – әлеуетті сала Биыл мемлекеттік әлеуметтік саясатқа жаңа тыныс бітпек. Соның негізгілеріне тоқталып өтсек, көңіл қуантарлық жайт көп. 1 қаңтардан бастап елімізде Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 70 000 теңгеге дейін өсті. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес жалақы төлеуге міндетті болса, бұл республикада меншік нысанынына қарамастан 1,8 млн-ға жуық адамның айлығы өсетінін білдіреді. Бұл, әрине жұбанарлық та цифр емес. Өйткені еңбекке қабілетті халықтың 6 пайызы 70 мың теңгеге күн көріп отыр деген сөз, жұмыссыздармен қосқанда кедейлік қамытын кигендер қатары әлі де көп екенін білдірсе керек. Сондай-ақ 2023 жылы өңірлерде шағын несие беруді жеңілдету есебінен ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы қарқынды жүзеге асырыла бастамақ. Бес жылда 1 трлн теңге бағытталуы тиіс құжатта 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамту жоспарда тұр. Жоба жеке үй шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту арқылы мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Экономикалық жағынан құжаттың нәтижелілігі қаншалықты болатынын болжау қиын. Бірақ «Жеке тұлғаның банкроттығы туралы» заңмен қатар қабылданып отырған жобада жеңілдіктен бұрын ауыл халқының іскерлігі мен қаржылай сауаттылығы да ескерілгені абзал. Биыл зейнетақы мен жәрдемақыда да көбеюде. Жыл басынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға артты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін, яки 158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін өсірілді. Ал базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейін 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті. Нәтижесінде, зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті, бұл ретте зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті. Жұмыс істейтіндермен қатар, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленетін бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері артты. Мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері АЕК мөлшеріне өсті. Осылайша, 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы мөлшері артады деп күтілуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған. Жаңашылдықтардың бірі ретінде «Отбасының цифрлық картасын», «Цифрлық нотариат» жобасын айтуға болады. Әлеуметтік кодекс аясында жазда енгізілгелі жатқан бұл жобалар азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден қорғай отыра адами капитал мен отбасы институтын дамытатын болады. Болжам болжамымен, биыл әйтеуір әлеуметтік сала әлеуетті салаға айналатыны анық. Ілгері қадамды инфляция кейін тартпаса игі... Қазақстанды жоғары инфляция мен ұлттық валютаның құлдырауы күтіп тұр. Биылғы болжамның ең үлкені осы. Осының бәрін бағалаған Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі (АКРА) Қазақстан Үкіметінің шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақмерзімді кредит рейтингін ВВВ+ деңгейінде нақтылап отыр. Рейтинг болжамы – «Тұрақты». Мұндай бағаға халықтың әл-ауқатының салыстырмалы түрде жоғары екені, мемлекеттік қарыз деңгейінің төмендігі, Ұлттық қор түріндегі «қауіпсіздік жастығының» болуы, халықаралық резервінің жеткіліктігі себеп болып отыр. Одан бөлек, мұнай бағасы жоғары болуы және салық көп жиналуы мүмкін деген де болжам ескерілген. Осы реттен келгенде АКРА мемлекеттік бюджеттің тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5–2,6%-ын құрайды деген пікірде. Естеріңізде болса, биыл инфляция соңғы 20 жылда бірінші рет ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, 20,3%-ды құраған болатын. Соның ішінде азық-түлік қымбатшылығы 25,3%-ды құрады. Азық-түлік емес тауарлар бағасы 19,4%-ға, ақылы қызметтер құны 14,1%-ға артты. Ал үшінші тоқсандағы мәлімет бойынша еліміздегі кедейлік деңгейі 5,3%-ға дейін өскен екен. Ендігі жерде бұл көрсеткіштер жарты жыл бойы сақталып қалуы ғажап емес. Өйткені экономикамыз импортқа қатты тәуелді болып отыр. Ал қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Ұлттық банктің өзі инфляция бірінші тоқсанда шарықтау шегіне жетуі мүмкін, ал келер жылы 11-13% болады деп болжаған еді. Осы ретте мұнай бағасы төмен болса, ұлттық валютаның да құлдырап кетуін жоққа шығаруға болмайды. Қалай болғанда да, мұның барлығы болжам. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, саяси-әлеуметтік бастамалардың экономикалық көрсеткіштер аясында орынсыздау болып көрінуі ықтимал. Бірақ уақыт талабы солай – қол қусырып отыруға болмайды. Біз «кіші азаттыққа» қол жеткіздік деуге болады. Олигархатты тағынан тайдара алдық. Қазіргі экономикалық күрделі жағдайда негізінен осы олигополияның кінәсі басым. Әйтсе де, еліміздегі ғана емес, геосаяси конъюктурадағы толқынысты кезеңнің саябырсығанын ескерсек, Қазақстанның қазір «қиын да болса оңтайлы» жағдайда екенін аңғару қиын емес. Қоян жылының қазақ ұлты тарихында межелі сипатқа ие екені белгілі. Осы жылмен байланысты талай қиындық болған. Одан аман-есен шығып, ел болып сақталып қалғанбыз да. Бұл қиындықтардан да шығуға болатынына көз жетіп отыр. Ендеше «бір жылға қоянның терісі де шыдайды», сындарлы кезеңде ауызбірлік пен мүдделестік танытып, шыдайық, ағайын!