Ет дегенде бет қызарады...
Ет дегенде бет қызарады...
© коллаж: Әсел Балтақызы
Жасыратыны жоқ, Қазақстанда ауыл шаруашылығының ша­руасы сол баяғыдай шатқаяқтап тұр. Мысалға ет өндірісін алсақ: министрліктің төл дерегінше, бес жыл бұрын, сонау 2018 жылы барлық ет түрінің экспорты 33,2 мың тоннаны құрап, одан 78,7 млн доллар табыс түсіпті. Өткен жылдың толық қорытындысы шыққан жоқ, дегенмен, АШМ мәліметінше, 2022 жылдың қыркүйегіне қарай Қазақстан шетелге 29,7 мың тонна ет өткізіпті. Яғни, жыл аяғындағы айлардың көрсеткіштері қосылғанның өзінде, соңғы бес жылда ет экспорты айтарлықтай артпаған. Ал бес жыл бұрын Үкімет алдына 2020 жылы ет экспортын 180 мың тоннаға жеткізу міндетін қойғаны есте. Сала неге кері кетті? Бес жыл бұрынғы шың биіктеп барады Мәселенің мәнісіне бойламас бұрын цифрларды айқындап алсақ. Ресми ақпаратқа жүгінсек, 2018 жылы барлық санаттағы шаруа қожалықтарында мал мен құс бойынша ет өндірісі 1 млн 59,4 мың тоннаны құрады. Соның ішінде 477,4 мың тонна сиыр еті, 192 мың тонна құс еті дайындалған. Ал 2022 жылдың 10 айының қорытындысында барлық фермер мал мен құс бойынша 948,5 мың тонна ет өндірді. Былтырғы жыл басынан бері 400,1 мың тонна сиыр еті, 113,7 мың тонна қой еті, шамамен 61,2 мың тонна шошқа еті өндіріліпті. Ең үлкен өсім – 4,8% жылқы етіне қатысты: 114,1 мың тоннасы жасалды. 239,6 мың тонна құс еті өндірілген (2021 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда өсім – 2,9%). 2018 жылы барлық ет түрлерінің экспорты 33,2 мың тоннаға жетті. Соның ішінде сиыр еті – 19,9 мың тон­на. 2017 жылдан бастап қой етін шетелге сату мәселелері шешіліп, 2018 жылы оның көлемі 3,8 мың тоннаға жеткен. Ал енді 2022 жылдың қыркүйегінде ет экспорты 29,7 мың тонна ғана болды. Экспорттың басым бөлігі сиыр етіне тиесілі – 13,5 мың тонна. Мұның сыр­тында былтыр шетелге 6,7 мың тонна қой еті мен 9,5 мың тонна құс еті жөнелтіліпті. Ендеше Үкімет 2020 жылы жетуі тиіс болған 180 мың тонна экспорт межесі сағымдай қол жеткізетін емес. Сорақысы сол, Қазақстан 2022 жылғы қыркүйекке дейін алыс және жақын шетелдерден барлық түрдегі 110 мың тонна етті тасып жеді. Импорттың басым бөлігі құс етіне тиесілі: елге шамамен 97,5 мың тоннасы әкелінді. Бұл импорт алда артуы мүмкін. Мы­салы, қазақстандық McDonald’s өз мейрамханаларына арналған етті шетел­ден әкелетінін жеткізді. McDonald’s-тың Қазақстандағы өкілі саналатын Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машановтың айтуынша, компания отандық етті де пайдалануға мүдделі. Бірақ олар, мысалы, құс фабрикалары ет жеткізуі үшін халықаралық стан­дарттарға сәйкес келуі шарт. Бұл олардан қосымша шығынды талап етеді: ха­лықаралық аудиттен, сертификаттаудан және басқа сынақтардан өтеді, ескірген өндірістік желілерін жаңартулары қажет. Құс фабрикалары бір ғана мейрам­ха­наның желілеріне өнім жеткізу мүмкін­дігі үшін сонша шығындалғысы кел­мейді, тиімсіз санайды. Сондықтан Food Solutions KZ Біріккен араб әмірлік­те­рінен қатырылған ет, Даниядан құс етін импорттап, жұмысын тезірек жандан­дыруға тырысып жатқан көрінеді. Қазақтың бұқасы жатты байытты Осылайша, Қазақстан жаһандық на­рыққа 180 мың тонна ет өткізіп, та­бысқа кенелу орнына, шетелден 110 мың тоннадан астам етті арбалауға мәжбүр. Бұлай кері кетудің себебі неде? Мамандардың айтуынша, Қазақ­станда заманауи алып ет комбинаттары жоқ, тек мал бордақылап, сою кешен­дері ғана бар. Олар бір-бірімен бақ­таласып, әрқайсысы жеке қимылдайды. Егер ет комбинаттары болғанда, олар­дың ай­наласында мал өсіріп, бор­дақылай­тын, оны соятын және комби­натқа нақты кестемен, жоспарлы, тұ­рақты тапсы­ра­тын фермалардан, түрлі кешендерден құ­ралған тұтас экожүйе қалыптасатын еді.
«Оның орнына елде екі сатыдан ғана тұратын мал шаруашылығы дамыды. Біріншісінде ұсақ фермерлер немесе қорада мал ұстайтын ауылдықтар өз бетінше төрт-түлікті өсіреді. Үкімет, Ауыл шаруашылығы министрлігі оларды тіпті ауыл шаруашылығы коопера­тивтеріне біріктіре алмады. Екінші са­тыда бордақылау кешендері тұр. Ара­сында 5 мың сиырға дейін өсіретін ірілері бар. Бірақ олардың көбі шетелге экспортқа бағдарланған, отандық өңдеу кәсіпорындарымен көп істес бола бер­мейді. Кейбірі кешен ретінде мем­ле­кеттен мол субсидия алғанымен, шы­нында мал өсірмейді, оны ауылдық­тардан сатып алып, союмен ғана ай­налысады. Бұған қоса, елде ет өндірісі мен экспортының көлеңкелі, сұр схе­малары дамыған. Мемлекетке аз салық төлеу үшін шын мәнінде қанша ет өндіргенін жасырады», – дейді ауыл кәсіпкері, техника ғылымдарының кандидаты Оспан Маралбай.
Тағы бір проблема бар: субсидия­ланған, яғни ел бюджетінен бөлінген қаражатқа өсірілген малдар шетелге сатылады. Eldala ауыл шаруашылығына маманданған порталының басшысы Сергей Буяновтың айтуынша, малдың көбі тіпті сойылмай, тірі күйінде не­гізінен, көрші Өзбекстанға сатылады.
«Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің бірі айтып еді: «Зама­науи ет комбинаттарында со­йылған бұқадан тек соңғы күрсінісі ғана қалады» деп. Басқасының бәрі – еті, қаны, ішкі ағзалары, терісі, сүйегі, мүйізі мен тұя­ғына дейін пайда­ла­нылады, олардың бәрі өңделіп, түрлі өнім жасалады. Қа­зақстан болса, бір бұқаны жатжұртқа тірідей сату арқылы әрі кетсе, 1 мың дол­лар табыс таба ала­ды. Бұл – етінің бағасы. Ірі қараның, қойдың және өзге малдың бойында бар басқа игіліктің бә­рі сатып алушыға тегін тиеді. Мысалы, өзбек кәсіпкері бізден алған жануарды өз бетінше сойған соң оның етін ғана жаратып қоймай, басқа субөнімдерін өңдеу ар­қылы қосымша 120 доллар, терісінен тағы 20 доллар табыс табады. Егер сү­йегін ұнға тартқызса, мүйізі мен тұяқ­тарын кәдесый жасайтындарға өткіз­се, табыстылығы 15%-ға арта тү­седі. Бізде бауыздағаннан кейін сыртқа төгіле салатын қаннан да түрлі өнім алынады», – деді ол.
Егер өзбек ағайын қазақтан алған бұқашығын ары қарай жемдеп, дәу өгізге айналдырса, табысы да еселеп өсіп шыға келеді. Жалпы, Өзбекстан, Ресей, Қытай, араб елдері, тіпті Моң­ғолия Қазақстаннан етті емес, тірі малды сатып алуға құштарланып отыр. Қа­зақстан малды сыртқа тірілей сатуға бір жыл мораторий қойып, тыйым салып келді. Алайда жаңа жылдан бастап, шетелге тірі мал өткізуге қайтадан рұқ­сат етілді. Тек квота белгіленді: бір жыл­да 60 мың бұқа мен 120 қойды тірі сатуға жол ашылды.
«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын Қа­зақстан аумағынан әкетудің жаңа ережелері іске қосылды. Ауыл шаруашы­лығы министрінің 2022 жылғы 19 жел­тоқсандағы №428 бұйрығына сәйкес 2023 жылдың 1 наурызына дейін сандық шектеулер (квота) енгізілді: 60 000 бас бұқашықты, 120 000 бас еркек тоқтыны Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге рұқсат. Қазақстан аума­ғынан 12 айдан асқан бұқашықтарды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимит жиынтық мөл­шерде 500 бастан, ал бір тауар өндіруші үшін – 200 бастан аспайды. 6 айдан асқан еркек тоқтыларды экспорттауға квота алу үшін әрбір бордақылау ала­ңына арналған лимит 1000, бір тауар өндіруші үшін – 500 бастан аспайды», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Яғни, жалпы алғанда, 180 мың мал тірілей шетел асса, оның еті де, өзге шикізаты да өңделмейді, олардан қо­сылған құн салығы жоғары өнім шыға­рылмайды. Осылайша, Қазақстан тек мұнай, газ, метал бойынша ғана емес, ет, астық сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша шикізаттық ел болып қала бермек. Ет өндірісі де, ет экспорты да соңғы онжылдықта артпағанымен, оған бюд­жеттік шығыстар еселеп өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы мемлекет мал және құс шаруашылығын субсидиялауға 71 млрд теңге бөліпті. Ал 2022 жылы мал өсірушілерге берілген мемлекеттік суб­сидиялар көлемі 124 миллиард теңгеден асып кетті. Шығын артқанымен, Қа­зақстан етпен шетелді қарық қылмақ түгіл, өз халқын жарыта алмай отыр. Ел қаржысынан мал шаруашылығына жұмсалған миллиардтар тасқынының еселеп ұлғайғанына қарамастан, қа­зақтың жеңсік асы арзандау орнына, халыққа қолжетімсіз болып бара жат­қаны қынжылтады. Ендеше мал шаруашылығын да­мытуға қатысты тәсілдемелерді де, субсидиялау шарттарын да, қажет болса, басшыларын да өзгертетін кез жеткенге ұқсайды.