«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін заңдар жетілдіріліп, тәртіп үнемі насихатталып келеді. Сонымен қатар бұқараның сот жүйесіне сенімін нығайтудың да өзектілігі арта түсті. Демек, сот төрелігі де жетілуі қажет деген сөз. Біз осы мәселе төңірегінде Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Михайлович Малаховпен сұхбаттастық. Әңгіме барысында судьяларды даярлау, сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесі туралы да әңгіме өрбіттік.
– Кейінгі жылдары Қазақстанның сот жүйесінде жүйелі өзгерістер болып жатыр.. Бұл үдерісте судья кадрларын даярлау қандай орын алады?
– Сот төрелігінің сапасы азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер қабылдайтын судьяның кәсіби деңгейімен тікелей байланысты.
Осыған орай судья кадрларын даярлау тек кадрлық мәселе ғана емес, сонымен қатар сот жүйесін дамытудың стратегиялық бағыты болып табылады.
Қазіргі заманғы судья құқық саласында терең білімге, аналитикалық ойлау қабілетіне, күрделі дәлелдемелермен жұмыс істеу дағдыларына, істің мән-жайларын жан-жақты бағалай білу қабілетіне ие болуы және сот актілерін тиісті деңгейде құрастыра білуге тиіс. Сондай-ақ сот процесінің мәдениеті, кәсіби коммуникация дағдылары, адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды білу және судья әдебінің жоғары талаптарын сақтау да аса маңызды мәнге ие.
Осыған байланысты судьяның кәсіби қалыптасуы судья лауазымына кандидаттарды даярлау кезеңінен басталып, оның бүкіл кәсіби қызметі барысында жалғасуға тиіс.
– Бұл тәсіл Сот төрелігі академиясын Жоғары Сот Кеңесінің қарауына бергеннен кейін одан әрі дамытылды. Бұл шешімнің маңызы қандай болды?
– Сот төрелігі академиясын 2024 жылғы 15 шілдеде Жоғары Сот Кеңесінің қарауына беру маңызды институционалдық шешім болды.
Оның негізгі мақсаты – судья лауазымына кандидаттарды даярлау мен кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру міндеттері арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ету.
Білім беру және кадрлық құрамдас бөліктері бұрын едәуір дәрежеде дербес жүзеге асырылып келді. Қазіргі уақытта олар судья кадрларын кәсіби даярлау мен дамытудың бірыңғай жүйесіне дәйекті түрде біріктірілуде.
Кеңес судьялар корпусын қалыптастыру саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асырады, ал Сот төрелігі академиясы оның кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Мұндай өзара іс-қимыл судьяның құзыреттеріне қойылатын өзекті талаптарды ескеруге, құқық қолдану практикасындағы проблемалық мәселелерді талдауға және соған сәйкес білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Академия судья кадрларын даярлау және кәсіби дамыту жүйесінің аса маңызды институты ретінде қарастырылады.
– Сот төрелігі академиясында сот білімін алудың ерекшеліктері неде?
– Сот төрелігі академиясының білім беру бағдарламаларының ерекшелігі – білімді практикалық тұрғыда қолдануға бағытталған кешенді кәсіби даярлықта.
Судья заңнаманы біліп қана қоймай, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолдана білуге, құқықтық ұстанымдарды талдауға және уәжді сот шешімдерін қабылдауға тиіс.
Академияның білім беру процесінде сот істерінің кейстерін талдау, сот отырыстарын модельдеу, сот актілерінің жобаларын әзірлеу, пікірталастар, рөлдік сабақтар, сондай-ақ ғалымдар мен практикалық судьялардың қатысуымен бинарлық сабақтар өткізу әдістері қолданылады.
«Судья судьяны оқытады» қағидатының маңызы ерекше. Қолданыстағы судьялардың практикалық тәжірибесі кәсіби даярлықтың маңызды элементі болып табылады. Нақты сот жағдайлары мен құқықтық мәселелерді шешу тәсілдерін талқылау кандидаттардың сот қызметін жүзеге асыруға қажетті дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру процесіне Жоғарғы Соттың, кассациялық және жергілікті соттардың судьялары, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері белсенді түрде тартылады.
– Мұндай тәсіл болашақ судьяны даярлау үшін қандай маңызға ие?
– Практикаға бағдарланған даярлық Академияда білім алушыға сот қызметінің мазмұны мен жауапкершілігі туралы нақты түсінік алуға мүмкіндік береді.
Сот шешімі процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді, оның ішінде мүліктік, отбасылық, еңбек және кәсіпкерлік қатынастарға қатысты мәселелерді, ал жекелеген жағдайларда адамның бостандығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді де қамтиды.
Сондықтан судьядан тек кәсіби құзыреттілік қана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі жауапкершілік, объективтілік, бейтараптық және судья әдебі талаптарын сақтау талап етіледі.
Академияның міндеті – түлектің қажетті білім мен дағдыларды меңгеруін, сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарын және судьяның кәсіби қызметіне қойылатын талаптарды түсінуін қамтамасыз ету.
Кәсіби құзыреттілік, тәуелсіздік, бейтараптық және жауапкершіліктің үйлесуі сот төрелігін тиісінше жүзеге асырудың және сот жүйесіне деген сенімді нығайтудың қажетті шарты болып табылады.
– Судья лауазымына кандидаттарды даярлауда Жоғары Сот Кеңесі қандай рөл атқарады?
– Жоғары Сот Кеңесі уәкілетті орган ретінде судьялыққа кандидаттарды даярлау жөніндегі Академияның ұйымдастырушылық қызметіне тікелей қатысады.
Мәселен, Кеңес үлгілік оқу жоспарларын бекітуді, Академияның ғылыми-білім беру қызметі саласындағы базалық нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды, магистрлік жобалардың тақырыптарын қалыптастыруды, Академияны дамыту тұжырымдамасының іске асырылуына мониторинг жүргізуді және білім беру бағдарламаларын аттестаттауды жүзеге асырады.
Кеңес сондай-ақ Академияда құрылатын қабылдау, мемлекеттік аттестаттау, біліктілік және басқа да комиссиялардың жұмысына қатысады.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері Академияда сабақтар өткізеді, магис-
транттармен кездеседі, судья лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарды түсіндіреді, кәсіби іріктеу мәселелерін қарастырады, сондай-ақ конкурстық рәсімдер барысында анықталатын типтік кемшіліктер мен қателерге назар аударады.
Мұндай өзара іс-қимыл білім беру даярлығы мен судьялар корпусын қалыптастыру практикасының өзара байланысын қамтамасыз етеді.
– Судья лауазымына біліктілік емтиханына дайындық құралдарының бірі референдариат институты болды. Ол кандидаттарға қандай мүмкіндіктер береді?
– Референдиат – судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыруға кандидаттарды даярлаудың жаңа қосымша құралы. Ол Академияда 2025 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді.
Кандидаттардың теориялық және практикалық даярлық деңгейін арттыру сот ісін жүргізудің негізгі нысандарын қамтитын қарқынды курстар арқылы жүзеге асырылады.
Бұл ретте даярлық заңнаманы зерделеу және қайталаумен ғана шектелмейді. Негізгі назар құқықтық талдау және заңдық дәлелдеу бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыруға аударылады.

Өткен кезеңде референдиаттың бірнеше легі өткізілді, оған түрлі заң мамандығының өкілдері, соның ішінде адвокаттар, прокурорлар, нотариустар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және басқа да мамандар қатысты.
Референдиат кандидаттарға біліктілік емтиханына жүйелі түрде дайындалуға және судьяның кәсіби қызметіне қойылатын талаптар туралы түсінік алуға мүмкіндік береді.
– Судьяны даярлау оны тағайындаумен аяқталмайды. Қолданыстағы судьялардың біліктілігін арттыру жүйесі қалай дамып келеді?
– Жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін арттыру Кеңес пен Академия үшін басым бағыттардың бірі болып саналады.
Заңнаманың тұрақты дамуы, сот дауларының жаңа санаттарының пайда болуы, экономикалық қатынастардың өзгеруі және цифрлық технологиялардың енгізілуі судьялардың кәсіби білімі мен дағдыларын үнемі жаңартып отыруды талап етеді.
2025 жылы Сот төрелігі академиясы біліктілікті арттырудың негізінен жалпылама бағдарламаларынан дараландырылған тәсілге кезең-кезеңімен көшуді бастады.
Жаңа формат судьялардың кәсіби қажеттіліктерін және нақты мәселелерді тереңдете зерделеу қажеттілігін ескере отырып, білім беру курстарының мазмұнын қалыптастыруды көздейді. Сабақтарды өткізуге бейінді жоғары білікті мамандар тартылады.
Оқытуды дараландыру бағдарламаларды судьялардың нақты кәсіби қажеттіліктеріне және біліміндегі анықталған олқылықтардың орнын толтыруға бағыттауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта судьялардың біліктілігін арттыруда дараландырылған тәсілді одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыс жалғастырылатын болады.
– Бұл жүйеде сот ғылымы қандай рөл атқарады?
– Сот ғылымы – қазіргі заманғы сот жүйесін дамытудың қажетті құрамдас бөлігі. Ғылыми зерттеулер құқық қолдану саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға, заңнама мен сот практикасындағы қайшылықтарды талдауға, оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге және құқықтық реттеудің одан әрі даму перспективаларын болжауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Сот төрелігі академиясын ғылыми-білім беру орталығы ретінде дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады.
2025 жылы Академия алғаш рет «Құқық» бағыты бойынша докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыруға мемлекеттік лицензия алды, сондай-ақ алғаш рет ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтті.
Бұл ғылыми мектепті дамытуға, ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлауға, сондай-ақ сот төрелігінің өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуге қажетті жағдайлар жасайды.
Бұл ретте ғылыми зерттеулердің практикалық бағыттылығы және олардың сот қызметінің өзекті мәселелерімен байланысы қағидаттық маңызға ие.
– Судьяларды даярлауда халықаралық тәжірибенің маңызы қаншалықты?
– Халықаралық тәжірибенің маңызы зор, алайда оны қолдану ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Қазақстанның өзіндік құқықтық жүйесі, заңнамалық дәстүрлері және сот практикасы бар. Сонымен қатар қазіргі заманғы сот төрелігінің дамуы халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасу жағдайында жүзеге асырылуда.
Сондықтан басқа мемлекеттерде қолданылатын сот білім беру, құқық қолдану және адам құқықтарын қорғау стандарттарын қамтамасыз ету саласындағы заманауи тәсілдерді зерделеп, кейін оларды ұлттық жағдайларды ескере отырып қолдану мүмкіндігін бағалау қажет.
Кеңестің басшылығымен Академия шетелдік білім беру және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты дамытып келеді. Бұл ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты, бірлескен ғылыми және білім беру іс-шараларын өткізуді, зерттеу жобаларын іске асыруды және шетелдік сарапшыларды тартуды қамтиды.
Орталық Азия және түркі әлемі мемлекеттерімен өзара іс-қимылдың маңызы ерекше. Бұл елдермен Қазақстанды ортақ тарихи-мәдени байланыстар және құқықтық институттарды дамыту саласындағы ұқсас міндеттер байланыстырады.
– Биыл сәуір айында Академия Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп, судьялардың үздіксіз білім алуына арналған халықаралық конференция өткізді. Бұл бағыт неліктен ерекше маңызға ие болып отыр?
– Үздіксіз кәсіби білім беру судьяның кәсіби құзыреттілігінің тиісті деңгейін сақтаудың қажетті шарты болып табылады.
Қазіргі заманғы сот қызметі заңнаманың үнемі өзгеруі, цифрлық технологиялардың дамуы, құқықтық қатынастардың жаңа түрлерінің пайда болуы және сот дауларының күрделене түсуі жағдайында жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда кәсіби даярлықтың бастапқы кезеңінде алынған білім мен дағдыларды үнемі жаңартып отыру қажет.
Сондықтан судьялардың үздіксіз білім алу мәселелері сот жүйесін дамыту үшін қағидаттық маңызға ие.
Сот төрелігі академиясының он жылдығына және ХХІ ғасырдағы судьялардың үздіксіз білім алу мәселелеріне арналған халықаралық конференция сот білім берудің қазіргі заманғы үрдістері мен оны дамытудың перспективаларын талқылауға арналған алаң болды.
Негізгі назар сот қызметіне қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, судьялардың кәсіби даярлығын одан әрі жетілдіру және олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне аударылды.
– Сіздің ойыңызша, болашақтың судьясы қандай болуға тиіс?
– Болашақтың судьясы жоғары кәсіби құзыреттілік деңгейіне ие, тәуелсіз, объективті және бейтарап болуға тиіс.
Ол құқық нормалары мен істің нақты мән-жайларын өз бетінше талдай білуі, дәлелдемелерді бағалауы, негізді шешімдер қабылдауы және олардың уәждерін анық әрі түсінікті түрде баяндауға тиіс.
Бұл ретте судьяның тәуелсіздігі қабылдайтын шешімдері үшін кәсіби және жеке жауапкершіліктің жоғары деңгейін білдіреді.
Қазіргі судьяның маңызды сипаттамасы – үнемі кәсіби дамуға дайын болу. Заңнаманы өзгерту, құқықтық ғылым мен сот практикасын дамыту білімді жүйелі түрде жаңартуды және кәсіби дағдыларды жетілдіруді талап етеді.
Осыған байланысты Академия тек алғашқы дайындық институты ғана емес, сонымен қатар судьялар қауымдастығы үшін тұрақты кәсіби орта ретінде де қызмет етуі керек.
– Академияның Жоғары Сот Кеңесі жүйесінде жұмыс істеген алғашқы екі жылының нәтижесі бойынша қандай негізгі қорытынды жасауға болады?
– Негізгі қорытынды – сот төрелігінің сапасы судьяларды кәсіби даярлау сапасымен тікелей байланысты.
Қазіргі уақытта магистратура және референдиат шеңберінде судья лауазымына кандидаттарды даярлауды, қазіргі судьялардың біліктілігін арттыруды, ғылыми қызметті, халықаралық ынтымақтастықты және білім беру инфрақұрылымын дамытуды қамтитын судья кадрларын кәсіби дамытудың тұтас жүйесі қалыптастырылуда.
Осы бағыттардың барлығы ортақ міндетпен – кәсіби, тәуелсіз және жауапты судьялар корпусын қалыптастырумен біріктірілген.
Жоғары Сот Кеңесі үшін бұл – жүйелі және ұзақмерзімді міндет. Оның нәтижесі сот төрелігін жүзеге асыру сапасына тікелей әсер етеді.
Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімі, ең алдымен, белгілі бір сот қызметінің нәтижелері – қабылданған шешімдердің заңдылығы, негізділігі мен әділдігі, сондай-ақ процеске қатысушылар үшін олардың уәждерінің түсінігі арқылы қалыптасады.
Осыған байланысты судьяларды даярлау және кәсіби жетілдіру жүйесін дамыту сот төрелігінің сапасын арттырудың, заң үстемдігі қағидатын нығайтудың және Қазақстанда құқықтық мемлекеттің одан әрі дамуының негізгі факторларының бірі болып саналады.
Сұхбаттасқан
Ардақ СҰЛТАН
