Қазіргі таңда Қытайда жағдай тұрақталып жатыр. 22 ақпанда аурудың өсу деңгейі 24 пайыз болса, өткен тәулікте 21 пайыз болды. Бұл туралы Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, - деп хабарлады 24.kz. «Бұны қуанышты ақпарат деп айтуға болады. Өйткені біздің ең бірінші назарымыз Қытай Халық Республикасында болып отыр», - деді ол. Дегенмен коронавирус инфекциясы өршіп тұрған басқа да елдердің алаңдататын айтып өтті. «Оңтүстік Кореяда екі күннің ішінде ауру деңгейі 2-орынға жетті. Бұл ауру көбінесе Корея Республикасының 2 провинциясында тіркеліп жатыр. Осындай нәтижелер бізді алаңдатады. Неге десеңіз, Оңтүстік Кореямен көптеген қарым-қатынас орнатамыз. Ол жақта біздің 23 мың азаматымыз бар. Одан бөлек заңсыз миграция да бар», - деді Ж.Бекшин. Сонымен қатар Италиядағы жағдайға да тоқталды. Бұл елде ресми ақпараттар бойынша, 144 жағдай тіркелген. Одан кейін карантинде болған лайнернердегі жағдайларды санамағанда 132 адам коронавирус жұқтырған Жапонияны атады. «Бізді тағы да алаңдататтын елдер бар. Оның ішінде Сингапур – 89 жағдай, Иран – 43 жағдай, Таиланд – 35, Малайзия – 22, Вьетнам – 16 жағдай. Қазақстандықтарға мәлімдеме жасағым келеді, осы аталған елдерге баруды жоспарламаған жөн. Жағдай күннен күнге өзгеруде. Оңтүстік Кореяны алсақ, 2 күннің ішінде бұл ел екінші орынға шығып кетті. Осы аталған елдерге барған кезде ондағы жағдай қиындап кетуі мүмкін. Соны ескеріп, осы елдерге бармаған жөн. Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Сингапур, Иран, Малайзия, Австралия елдеріне саяхатты, басқа да сапарларды жоспарлаудың қажеті жоқ. Неге десеңіз Жапониядағы лайнердегі секілді жағдайға ұшырау қаупі бар», - деді ол. Сонымен қатар өз сөзінде қазақстандықтардың көбінесе Оңтүстік Кореяға емделуге баратынын тілге тиек етті. «Елімізде жағдай тұрақты. Өткен аптада Қытайдың шекарасын аралап, барлық өткелдерін қарап шықтым. Автомобиль, теміржол өткелдері қаралды. Ол жерлерде бақылау жасалып жатыр. Санитарлық дәрігерлер мен эпидемиологтарды тағы қостық. Сондықтан күнделікті тәулік бойы шекарамыз тексеруде тұр. Жаңа атап өткен елдерді бақылауға алдық. Өйткені олар басқа да елдерге таралып жатыр. Басқа елдерден де адамдардың келуіне шектеу қою жағын қарастырып отырмыз. Барлық ұшақтар бақылауда», - деді бас санитарлық дәрігер.